BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 342.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 400.85 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.51
Астана:

Қазақстанда инсульт алған адамдармен жұмыс істейтін логопед жоқ 

Қазақстанда медициналық білімі бар логопедтер жоқ. Ал педагогикалық білім алған логопедтер инсульт орталықтарда жұмыс істегісі келмейді. Бұл туралы «Ұлттық нейрохирургия орталығының» инсульт мәселелері бойынша республикалық үйлестіру орталығының бас маманы Зәуреш Ахметжанова «Инсульт мектебі» атты ғылыми-практикалық конференцияда мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қазіргі таңда әрбір инсультпен ауыратын адамға логопедтің көмегі қажет. Өкінішке қарай, бізде бар проблемалардың бірі ол – инсульт орталықтарда логопед жоқ. Мұның себебі логопедтер осындай қиын аурумен ауыратын пациенттермен, яғни сал болып қалған адамдармен жұмыс істегісі келмейді. Олар көбінесе «р», «ш» секілді дыбыстарды айта алмайтын балалармен жұмыс істегенді жақсы көреді», - деді ол.

Ахметжанова халықаралық тәжірибеде логопедтің «спич-терапевт» саналатынын атап өтті. Бірақ Қазақстанда мұндай мамандар тек педагогикалық университеттерде оқытылады.

«Әлемде логопедтер медициналық білімі бар тіл терапевті саналады. Ал бізде мұндай маман иелері дәрігерлер емес, педагогтар. Педагогқа медицина мекемесінде жұмыс істеу өте қиын. Қазақстанда өздері білім алып, медицинаны оқып, қиын аурулармен жұмыс істеуді үйреніп, осы салада жұмыс істейтін саусақпен санарлық логопедтер бар. ЖОО-да оларды педагогикалық мамандық ретінде оқытады. Бізге медицина университеттерін бітірген логопедтер керек. Олар стационарда ғана емес, ол сол сал болған адаммен бірге үйіне барып жұмыс істей алуы тиіс. Ал біздің емханаларда логопед жоқ», - деді дәрігер.

Невролог дәрігер педагогикалық білімі бар логопедтің медицина мекемесінде жұмыс істегісі келмеуінің себебі ретінде мұнда оларға ешқандай мотивация жоқ екенін атап өтті. Медицина саласына келген логопедтердің еңбекақысына үстеме қосылмайды және ең төмен жалақы алады.

Ал Италиядағы инсульт ұйымының үйлестірушісі Романа Франческа өз елінде логопед боламын деген адам 3 жыл медициналық университетте, содан соң екі жыл жұмыс істейтін жеріне барып мамандануы тиіс екенін атап өтті. Осы талаптарды орындағаннан кейін ғана маман иесі болып шығады. Сондай-ақ, бүгінде әлем медицинасында психологтармен де осындай проблема туындап отыр. Қазіргі таңда психологтарда тек педогогикалық білім бар, медициналық білім жоқ. Ал емханаларға медицинадан хабары бар психолог аса қажет. Италия қазіргі таңда медицинаға негізделген психологтарды дайындауды қолға алып жатыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер