BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 328.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 386.38 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.27
Астана:

«Үш жасар Перизат бəріне шыдап келеді». Қазақстандық балалар ракпен қалай күреседі Эксклюзив

Қазақстанда 2 мыңнан астам бала қатерлі ісікке шалдыққан. Ал, жылына 500-ден аса балғын жаман ауруға ұшырап, дәрігердің көмегіне жүгінеді. Baq.kz тілшісі Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында ракпен күресіп жатқан балғындармен және олардың ата-аналарымен тілдескен еді.

Қазіргі таңда ең көп тараған – лейкоз (ақ қан ауруы). Жылына бұл дертке 170 бала шалдығады екен. Ракпен сырқаттанған балғындардың бірі – үш жасар Перизат Құбылтаева.

«Қызымның диагнозы – ганглионейробластома. Баламның ауруы үш жасында анықталды. Ол үш жасқа толған кезде үйде бір аяғын баса алмай қалды. Осы жасқа дейін қатты ауырмай, жүгіріп ойнап жүрген бала аяқ астынан жүре алмай қалды. Біз Семей қаласынан келдік. Сол жақта біз бір ай емделдік. Олар бізге диагноз қоя алмаған соң, Астанаға жіберді. Осы жақта диагноз қойылды. Баламның бүйрек үсті безінде метастаз болғандықтан безді алып тастады. Сүйек кемігіне зақым келген болатын. Сол үшін трансплантация жасалды. Трансплантация кезінде ол өз-өзіне донор болып, өзінің сүйек кемігін өзіне салды. Ота 2017 жылдың сәуір айында жасалды. Содан бері 7 курс химиотерапиядан өттік. Бұл бала ғой. Бірақ, 3 жасар болса да бәріне шыдап келеді. Ең бастысы, мен қасындамын. Дәрігерлер мен мейірбикелер күні-түні көмектеседі. Соның арқасында ауруын жеңіп келе жатыр. Бұл ауруды жеңу өте қиын. Балаларға, да ата-аналарға да психологиялық көмек керек. Біз кейде балалардың өліміне де куә боламыз. Бұл кез келген ата-ана үшін өте қиын. Ауруханадан шығып, қайта оралып жатқан балғындар да бар. Дәрігерлер бала толығымен жазылып кететініне кепілдік бере алмайды», - деді көзіне жас алған Гүлсім Әкімбаева.

Перизаттың анасының айтуынша, олар бір-екі күнде Семейге оралады. Ал, үйде денсаулығын бірқалыпты жағдайда ұстап тұру үшін бір жыл бойы қымбат дәрі ішіп тұруы керек екен. Бұл жас отбасы үшін қиынға түсері анық.

«Қызымның сүйектерінен метастаз толық кетпегіндіктен, Астанаға әлі келіп тұрамыз. Енді біз үш ай сайын ПЭТ-КТ диагностикасын жасап тұрамыз. Оны өту де қиын. Тексеру кезінде баланың денесіне радиактивті зат жібереді. Оны өтпеуге болмайды. Дегенмен, біз бұл ауруды толық жеңіп шығамыз деп сенеміз», - деді Әкімбаева.

Ал, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының Онкология-3 бөлімшесінде емделіп жатқан 12 жастағы Лидия Джамбова өзінің сауығып кететініне сенімді. Мінезі ашық Лидияның көп жүруге шамасы болмаса да, өзі жайлы әңгімелеуге қуана келісті.

«Диагнозым - Лимфома Ходжкина. Бұл лимфа жүйесінің қатерлі ісігі. Ауыра бастағанда маған жүру қиын болды. Мен диагнозымды естігенде тіптен қорқып кеттім. Себебі, менің қатерлі ісікпен ауырған тәтем мен ағам қайтыс болып кеткен еді. Бірақ, олар егде жаста болды, сондықтан оларды емдеу қиын болды. Ал, осы ауруханаға жатқызылғаннан кейін үрейім сейілді. Дәрігерлер маған әлі-ақ жазылып кетесің деді. Мен оларға сенемін», - деді павлодарлық Лидия Джамбова.

Лидияның анасы Евгения Джамбованың айтуынша, қызына диагноз 2017 жылғы қыркүйекте қойылған.

«Бастапқыда лимфа бездері ісе бастады. Біз тұмау деп ойлап, емделе бастадық. Одан кейін қызылша ауруымен ауырып, мойнында үлкен, қатты ісік пайда болды. Кейіннен онколог маманға жіберіп, Павлодардағы ауруханаға жатқызды. Астанадан биопсия нәтижесі келгеннен кейін елордаға жіберді. Аурудың неден пайда болғанын ешкім білмейді. Сырқатқа иммундық жүйенің төмендігі мен экологияның ластануы әсер етуі мүмкін екен. Бастапқыда әрине үрей болды. Астанаға келгеннен кейін дәрігерлер барлығын түсіндіріп, сырқатты емдеуге болатынын айтты. Ауруханада жатқанымызға үш ай болды. Әлі 4 ай жатамыз. Енді 4-ші курс химиотерапия аламыз. Бізге барлығы 6 курс химиотерапия керек. Бір курс химиотерапия 15 күнге жалғасады. Жағдайы сәл жақсарды. Ал, бастапқыда ол көп жүрген жоқ, көбінесе төсекте жатты. Тамақты дұрыс ішпей, көп салмақ жоғалтты. Егер талдау нәтижесі жақсы болса, алдағы уақытта 10 күнге үйге жібереді», - деді Евгения Джамбова.

Атап өтсек, елімізде онкологиялық ауруларды емдеу Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіреді. Пациенттермен тілдескеннен кейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты сөзге тартқан едік.

Министрдің айтуынша, онкологиялық ауруға арналған дәрілер науқастарға тегін берілуі тиіс.

«Бүкіл онкологиялық дәрілер амбулаториялық деңгейде тегін беріліп жатқан дәрі-дәрмек тізіміне кіреді. Қазіргі күні елімізде тіркелген, процедурадан өткен дәрі-дәрмекті біз сатып алып, науқасқа жеткіземіз. Бұл салада ешқандай үлкен проблема жоқ. Қазір 85 пайыз дәрі-дәрмекті сатып алып, өңірлерге, ауруханаларға таратып жатырмыз», - деді Біртанов.

Ведомство басшысының айтуынша, қатерлі ісікті жеңуде пациент пен ата-ананың ынтасы, ерік-жігері аса маңызды. Сәтті емделу де осыған байланысты.

«Біз, дәрігерлер эмоциялық күйдің аса үлкен рөл атқаратынын ешқашан жасырған емеспіз. Бұл бағытта көп жұмыс атқаруға тырысудамыз. Осы орайда медициналық әдептің аса маңызды екенін ұмытпауымыз керек. Бұның барлығы түрлі акция, ролик пен оқыту шараларында қамтылып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі ретінде біз медициналық көмек сапасын жақсартуға әрі қарай атсалысамыз. Қазір диагностика, трансплантация мәселелерін дамытып жатырмыз», - деді Елжан Біртанов.

Ал, «Help Today» қоғамдық қорының төрайымы Эльмира Әлиеваның айтуынша, бала кезде кез-келген сырқатты жеңу оңай. Мысалы, балалар арасында лейкоз ауруының емделу көрсеткіші 90-100 пайызды құрайды екен.

«Қатерлі ісіктің неден пайда болатыны белгісіз. Дегенмен, ерте анықталған дерт балының өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз, балалардың денсаулығына аса мұқият болу керек. Мысалы, лейкоз ауруының алғашқы белгілерін атасам, балғынның жылдам шаршап қалуы, тері астының көгеруі, мұрыннан қанның жиі ағуы, жиі тұмауратуы, дене қызуының дәрілердің көмегімен түспеуі, төсектен тұрып, жүре алмауы және т.б. Лейкоз кезінде баланың аяқтары, буындары ауырады. Осындай белгілер болса, балаға пункция жасалып, талдау жүргізіледі. Соның нәтижесі бойынша сырқат анықталады», - деп түсіндірді Эльмира Әлиева.

Әлиева 4-ші сатыдағы рак ауруына шалдыққан баланың қалай жазылып кеткенін де айтып берді.

«Бұл жағдай үш жыл бұрын болған. Науқастар арасында асқынған 4-ші сатыдағы қатерлі ісікке шалдыққан бала болды. Метастаз оның өкпесіне дейін жайылып кеткен. Осындай дерті асқынған балаға көмектесіп жүрдік. Дегенмен, бізде ол тірі қалмайды деген күдік басым болды. Бірақ, баланың әкесі әрдайым Аллаға сыйынып, намаз оқып жүретін. Баласы осылайша жазылып кетті. Қазір бұл жігіт екінші курс студенті. 100 пайыз жазылды деп айтпасақ та, қазір жағдайы тұрақты», - деді Эльмира Әлиева.

Атап өтсек, бүгін «UMC» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында Елжан Біртановтың қатысуымен «Help Today» қоғамдық қорының «Мен – жеңімпазбын!» жобасы таныстырылды. Қайырымдылық шарасында ауыр дертті жеңген қайсар балалардың ерлігі баяндалатын әлеуметтік роликтер көрсетілді. Роликтің бірінің кейіпкері - бала кезінде екі рет қатерлі ісікпен ауырған 18 жастағы пауэрлифтингтен чемпион. Алматылық жігіт осылайша басқа балғындарға үлгі көрсетіп, үміт сыйлады. Бейнежазбаларға кейіпкер ретінде ауруды жеңген балғындармен қатар дертпен әлі күресіп жатқан балалар да түсірілген.

«Мен - жеңімпазбын!» қайырымдылық жобасы - қатерлі дерттің алдын-алу, ерте анықтау мен дер кезінде дәрігерге қаралудың маңызы жоғары екенін еске салатын, ауыр сырқатқа шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарына сенім ұялатып, сауығып кетуіне ықпал ететін, үміт отын жоғалтпауға шақыратын жоба.

Бүгінгі шара аясында Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының Онкология-3 бөлімшесі мен «Ақылды сынып» интерактивті оқу бөлмесінің жұмысы таныстырылды. Дизайнерлер қайырымдылық негізде жөндеуден өткізген Онкология-3 бөлімшесінің ем-шара бөлмелері, дәліздері көңілді болуы үшін түрлі жануарлармен, әдемі суреттермен безендірілген. Бұндай шаралар науқас балалардың көңілін көтеріп, алып жатқан емінің шипасын арттыра түспек.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер