BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 341.18 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.97 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.34
Астана:

«Сақтансаң, сақтармын!» БАҚ өкілдеріне арналған семинар-тренинг өтті

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Бүгін Астана қаласында «Астана» Оқу-клиникалық орталығы «Дәрігерге дейінгі алғашқы көмек дағдылары» тақырыбында БАҚ өкілдеріне шеберлік-дәріс өткізді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Сақтансаң, сақтармын!» ұранымен жүргізілген дәріс барысында жол-көлік оқиғасы немесе өзге де шұғыл жағдайларда алғашқы көмек көрсету (қан кету мен жарақат жағдайында), жүрек талмасы кезінде жүрек-өкпе реанимациясын жасау әдісі көрсетілді.

Барлық манипуляция арнайы симуляциялық манекенде жасалып, дәрісті халықаралық стандарттарға сәйкес білікті мамандар жүргізді.

«Апат айтып келмейді» дегендей, біздің айналамызда күнде түрлі қауіпке толы жағдайлар орын алып жатады. Жер шарында жыл сайын миллионнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның 80 пайызы куәгерлердің көз алдында өтеді екен. Міне, осындайда, азамат ретіндегі борышымызды адал орындап, алғашқы көмекті дер кезінде қалай көрсету керектігін білу парызымыз" - дейді "Астана" Оқу-клиникалық орталықтың Бас директоры Райхан Мусина.

Орталықтың іскер мамандары аз уақыттың ішінде көп жайды баяндап, құлаққа сіңірді. Жүрек талмасы ұстаған жағдайда, түрлі жарақат алған кезде, дем жетпей талып қалғанда қандай көмек түрлерін көрсетуді практикалық тұрғыда ұсынды. Сасқалақтық пен абыржуға бой ұрмай, салқынқандылық танытып, дер кезінде дұрыс көмек көрсете алу өзіңнің де, өзгенің де өмірін сақтап қалудың алдыңғы шарттары.

"Құрылғанына 10 жылдан астам уақыт болған Орталық осы аралықта 30 мыңнан астам азаматты оқытты. Оның ішінде Ірі ұлттық компаниялардың, түрлі мекемелердің қызметкерлері, тау-кен өндірісінің жұмысшылары жыл сайын білімін шыңдап кетеді. Эйр Астана, Bekair және тағы басқа отандық әуетасымалдаушылары да біздің тұрақты тұтынушыларымыз" - дейді Райхан Мусина.

Естеріңізге сала кетсек, елімізде жылына жол-көлік апаты салдарынан 3000-ға жуық адам көз жұмады. Егер де қайғылы жағдай орын алған тұста қан кетуді тоқтатып, жүрек-өкпе реанимациясын жасап, зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсетілсе, бұл көрсеткіш едәуір азаяр еді. Сонымен қатар, соңғы жылдары мектеп қабырғасынан бастап, өзге де қоғамдық орындарда жүрек талмасына шалдығып көз жұматын қазақстандықтардың саны артып келе жатқанын ескерсек, алғашқы көмек дағдыларын меңгеру әрбір отандасымыз үшін қажет екенін ұғамыз.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер