BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 336.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 390.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.36
Астана:

Донор күні: 450 грамм қан 3 адамның өмірін сақтап қалады

14 маусым - Дүниежүзілік донор күні. Бір адамнан алынған 450 грамм қан 3 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Былтыр еліміз бойынша 80 мыңнан астам науқасқа 360 мың рет қан құйылған. Ал, қан тапсырып, осы бір игі істің ортасында жүрген отандастарымыздың саны 185 мыңнан асады. Олар былтыр шамамен 220 мың рет қан тапсырған, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бұл күнді атап өтудегі мақсат - өз еркімен және ақысыз қан тапсыратын, талай адамды өлім аузынан арашалап қалуға септігін тигізіп жүрген азаматтарға алғыс айту. Сонымен қатар, қан тапсырудың денсаулыққа пайдасы мен науқастарға қолұшын беру қажеттігі жайлы жан-жақты ақпарат таратылып, жұртшылықты игі іске шақыру.

"Жыл сайынғы дәстүрге айналған науқан биыл "Қан тапсыр. Өзгелерді де ойла. Науқастарға үміт сыйла" деген тақырыпта өтіп жатыр. Қазақстанда пациенттерді қанмен қамтамасыз ететін және трансфузиялық көмек көрсететін медицина ұйымдарының саны 470-тен асып жығылады. Қан алу яғни, трансфузиология ісімен білікті мамандар айналысады. Сондықтан донор болғысы келетін адамдардың алаңдауына ешбір негіз жоқ", - деді МƏМС баспасөз қызметі.

Мамандардың айтуынша, ересек адамның ағзасында 5,5 литрге жуық қан бар. Бір рет қан тапсырғанда донордан 350-450 миллилитр қан алынады. Мұның адам организміне тигізер пайдасы да зор. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрақты түрде қан тапсыратындардың өмірі шамамен 5 жылға ұзарады. Сондай-ақ, бұл донордың өзі үшін де тиімді. Денсаулыққа пайдасын былай қойғанда, донорға бірқатар артықшылықтар беріледі. Мәселен, ВИЧ/СПИД, сифилис, қандағы гемоглобин мөлшерін, қан тобы мен резус-факторын анықтау сынды т.б. талдау түрлерін тегін тапсыруға мүмкіндік алады. Қан тапсырған күні студенттер мен оқушылар сабақтан, жұмыскерлер жұмыстан босатылады, жалақысы болса толық төленеді.

"Мыңнан астам донация жасаған бірегей плазма иесінің бірі Австралияда тұрады. Джеймс Харрисон - өмірінде 1173 рет қан тапсырып, екі миллионнан астам сәбиді аман алып қалуға көмектескен. Оның қанында резустар сәйкес келмеген жағдайда таптырмайтын, D резус-факторы антигеніне қарсы әрекет ететін сирек антиденелер бар. Қызыл крест ұйымының мәліметінше, 1967 жылы осы резустар сәйкессіздігінен жыл сайын мыңдаған австралиялық бала көз жұматын. Биыл 81 жасқа толған Дж.Харрисон заң талабы бойынша қан тапсыруды тоқатты", - дейді Медициналық сақтандыру қоры.

Ал біздің заманның осындай батырларының бірі Алматы қаласында тұрады екен. Александр Скаковскийдің тұрақты түрде қан тапсырып келе жатқанына 47 жыл толыпты. Осы уақыт ішінде ол 1090 рет қан тапсырған. "Халық қаһарманы" сыйлығының лауреаты бүгінде 72 жаста.

«Бүгінде Қазақстанда донорлардың жасына қойылатын шектеулер алынып тасталды. Сондықтан қанды өміріңнің соңына дейін тапсыра беруге болады. Денсаулығың жараса болғаны. Құдай қуат берсе, тағы 20 шақты жыл қан тапсыруға болады деп ойлаймын", – дейді А.Скаковский.

Енді кімдер донор бола алады деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Медсақтандыру қорының мәліметінше, донордың жасы ең алдымен 18-ге толуы керек. Қан тапсырмас бұрын міндетті түрде медициналық тексеруден өкізіледі. Ал, гепатит, сифилис, туберкулезбен ауырғандар, ВИЧ індетін жұқтырғандар, нашақорлар донор бола алмайды. Сонымен қатар, донор бауыр, бүйрек, жүрек-қан тамыры жүйесінде кездесетін созылмалы ауруларға шалдықпаған болуы тиіс. Қандағы гемоглобин мөлшері төмен адамдар да (әйелдерде - 110 г/л, еркектерде - 120 г/л) уақытша донор бола алмайды. Сондай-ақ, қан тапсырардан біраз бұрын ота жасатқандар, тісін емдетіп немесе жұлдырғандар, дәрі-дәрмек ішкендер, екпе салдырғандар, эндемиялық аудандарға барып келгендердің донор болуына уақытша шектеу қойылады.

"Қан тапсыру үшін де дайындық керек. Мысалы, одан бір күн бұрын және таңертең майлы тағамдар мен ет-сүт өнімдерінен бас тарту қажет. Түнгі ауысымнан шыққаннан кейін демалып алмай, қан тапсыруға, ауыр зат көтеруге болмайды. Қан берер алдында темекіден 3 сағат, спиртті ішімдіктерден 48 сағатқа бас тарту керек. Қан орталығына баратын күні таңертең тәтті шай, шырын, газдалған сусындар ішіп, нан-тоқаш өнімдерін жеуге болады", - деп түйіндері МƏМС қоры.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер