BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 356.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.42
Астана:

Қазақстан туберкулезден қауіпсіз елдер қатарында – дәрігер

Фото: Автор

Туберкулезбен күресте мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Бұл жайында Қазақстан Республикасы фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының директоры Малик Әденов БАҚ өкілдерімен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Туберкулез дертін емдеу мекемелері еліміз Тәуелсіздік алған жылдары қиын кезеңді бастан кешірген. Дегенімен 1998 жылы Елбасының туберкулезбен күрес жөніндегі алғашқы бұйрығы шыққан және оған биыл 20 жыл толып отыр. Осы аралықта мемлекет тарапынан бұл салаға жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді.

«Біздің орталық барлық туберкулезді емдеумен айналысатын медициналық ұйымдарға көмек көрсететін республикалық мекеме. Тек туберкулез диспансерлері ғана емес барлық поликлиника дәрігерлеріне осы ауру бойынша кеңес беріп отырамыз. Әсіресе туберкулез ауруының алғашқы белгілерін қалай анықтау керектігін, оларды тиімді емдеу жолдарын түсіндіріп, әрдайым оқытып отырамыз», - дейді орталық директоры.

Сондай-ақ ол, туберкулезді емдеу жолында әлемде қандай озық технологиялар мен әдістер бар екенін біліп отыру үшін түрлі халықаралық конференцияларға қатысып отыратындықтарын жеткізді.

«Ондай әдістерді бірден қабылдамай олардың дәлелдемесіне көз жеткіземіз. Яғни, кез-келген әдіс сынақтан өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдеуі керек. Содан кейін ғана оны өзімізде қолдануға талдама жасап, қайсысы бізге тиімді соны енгізіп отырамыз. Біздің ел жаңа шыққан озық технологияларды алғашқы болып енгізетін елдер қатарында. Әрине, бұл бағытта бізді мемлекет қолдап отыр. Егер қажетті қаржыландыру болмаса жаңа технологияларды, әдістерді әрдайым енгізіп отыру оңайға соқпайды», - деді ол.

Малик Әденов жаңа технологияларды енгізу арқасында Қазақстан жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отырғанын жеткізді.

«Бұл тек біздің есеппен ғана жасалып отырған жоқ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да осындай пікірде. Біз әрдайым шетелдік сарапшылар мен денсаулық сақтау ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Олар еліміздегі кез-келген аймаққа барып, біздің жүйенің қалай жұмыс істейтінін бақылап отырады. Мұндай тексеріс нені дұрыс істеп, нені дұрыс істемей жатқандығымызды түсіну үшін қажет. Шетелдік сарапшылар соңғы рет маусым айында келіп, бізге жақсы бағасын берді. Яғни Қазақстанмен байланыс орнатуға болады, қауіпсіз елдер қатарында деген шешім шығарды», - деді директор.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер