BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

ЭКО арқылы бала көтеруге жасы үлкен әйелдер көп келеді – Салтанат Байқошқарова

Жасанды ұрықтандыру арқылы бала көтеруге жасы үлкен әйелдер көп келеді. «Экомед» Адам ұрпағын өрбіту емханасының ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова уақытын жоғалтқан немесе көп операциядан өткен әйелдерде нәтиже аз болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

1995 жылы алғаш рет денеден тыс ұрықтандыру зертханасын ұйымдастырған Салтанат Байқошқарованың бастамасынан соң елімізде ЭКО әдісімен 14 мың бала дүниеге келді.

«Ол менің ғана еңбегім емес. Жалпы біздің еліміздегі осы сала мамандарының қосқан үлесі. 1995 жылы ең алғаш «старт» жасап, бір жылдан соң Құдай қолдап, өз қолыммен ең алғашқы бала дүниеге келді. Ең алғашқы бала 21 жаста. Англияда оқып жатыр. Менің қолымнан шыққан. Олардың жағдайын қадағалап отырамыз, жергілікті емханалар да қарайды. Қазақстанда алғашқы жылдары екі-үш қана маман едік, қазір санымыз бірнеше жүзге жетті. Сондықтан бұл сала дамып келе жатыр», - деді Салтанат Байқошқарова.

Ол бұл салада проблемалардың көп екенін айта кетті. Бүгінгі конгрессте соларды қозғап, гинеколог, репродуктологтармен бірге шешімін тапсақ деп отыр.

«Бір жылға мемлекеттен 900 цикл (квота) берілді. Квоталар жеткіліксіз. Он есе көп берілуі керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін кіргізіп жатыр. Соның арқасында әрбір әйел жылына бір рет квота алуына болады деп ойлаймын. Мүмкін оған 1-2 жыл керек болар», - деді ол.

Салтанат Байқошқарова квотаны нәтижелі топтарға бөлген дұрыс деп есептейді. Өйткені «Экомед» Адам ұрпағын өрбіту емханасына көбіне үлкен жастағы әйелдердің келетінін жасырмады.

«Квотаны бәріне бірдей бөле беретін болса оның нәтижесі төмен болады. Өйткені бізге көбінесе жасы үлкен әйелдер келеді. Ал енді уақытын жоғалтқан немесе көп операциядан өткендерде нәтиже аз. Әйелдің табиғатынан бала көтеруі төмен ғой. Мүмкіндігі бір айда 15-20%. Егер мықты аналық, аталық ұрық болса, өте жақсы жатырдың ішіндегі өніп-өсу қабаты жақсы дамыған болса онда нәтижелік жоғары болады. Жасын өткізіп алса, ұрығы аз болса, сапасы жоқ болса одан не нәтиже аласың. Сондықтан барлық нәрсе маманның қолында емес. Мәселе табиғи мүмкіндіктерде», - деді ол.

Дәрігер Қазақстанның технологиялық жағынан мықты екенін атап өтті. Сол себепті нәтижелі топтарда бала көтеру мүмкіндігі жоғары екенін айтты.

«Жақсы нәтижелі топтарда бала көтеру мүмкіндігі жоғары. Егер жастардан нәтижелі топты таңдап алса, еркектің не әйелдің ұрығы сапалы болса, онда оның нәтижесі бір жасаған кезде кем дегенде 30-40%. Ал егер криконсервацияны қолданса нәтижесін 70-80%-ға дейін жеткізуге болады (Криконсервация – ұрықты сұйық азотта -196 С градуста мұздатып сақтау)», - дейді маман.

Салтанат Байқошқарова бүгінгі өткізіліп отырған конгресс отырысының пайдасы зор деп есептейді.

«Жасанды ұрықтандыру бұл қиын, күрделі сала. Сол себепті дүниежүзілік конгресстер жазда Еуропада, күзде АҚШ-та он мыңдап жиналады. Қазақстанда жылына 500 адамдай жиналамыз. Ал Ресейде 2 мың адамдай. Осы мәселелерді шешу үшін жаңа дәрілер, жаңа әдістер, технологиялар шығарылып жатыр. Нені жасасақ нәтиже көбейеді, қандай жолмен жүруіміз керек, осындай сұрақтарды талқылап жатырмыз», - деді Салтанат Байқошқарова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер