BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.3 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Нарколог: Әр нашақор – өз отбасының қайғысы Эксклюзив

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде 22 865 нашақор тіркелген. Нашақоры бар отбасы мүшелері не себепті уақыт өте келе психоз, қатерлі ісік және басқа да ауыр дерт түрлеріне шалдығады? Жыл өткен сайын синтетикалық есірткі түрін қолданушылар саны артып келеді. Ол неден жасалады және қаншалықты зиян? Осы сұрақтар төңірегінде Наркология және психотерапия орталығының дәрігер-наркологы Тоқтар Қойшыбеков жауап берді.

BAQ.KZ: Қазіргі қоғамда синтетикалық есірткіні қолданушылар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Оның қалыпты есірткіден айырмашылығы неде?

Тоқтар Төлеуханұлы: Синтетикалық есірткі 2003 жылдары тарай бастады. Ол табиғи өсімдіктерден емес, химиялық заттардан жасалады. Ұзақ уақыт бұзылмай сақталатындықтан, адам ағзасына табиғи есірткілерге қарағанда жүз есе зиян. Қазіргі уақытта синтетикалық есірткінің 2000-нан астам түрі бар. Жыл сайын 300-400 жаңа түрі пайда болады. Оның бір түрінің құрамын зерттеп болғанша, басқа түрлері шығып қояды.

Сатып алған дерт...

BAQ.KZ: Синтетикалық есірткі адам ағзасына қалай әсер етеді?

Тоқтар Төлеуханұлы: Синтетикалық есірткінің дәмін бір рет тартқан адам өзін нашақормын деп санай берсе болады, өйткені ол бірден тәуелділік туындатады. Оның улылығы өте жоғары. Ол адам ағзасына төрт жолмен әсер етеді. Бірінші, жүрек-қан тамырын бітеп, 70-80% жағдайда адам өміріне қауіп төндіреді. Екінші, денені тырыстырып, эпилепсиялық талма дертін тудырады. Үшінші, тыныс алу жолдарына кері әсер етіп, өкпе қабынып, адам ауа жетіспеушіліктен жүріп кетуі мүмкін. Төртінші, психикалық қызметтің ауытқушылығын, яғни психоз тудырады. Мұндай дертке шалдыққан адамның құлағына әртүрлі дыбыстар естіліп, көзіне елес көрініп, бойын қорқыныш билейді немесе аяқ-қолы қарысып, неврологиялық жағдайлар туындайды. Бізге көбінесе осы төртінші жағдайға тап болған нашақорлар көмекке жүгінеді.

BAQ.KZ: Сіз сипаттап отырған дерт түрі шизофренияға ұқсайды. Психодиспансерде осындай жаман әдеттертен ада болса да сондай дертке душар болғандар жатыр. Демек, бұлардың дерті «сау басына тілеп алған сақина» болып тұр ғой?

Тоқтар Төлеуханұлы: Шизофрения – жан дүниенің, ойлау процесінің ауруы. Ол гендік ауру. Ал үздіксіз ішімдік ішу, есірткі қолдану сияқты жаман әдеттер осындай дерті бар адамның ауруының асқынуына себеп болады. Мысалы, арақты бірнеше жыл үзбей ішкен, табиғи есірткіні бірнеше жыл үзбей қолданған адамның осындай дерті асқынады. Ал синтетикалық есірткіні 3-4 рет қана қолданудың өзі жасырын түрдегі шизофренияның белгілері пайда болуына ықпал етеді. Оның қаншалықты зиян екенін осыдан-ақ түсінуге болады. Ең жаманы, нашақорлықтан емделіп болған адам күйзеліске ұшыраған кезде психикалық ауытқуы қайталануы мүмкін. Есірткі – адам санасында өшпес із қалдырып кететін зиянды зат. Ең өкініштісі – нашақор соны біле тұра оны ақшаға сатып алады.

Қызығушылықтан басталатын қайғы

BAQ.KZ: Нашақорларды емдеу кезіндегі ең қиын кезең қандай?

Тоқтар Төлеуханұлы: Есірткіге тәуелді кез келген адамнан «Cіз науқассыз ба?» деп сұрасаңыз, олар ешқашан науқас екенін мойындамайды. Медицина тілінде бұл «анагнозия», яғни ауруын жоққа шығару деп аталады. Осы кезең – ең қиын кезең дер едім. Өзінің есірткіге тәуелді екенін түйсінбеген адамды қалай емдейсіз, оған қалай ем қонады? Адам тамақ ішпесе – қарны ашады, су ішпесе – шөлдейді, ал ауа жұтпаса – тұншығады. Есірткіге тәуелді адам да есірткі қолданбаған кезде дәл осы сезімдерді басынан кешіп, мұқтаж болады. Есірткіні қалаған уақытында тастап кетем деп ойлағанмен, әлдеқашан тәуелді болып қалғанын сезбейді. Осылайша күндердің бір күнінде қалайша өзінің есірткі шеккенде ғана қуанышқа бөленетін адамға айналғанын байқамай қалады.

BAQ.KZ: Адамның нашақор болуына көп жағдайда не түрткі болады?

Тоқтар Төлеуханұлы: Негізгі себептердің бірі – отбасы мүшелерінің бір-біріне көңіл бөлмеуі. Дәрігердің міндеті – емдеу, мұғалімнің міндеті – білім беру, ал ата-ананың міндеті – балаға тәрбие беру. Баланың өмірі, болашағы үшін тікелей ата-ана жауапты. Балаңызға көңіл бөлуге уақыт таппасаңыз, ол өзіне көңіл бөлетін жағдайды сырттан іздейді. Мектеп пен жоғары оқу орнын бітірген адам неге өмірден өз орнын таба алмай жүреді? Өйткені мақсатқа жетуді, арманға қол созуды ата-анадан басқа ешкім үйрете алмайды. Ештеңе үйренбеген бала не істейді? Өмір жолында адасып кетеді. Тоқсаныншы жылдары тұрмыстық жағдайдың төмен болуы, күйзеліске ұшырау осындай жаман әдетке алып баратын. Ал қазіргі уақытта есірткіге тәуелді адамдардың көбі отбасылық жағдайының нашарлығынан емес, «бір дәмін татып көрсем» деген жай ғана қызығушылықтан-ақ есірткінің құрбаны болып жатыр.

Ел естісе не болады?

BAQ.KZ: Нашақор мен отбасы мүшелерінің қарым-қатынасына тоқталып өтсек. Олар нашақор отбасы мүшесіне қалай көмектесе алады?

Тоқтар Төлеуханұлы: Біз нашақормен ғана емес, оның отбасы мүшелерімен де оңалту жұмыстарын жүргіземіз. Өйткені әр нашақор – өз отбасының қайғысы. Нашақоры бар отбасы мүшелері созылмалы күйзелісте ұшырайды. Үнемі сондай күйде жүрген адамның қан қысымы жоғарылап, инфаркт, инсульт болады. Тіпті, нашақордың жанында болатын отбасы мүшелері қатерлі ісік, психоз сияқты ауыр дертке шалдығады. Осындай жағдайдың алдын алу үшін алдымен отбасы мүшелерінің медициналық көмекке жүгінуге деген көзқарасын өзгертуге тырысамыз. Көбі психиатр, нарколог көмегіне жүгінуден қорқады, тіпті ұят санайды. Бастапқыда олар «Менің балам нашақор болуы мүмкін емес» деп жүріп уақыт өткізіп алады. Ал нашақор екеніне мойынсұнғаннан кейін «Ұят-ай! Ел естісе не болады?!» деген оймен жүріп тағы да уақыт жоғалтып алады. Одан кейін ғана дәрігерге апаруға шешім қабылдайды. Көп жағдайда тым кеш болып жатады, себебі адамның өмірі – жіңішке жіптей. Ол кез келген сәтте үзіліп кетеді...

BAQ.KZ: Нашақор екенін түсініп, өз еркімен емделу үшін келетіндер бар ма?

Тоқтар Төлеуханұлы: Егер нашақор тәуелділіктің бастақы кезеңі – қызығу кезеңінде келсе – жақсы нәтиже болады. Біздің орталықта анонимді кабинет бар. Нашақор өз еркімен келіп, емделгісі келетінін айтса, есепке қоймай емдейміз. 2019 жылға дейін Қазақстандағы барлық емханада психотерапиялық орталық ашылады. Сол жерде біздің психолог, наркологтар көмек көрсете бастайды. Өкінішке қарай, бізде өз еркімен келетіндердің көбі толыққанды емделу үшін емес, ағзасын уақытша демалдырып алу үшін келеді. Ниетін түзеп, есірткіден толыққанды бас тартып, ел қатарлы өмір сүруге талпынатындар өте аз.

BAQ.KZ: Осындай науқастардың жаман аурасынан қалай қорғанасыз?

Тоқтар Төлеуханұлы: Психологиялық қорғаныс түрлері көп. Соның ішіндегі ең мықты қорғаныс – мінез. Дәрігердің мінезі қараңғылықтан сәуле көре білетін, кей жағдайларға ирониямен қарай білетін мінез болуы керек. Нашақорлармен жұмыс істейтін дәрігерлер міндетті түрде кәсіби деформацияға ұшырайды. Ал ондай жағдайдан аулақ болу үшін – өзің таңдаған саланы жақсы көруің керек. Мен өзімнің жұмысымды жақсы көрем. Осы салаға 30 жылымды арнадым. Студенттерге де сабақ беріп, бар білген тәжірибеммен бөлісіп келем.

Есірткі – ата-бабаңнан қалған ас емес

BAQ.KZ: Статистика бойынша, 2010 жылы Қазақстанда 56 мың нашақор болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 20 мыңға дейін төмендеген. Олардың азаюына дәрігерлер ықпал етті ме, әлде жалпы қоғамның имандылыққа, саламатты өмір салтын ұстануға бет бұрғанының әсері ме?

Тоқтар Төлеуханұлы: Бұл көрсеткішті дәрігерлер ғана өзгерткен жоқ. Жалпы соңғы он жылда адамдардың әлеуметтік жағдайы түзеліп, саламатты өмір салтына ден қоюы байқалады. Мысалы, той-томалаққа барғанда арақ-шарап көбінесе ішілмеген, тіпті аузы ашылмаған күйде қалады. Осындай қарапайым жағдайдан-ақ қоғамда оңды өзгеріс болып жатқанын байқауға болады. Арақ, есірткі – ата-бабамыздан қалған ас емес. Арақ пен есірткіні соңғы 2, 3 ұрпақ қана қолданды, сол себепті біз бұл жаман әдеттен түбегейлі арыла аламыз.

BAQ.KZ: Күйзеліске, жаман әдетке бейім адамдарға дәрігер ретінде қандай кеңес айтасыз?

Тоқтар Төлеуханұлы: Армандаудан, мақсатқа ұмтылудан қорықпау керек. 1980 жылы мединститутқа тапсырып, түсе алмаған танысым бар. Ол алты жыл қатарынан оқуға тапсырып, түсе алмағанымен, жетінші жылы мақсатына жетті. Қазіргі уақытта ол Астанада жоғары санатты дәрігер-педиатрдің бірі. Міне, арманға ұмтылыс қалай болу керек! Есірткі – бастапқыда сені қуаныш сезіміне бөлегендей болғанымен, шын мәнінде ол – құтылуың қиын болатын қармақ. Ол қармаққа ілінген адам өз өмірін ғана емес, отбасының басқа мүшелерінің де өмірін ойрандап, жанын ауыртады. Ал ондай өмірдің не мәні бар? Отбасыңның бақыты болғың келе ме, қайғысы болғың келе ме? Таңдау мүмкіндігі өзіңде.

BAQ.KZ: Сұхбатыңыз үшін рақмет!

P.S. Бұған дейін қазақстандықтар есірткінің қандай түріне тәуелді екені және есірткі саудасы қалай өрбитіні туралы жазған болатынбыз. ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаевтың айтуынша, биыл республика аумағында есірткіні таратуға қатысы бар 1 800 интернет-ресурс анықталып, оның 1 680-і бұғатталған. Қалған материалдар Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде қаралуда.

Облыстардың атауы

Есірткі құралдары мен психотропты қолданудан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар науқастардың контингенті

Абсолюттік саны

2013 ж

2014 ж

2015 ж

2016 ж

2017 ж

2018 ж

9 айы

Қазақстан Республикасы

38203

33847

31046

27407

24883

22865

Ақмола

1101

857

832

734

652

574

Ақтөбе

2224

2205

2124

2001

1783

1500

Алматы

1538

1243

910

837

839

751

Атырау

882

780

778

813

795

772

Батыс Қазақстан

1029

996

736

703

675

656

Жамбыл

2797

2656

2451

1994

1981

1586

Қарағанды

3885

3306

2814

2260

2017

1669

Қостанай

3516

3150

2391

2006

2077

2094

Қызылорда

1609

1066

916

861

872

793

Маңғыстау

1629

1623

1545

1456

1293

1154

Оңтүстік Қазақстан

2865

2823

2801

2668

2235

1903

Павлодар

3957

3833

3798

3136

2213

2017

Солтүстік Қазақстан

760

747

788

786

789

756

Шығыс Қазақстан

3543

3172

3029

3045

2946

2761

Астана қаласы

3052

2207

2443

2108

2047

2240

Алматы қаласы

3816

3183

2690

1999

1669

1639

Фотолар: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер