BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 328.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 386.62 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.27
Астана:

Отандық медицинаны қаржыландыру деңгейі Африка елдерімен бірдей – сарапшы

Қазақстанда медицинаны қаржыландыру деңгейі Африка елдерінің деңгейімен бірдей. Бұл туралы Отандық медицинаны қаржыландыру мәселелеріне арналған қоғамдық пікірталас барысында сарапшы Серік Тәңірбергенов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Серік Тәңірбергеновтің айтуынша, сақтандыруды енгізуге медицина саласына бөлінетін қаржының тапшылығы түрткі болып отыр.

«Сақтандыру әлемнің көптеген елдерінде қолданысқа енгізілген. Себебі, соңғы кезде әлемдегі демографиялық ахуал өзгерді. Қарттар мен балалардың үлесі артып, созылмалы сырқаттармен ауыратындар саны көбейіп барады. Онымен қоса, жаңа технологиялар да қарыштап дамып келеді. Яғни, қай елде болмасын денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын қаржы өсіп отыр деген сөз. Мысалы, 2016 жылы Қазақстанның денсаулық сақтау саласына бөлінген жалпы қаржы көлемі ІЖӨ-нің 3,4 пайызын құрады. Бұл Африка елдерінің деңгейімен бірдей», - дейді Тәңірбергенов.

Маманның айтуынша, экономикалық деңгейі біздікімен шамалас елдердің бәрі ішкі жалпы өнімінің 8,7 пайызын денсаулық сақтау жүйесіне жұмсайды. Ал Қазақстанда 2016 жылы ұлт саулығын сақтауға бөлінген қаржы көлемі 1,6 трлн теңгені құраған болса, 2017 жылы ол 1 трлн теңгеге де жетпеген. Осының салдарынан денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызға жуығы азаматтардың қалтасынан шығып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, кепілдендірілген тегін медициналық көмекке 451 миллиард теңгеге жуық (38 пайыз) қаражат жетіспейді. Атап айтқанда, стационарлық көмекке 61 млрд теңге, консультативтік-диагностика қызметіне 51 млрд теңге, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 41,9 млрд теңге, онкология қызметіне 37 млрд теңге жетпейді. Бұның салдарынан емханаларда ұзын-сонар кезек пайда болады. Әсіресе, салалық дәрігерлердің тапшылығынан кезек күтіп шаршаған жұрт жекеменшік сектордың көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, отандық денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселелеріне арналған жиын Алматыда өтті. «Vласть» басылымы ұйымдастырған шараға Қор өкілдері мен денсаулық саласының белгілі сарапшы-экономистері қатысты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер