BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Семейде мидың қатерлі ісігіне күрделі ота жасалды

Фото: bmcudp.kz

7 маусымда Семей қаласының Мемлекеттік медицина университетінің госпиталінде инновациялық әдіспен тағы бір сәтті ота жасалды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

49 жастағы азаматша, госпитальге бассүйек-ми жарақаты күдігімен түскен. Анықталғандай, ол естен танып құлаған көрінеді. Алайда компьютерлік томограф бас миының сол жақ самай бөлігінде көлемді ісіктің бар екенін анықтапты. Науқастың жиі естен тануына да сол себеп болған. Осыған байланысты екі кезеңді ота жүргізу шешімі қабылданды. Алғашқысында бастың күре тамырларына эмболизациялау амалдарын қолданды. Шиыршық тәсілімен ісіктің ұлғаюына себепкер түтікшелер жабылып, қан айналымы уақытша тоқтатылды. Бұл екінші отаны жасауда қанды жоғалтуға жол бермеді.

Осы әдістің өңірімізде енгізілгеніне көп уақыт болған жоқ. Әйтсе де мамандар оның нәтижелері жаман емес екенін айтады. Бірінші операция Университет госпиталінің рентгенэндоваскулярлық зертханасында жүргізілді. Ол жоғары санаттағы нейрохирург дәрігер Төлеуғали Қойшыбаевтың жетекшілігімен өтті.

Соңғы кезеңде халаттылар навигациялық жүйенің көмегімен қатерлік ісікті алып тастады. Оның ошағы қан тамырлары орналасқан мидың айналасында болған-ды. Навигациялық жүйе — ми қан тамырларына зақым келтірмеуге септігін тигізді.

Осылайша науқас неврологиялық тапшылықтан аман қалыпты. Аталмыш жүйе көптеген мүмкіндіктер береді. Мәселен осы арқылы рентген суреттерінен сырқат ошағының 3D моделі жобаланады екен. Отаны тиімді жүргізуде мұның пайдасы мол. Екінші операцияны білікті маман, жоғары санатттағы нейрохирург дәрігер Алтай Культуманов жасағанын айта кету керек.

«Қазір азаматша есін жиып, жағдайы қалыпқа келеді», — деп атап өтті ақ халаттылар. Енді ол оңалту кезеңінен өтіп, нейрохирургтердің бақылауында болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер