BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 356.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.42
Астана:

Қазақ әйелдері арасында сүт безі обыры өршіп тұр – онколог Эксклюзив

Қазір еліміз бойынша 36 мыңға жуық адам қатерлі ісік дертіне шалдыққан. Осыдан бес жыл бұрын 27 мың болған, яғни жыл санап өсіп келеді. Бұл жайында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбаты барысында айтты.

- Диляра Радикқызы, орталықта атқарылып жатқан маңызды істер жайында айта отырсаңыз?

- Биыл үкімет онкологиялық ауруға қарсы 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар бекіткен болатын. Онда Елбасымыз айтқанадай профилактика мен ерте диагностика жасау жұмыстары басты назарға алынды. Екіншіден, кадр әлеуетін жоғарылату, ғылымды жетілдіру және онкологиялық қызметті біріктірілген модельде дамыту көзделіп отыр. Біз поликлиникаларда әйелдерді, ер адамдарды қарау және онкологиялық тексеріс бөлмелерін аштық. Бұл бөлмелер әр полоклиникада бар. Қазір ол жерде дәрігер, фельдшерлерді оқытып жатырмыз. Егер фельдшер адамнан күдікті бірдеңе тапса оны бірден дәрігерге жібереді. Дәрігер оны қарап, биопсия алады, сондай-ақ бір қатар тексерістен өткізеді. Науқастан онкологиялық ауруға қатысты күдік белгісі немесе обыр ауруы анықталса, онда онкологиялық диспансерге жіберіледі. Еліміз бойынша 17 онкологиялық диспансер мен бір онкология институты бар. Осы мекемелердің бәрінде томорфология бойынша зертхана аштық. Дәрігерлердің барлығын онда қалай жұмыс істеу керектігімен үйретіп, оқыттық. Қазір барлық жерде біріккен шеберлік сағаттарын ұйымдастырудамыз. Яғни, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін жоғарылату жұмыстарын жасалуда. Ол жерде тікелей ота жасалады және мамандарымыз соған қарап тәжірибе жинақтауда. Қазір аймақтарағы осы онкологиялық орталықтарды барлық керек жарақпен қамтамасыз ету қолға алынды. Бір жерде компьютерлік томограф жетіспейді, тағы бірінде МРТ жоқ, УЗИ, ренген деп кете береді. Сондықтан бұл аппараттардың барлығы аймақтық қажеттілік ретінде кешенді жоспарға енгізілді. Сондай-ақ мамандарды оқыту, шеберлік сағатын өткізу және олардың шетелге барып біліктілігін арттыруы қаржыландыру жоспарына енді.

- Сөз басында ерте диагностика жасау жұмыстары басты назарда дедіңіз, осы жайында кеңірек айтып берсеңіз?

- Иә, қазір біз үш скринингті бағдарламаны жүргізудеміз. Оның бірі сүт безі обыры 40-70 жас аралығындағы әйелдерге жүргізіледі, жатыр мойны обыры 30-70 жас және асқазан обры – 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерге жасалады. Бұл тексерістің барлығы тегін жүргізіледі. Сондықтан 30 жасқа толған жақыныңыз болса барып тексерістен өтуге кеңес беріңіздер. Адамдар бұдан әр төрт жыл сайын тегін өтіп тұруға құқылы. Осы жылдың сәуір айында скринингті бағдарлама ретінде бекітілгеннен бері сүт безі обыры ауруына шалдыққандарды анықтау екі есеге дейін өсті. Сондықтан бұл бағдарламалар өз нәтижесін берді деп айтуға болады. Биыл үкімет тегін скринингті тексерісті өткізуге 6 млрд теңге бөлді, бұл жеткіліксіз болғандықтан келесі жылы қосымша тағы 2 млрд теңге бөлеміз деп отыр.

- Шетелдік озық технологиялар өндіріске енгізіліп отыр ма?

- Әрине, қазір аймақтарды қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету алға қойылған. Науқастарға ары-бері жүрмей өзі тұратын тұрғылықты жерінде ем қабылдаған ыңғайлы. ПЭТ диогностика деген бар, яғни позиторлы-эмиссионды компьютерлі томография. Бұған дейін ол Астанада ғана болған. Қазір біздің институтта да ПЭТ орталығы ашылды. Ол 2 мм дейінгі ісікті анықтай алады. Денсаулық сақтау министрімен келіссөздер жүргіздік, яғни алдағы уақытта сақтандыру жүйесі адамдардың тегін тексерістен өтуі үшін қаржы бөлуі мүмкін. Келесі жылы он шақты аймақты дәл осындай құрылғымен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.

- Қазір еліміз бойынша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы енгізіліп жатқаны белгілі. Осы бағдарламаның игілігін көріп отырсыздар ма?

- Қайткенімен қазір компьютердің заманы ғой. Бізге алдағы уақытта телепатология, онлайн кеңес беруге де қаржы бөлінеді. Мұның өз пайдасы бар, мәселен біз ары-бері жүрмес үшін Еуропа, АҚШ, Австралия, Жапония сияқты дамыған елдердің клиникаларымен онлайн жиындар өткізіп, күрделі мәселелер бойынша кеңестер аламыз. Одан кейін мұндай онлайн жиналыстар өзіміздің барлық онкологиялық диспансерлер арасында да өткізіледі. Кейде анализ алынғанда нақты диагноз қоюда мәселелер туындап жатады. Аймақтарда дәрігерлер аз болғандықтан оларға ауыр соғады. Сол кезде барлығымыз онлайн желіге қосылып, біздің институттың басты дәрігерлері кеңестер береді. Бұл өте тиімді, науқасты ары-бері сүйрелеудің еш қажеті жоқ. Сондықтан елімізді цифрландыру мәселесі бізді осындай деңгейге дейін жеткізіп отыр.

- Сөз арасында обыр ауыруының екі-үш түрін айтып өттіңіз. Осылардың белең алу деңгейі жайында не айтар едіңіз?

- Бізді соңғы кездері неліктен қазақ әйелдері арасында сүт безі обыры ауруы өршіп тұр деген сұрақ мазалауда. Бұл мәселені шетелдік ғалымдармен де талқылап көрдік. Сөйтсек Жапония мен Корея елдерінде де дәл осындай мәселе туындап отыр екен. Яғни азиат нәсілді әйелдер арасында сүт безі обыры ауруы жасарып, өршіп тұрғаны белгілі болды. Өздеріңіз білесіздер еуропалықтарға қарағанда қазақ әйелдері бала туады, оны емізеді, көбінің күйеуі бар. Мұндай көрсеткіштер керісінше сүт безі ауруын төмендету керек еді. Ал еуропалықтар тұрмысқа кеш шығады, бала тапқысы келмейді, тапса да оны емізгісі келмейтін әйелдер арасында мұндай ауру жоғары болу керек болатын. Міне, қазір осы мәселе бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз. Сондай-ақ асқазан обыры ауруы да қазақтың жас жігіттері арасында белең алып отыр. Мұны да тексеріп, зерттеп жатырмыз.

Қазіргі уақытта Өскемен қаласында өкпе обыры бойынша томографиялық тексерістерді жүргізуді бастадық. Ол жақта өкпе обыры ауруы жоғары деңгейде. Білесіздер онда экологиялық ахуал өте нашар. Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасарында болып, осындай тексерісті өз қаламызда да өткізуіміз керектігін айттым. Соңғы кезде біздің шаһардың ауасы да ластанып кетті. Бұл жерлерде өкпе қатерлі ісігі бірінші орында, оның үстіне өкпе обыры дертіне шалдыққандар көп өледі, яғни бірінші орында. Осы жолы Өскеменде жас қызға компьютерлік томография жасалып, одан 3 кезеңдегі өкпе обыры анықталды. Ол осы уақытқа дейін білмей жүре берген.

- Жалпы қатерлі ісік ауруының алғашқы белгілерін қалай білуге болады?

- Рактың бір жаманы ол алғашқы кезеңдерде ауырып, адам жанына батпайды. Тек, 3-4 кезеңге жеткенде ауыра бастайды. Сондықтан біз адамдардан жыл сайын өкпесін ренгенге түсіріп тұруын сұраймыз. Шылым шегетіндер бірінші кезекте тексерілгені жөн. Қыздарға УЗИ-ға барып, профилактикалық тексерістен өту керек. Кейде бетіңе кішкентай мең шығып, оның арты обырға айналып кететін жағдайлар болады. Асқазан ісігі де жоғары деңгейде, жылына бір рет болсын зонт жұтып, тексерілген дұрыс.

Қазір біздің институтта «Чек Ап» бөлімшесі ашылды. Мұндай орталықтар әлемнің барлық елінде бар. Онда келген адамды толықтай компьютерлік тексерістен өткізеді. Бұл ақылы қызмет, әр адам өз денсаулығының қауіпсіздігі үшін ерікті түрде келіп тексеріле алады.

Бұрын 60 жасқа жақындап қалған адамдарға келіп тексеріліңдер дейтінбіз, қазір 50-ге жақындап қалғандарға айтатын болдық. Өкінішке қарай рак жыл өткен сайын жасаруда. Бүгін ауруханадағы науқастарды аралап шықтым, жиырмадан енді ғана асқан бірнеше жас емделіп жатыр.

- Онкологиялық аурулардың жасаруына қандай факторлар әсер етуде?

- Экология, күйзеліс, генетикалық бұзылу, дұрыс тамақтанбаудың әсері. Қазір барлық жерде жасанды тағамдар, оған қосатын қоспалар көп. Балалардың көбі қазір толып кеткен. Жастардың көбі шылым, кальян шегеді. Бұл да өз салдарын тигізуде.

Оның үстіне қатерлі ісікке шалдыққандардың қатары жыл сайын өсуде. Қазір еліміз бойынша 36 мыңға жуық адам осы аурумен ауырады. Осыдан бес жыл бұрын 27 мың болған, яғни жыл санап өсіп келеді. Дегенімен адам өлімі төмендеуде. Диагностикалық тексерістің арқасында науқастарды алғашқы кезеңде анықтау жоғарылады, 3-4 кезеңіндегі көрсеткіш керісінше азайған. Жалпы жылына бұл аурудан 15 мыңдай адам көз жұмады. Оның ішінде бағана айтып өткенімдей өкпе рагымен ауыратындар бірінші орында тұр.

- Орталықта түйіні шешілмей жатқан қандайда бір мәселелер бар ма?

- Әрине, бірінші кезекте мамандардың жалақысын көтерсе екен деген тілегіміз бар. Өйткені онкологиялық орталықтар поликлиникалық жүйеге кірмейді. Оларға қандайда бір бонустар қосылып отырады. Сөзімнің басынада кешенді жоспар жайлы айттым ғой, соған дәрігерлердің жалақысына қатысты талаптарымызды ұсындық. Мәселен, дәрігер бір айда 10 обыр ауруын анықтаса оған бірден 30 мың теңге қосымша қосуын сұрадым. Қайткенімен қаржылай қолдау керек, жалақысы төмен болған жерде ешкім дұрыс жұмыс істемейтінін көріп жүрміз. Еңбекақысы мардымсыз болғандықтан еріксіз науқастардан ақша сұрауға дейін барған жағдайлар анықталған. Екі жыл бұрын осы жерге жұмысқа келгенімде санитарлардың жалақысы 25 мың теңге болатын. Қазір олардікін 80 мыңға дейін көтерттік. Дәрігерлер 170-200 мыңға дейін алады. Олардың көбі сабақ береді және ақылы бөлімдерде қосымша жұмыс істейді. Тіптен арасында 1 млн теңгеге дейін алатындары бар. Әрине, ондай кезде олар ешкімнен ақша сұрамай дұрыс жұмыс істейді. Жағдайы барлар ағылшын тілін үйреніп, өздерін жетілдіруге көңіл бөлуде.

- Бұл аурудан құлан таза айығуға бола ма?

- Әлбетте, егер сенің иммунды жүйең жақсы жұмыс істесе, ол өздігінен ісікті жеңіп кетеді. Қазір ағылшындар мен корейліктер адам иммунитетін көтеретін вакцина ойлап тапты. Адамның иммунитетін тексеретін тесттер бар, міне осыны біздің «Чек Ап» бөлімге енгізгелі отырмыз. Онда адамдар өз иммунитетін тексеріп, егер төмен болса сол екпені сала алады. Бірақ бұлар ақылы түрде жүргізіледі және бағалары да қымбат. Дегенімен бұл аурумен күрестегі үлкен жетістіктің бірі деп айтуға болады.

Одан кейін біздің халық жаман ауру деп бұған қорқа қарайды. Адамдардың салы суға кетіп, бірден мұңға беріліп кетеді. Дегенімен одан емделіп жазылуға болады. Әрине, уақыт оздырып алса ешкім де көмектесе алмайды. Сондықтан денсаулықтарыңызға немқұрайлы қарамай, тексеріліп отырған дұрыс. Қала халқы бұл дертке деген пікірін өзгертіп, жиі тексерістен өтуге көшуде. Ал ауылды жердің тұрғындары әлі де көп мән бермейді, тек әбден ауру дендеген кезде бірақ келеді бізге. Өткенде Түркістан облысының ауылды жерлерінде болдық, ондағы халық бау-бақшамды жинап алмай қайдағы тексерілу деп жоламайды.

-Ондай кезде тексеру аппараттарымен жабдықталған арнайы көлікпен ауылды жерді аралау керек шығар?

- Иә, осы мәселені қазір қолға алып жатырмыз. Бұған дейін пойыз жолға шыққан, дегенімен оған көп халық келмеді. Әзірбайжан, Түркияда қазір көлікпен ауылды жерді аралап, тексеру жұмыстарын қолға алып жатыр екен. Министрге де осылай жасайық деп ұсыныс жасадым. Өйткені бізде менталитет басқаша және көптеген әйел баламен үйде отырады. Оларға барып дұрыстап түсіндірмесең, өздігінен келе бермейді.

- Мұндай дерттің алдын алу үшін оқырмандарымызға қандай кеңес берер едіңіз?

- Шылым шегуді міндетті түрде тастау керек. Қызыл етпен аз қоректенген жөн, ол адам денсаулығына зиянды. Сиыр етімен аптасына бір рет тамақтануға көшу керек. Әрине, қазақ халқы ет тағамдарынсыз жүре алмайды, сонда да арасында тауық етін, балық тағамдарымен алмастырып отырған дұрыс. Жалпы дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру керек.

Одан кейін, өкпені жыл сайын ренгенге түсіріп отыру қажет, өйткені туберкулездің арты жаман ауруға айналып кетуі әбден мүмкін.

Шайды ыстықтай ішпей, салқындатып ішкен дұрыс, ыстық шай сілекей бездерін күйдіріп, оның арты ерін және өңеш қатерлі ісігіне әкеп жатады. Жоғары градусты алкогольді ішімдіктерді ішпеу керек. Олар да ауыз қуысындағы бездерді күйдіріп, жұмыс істеуін бұзады. Бүйрек ісігін туғызатын гепатитке қарсы екпені міндетті түрде алған жөн.

Дұрыс тамақтану керек, қант, тұзды аз қабылдаған жөн. Қара шайдан гөрі көк шайды көбірек ішкен дұрыс. Алда қыс келе жатыр, имунитетті көтеретін лимон, сарымсақ, бал өнімдерін көптеп тұтынған жөн. Әрине, одан кейін көп қайғы, мұңға берілмей әрдайым күліп жүру керек. Қазір жастардың көбі үлкен қысыммен жүреді және үлкендер ауыратын аурулар олардан да табылып жатыр.

Табиғи тағамдарды көп жеу керек. Қазір судан бастап барлығы жасанды болып кетті. Пластик құмырадағы сулардың құрамы да нашар, ыстық кезде пластиктен химиялық зиянды элементтер бөлінеді. Бұлардың бәрі адам ағзасында түрлі аурудың пайда болуына әкеліп отыр. Бұрын су болсын, шырын болсын тек шыны құмыраларда сақталатын. Қуырылған картоп «фри» деген шықты, бұл да адам ағзасына зиян. Өйткені оны қайнап жатқан майда пісіреді, май көп қайнай берген сайын улы заттар бөлінеді. Біздегі фри дайындайтындар майды әр фри сайын ауыстырып отырады дегенге сенбеймін, олар бір құйған маймен бәрін жасап шығады.

Шөп тағамдарын тұтынып, қымызды көп ішу керек, тіптен саумал екеуін күнде ішсеңіз де болады. Бұлар адам денсаулығына өте пайдалы, иммунитетіңізді де көтереді. Дүкен сөрелеріндегі жасанды иогурттардан гөрі өзіміздің құрт, ірімшікті көп жеген жақсы.

-Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер