USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Қарағанды әкімдігі  мүмкіндігі шектеулі жандарды спортпен шұғылдануға шақырды

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев мүмкіндігі шектеулі споршылармен кездесті. Кездесуде талқыланған басты тақырып, облысымыздағы мүгедек жандарды спортпен шұғылдануға тарту болды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің Қарағандыдағы тілшісі.

Сондай-ақ кездесу барысында билік өкілдері спортпен айналысатын мүгедек жандардың өзекті мәселелерін талқылады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың басты проблемалары - көлікпен қамтамасыз етілуі, спорттық жабдықтардың қолжетімді болмауы және дәрігерлік-әлеуметтік мекемелерді спорттық жабдықтармен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі. Аталған мәселелерді тыңдаған әкімнің орынбасары әлеуметтік сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

«Сіздерді Тұңғыш Президент Күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтағым келеді, облысымыздың дамуына қосқан үлестеріңіз үшін сіздерге алғыс айта отырып, зор денсаулық пен жеңіс тілеймін. Біз өз кезегімізде сіздер үшін оңтайлы жағдай қалыптастыруға жұмыс істейміз», - деді Жандос Әбішев.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі 59 мың адам тұрып жатыр, олардың бар болғаны 2,5 мыңы ғана тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Осыған қарамастан, қарағандылық спортшылардың түрлі жарыстарда мерейі өсіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукованың айтуынша, осы жылы қарағандылық спортшылар 15 республикалық жарысқа қатысып, 125 медаль жеңіп алған. Ал халықаралық 7 жарысқа қатысқан спортшылар 6 медальды қоржынға салды.

«Ағымдағы жылдың ең басты жетістігі, қозғалыс аппаратына зақым келген біздің спортшымыз Звянгинцева Натальяның Рио-де-Жанейро қаласында өткен 15-ші жазғы Паралимпиада Ойындарына қатысуы. Бұл додаға әлемнің 179 мемлекетінен 4350 мүгедек-спортшы қатысты. Қазақстанның атынан 11 спортшы жарыс жолына шықты. Наталья 100 метр қашықтықты арқамен жүріп өтуде 7 орынға табан тіреді», - деп атап өтті Наталья Сухорукова.

Паралимпиада ойындарындағы сәтті көрсеткіші үшін Наталья Звягинцеваға 300 мың теңгелік сертификат табысталды. Натальядан бөлек, әкімдік басшылығы таэквандо бойынша әлем чемпиондары Аян Абраш пен Валентина Антоненконы және Тынық мұхиттық Азия ойындарының жеңімпазы Виктор Фрундинге де бағалы сыйлықтар сыйлады.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады