BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.3 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Баннерге айналған ақ халат немесе дәрінің дерті Эксклюзив

Фото: The Qazaq Times

Зарина Әбілмәжінова, Baq.kz тілшісі.

Қыркүйек айының басында француздық Sanofi фармацевтикалық компаниясы Қазақстанда өнімдерін сатуда үстемдікке ие болу үшін жемқорлық төлем жасапты деген ақпарат шықты.

Фармацевтика алпауыттарының құйтырқы әрекеттері туралы хабарлама оқтын-оқтын шығып тұрады. Дәріхана – азық-түлік дүкені сияқты үйреншікті болып кеткен біздің елдегі аухал сол алпауыттардың мақсатына жетуінің көрінісі емес пе?

Германияның Уетзлар (Wetzlar) қаласында дәрігер болған Ғабит Нұрханұлы дәрі өткізуді қосымша табыс көзіне айналдыруға әлеуметтік жағдай мәжбүрлейтінін айтты.

Ғабит Нұрханұлы

BAQ.KZ: - Әлемдік фармацевтика алпауыттары өз дәрі-дәрмектерін жарнамалау үшін дәрігерлерге жүйелі түрде сыйақы береді деген мәлімет бар. Бұл рас па? Рас болса, ол қалай жүзеге асады?

Ғабит Нұрханұлы: - Бұл аймақтарда да, Астанада да қалыптасып қалған жағдай. Мысалы, емделушіге қандай дәрі ішуі керек екенін жазып беріп қана қоймай, қай дәріханадан сатып алу керектігін айтса – күмәндана беріңіз. Дәрігердің нұсқауымен дәрі-дәрмек сатып алуға барасыз. Сатушы рецептке басылған мөрге қарап, сізді қай дәрігер жібергенін біледі. Осылайша фармацевтикалық компания дәл сол дәрігер арқылы қанша дәрі өткенін анықтап, оған қаламсаптан бастап, ақшалай сыйақыға дейін беруі мүмкін.

BAQ.KZ: - Дәрі-дәрмектерді қосымша табыс көзі қылудың басты себебі неде деп ойлайсыз?

Ғабит Нұрханұлы: - Бірінші себеп – жалақының аздығы. Білесіз бе, дәрігерлік жолды таңдағандардың көбі хирург болғысы келеді. Өйткені басқа медициналық сала қызметкерлеріне қарағанда хирургтердің жалақысы жоғары. Хирургке ота жасатқан адам «рахметін де» жақсылап «айтады». Мысалы, Германияда мұндай мәселе жоқ, яғни медицинаның қай саласында қызмет етсең де – жоғары жалақы бар. Ол жақта дәрігердің ең төменгі жалақы мөлшері теңгеге шаққанда орташа есеппен – 860 мың. Отбасылы болсаң, отбасы мүшелерінің санына қарай қолға алатын жалақы мөлшері 2 миллион теңгеге дейін барады.

Екінші себеп, емделушілер дәрігерді өздері «еркелетіп» алады. Мысалы, дәрігердің емі көңілінен шыққан жағдайда ақшалай немесе заттай сыйлық береді. Біздегі дəрігерлердің айтатын бір әңгімесі бар. Сталиннен «дəрігерлерге қанша жалақы береміз?» деп сұраса, ол «оларға айлық бермейміз. Жақсы дəрігерді халық асырайды» депті-міс. Бұл – қате түсінік. Сен мемлекетке жұмыс істейсің бе – сені мемлекет асырауы керек. Жалақың аз ба – мемлекеттен сұра, мұқтажыңды науқастан өндірме. Ал дәрігерге сыйлық берген емделуші өзінен басқа қанша науқас бар екенін, олардың қаржылық әлеуетін түсінуі керек. Науқас мұндай әрекеті арқылы дәрігер алдында сыйлық бере алмайтын науқастардың дәрежесін түсіре береді.

BAQ.KZ: - Қазақстанда жүрген кезде 7 жыл реанимотолог болыпсыз. Шетелде тәжірибеңіз бар. «Дәрігер-науқас» тандеміндегі қарым-қатынастың айырмашылығын айтсаңыз?

Ғабит Нұрханұлы: - Германияда екпе жұмысы, кіші дәрет, ұлы дәрет анализдерін алу; қуыққа катетер қою сияқты жұмыстың бәрін – дәрігер өзі жасайды! Ондай жұмыстарды медбикеге жасатып үйреніп қалған мен басында таң қалып, тіпті жиіркендім. Кейін - оның бәрі жауапкершілік, таңдаған жолыңа адалдық екенін ұқтым. Германиядан келген кезде, дәрігерлердің науқасқа қосымша табыс көзі ретінде қарауының сондай жабайылық екенін аңғардым. Сондықтан жеке практикаға кетіп қалдым. Қазір хижама жасаймын.

Люксембургте тұратын Аяулы Мұқажанова ол жақта дәрілер барлық дәріханада бірдей бағада сатылатынын айтты.

Аяулы Мұқажанова

Аяулы Мұқажанова: - Ай сайын жалақыңыздың белгілі бір мөлшерін медициналық сақтандыру үшін ұстап қалады, бірақ сырқаттанып қалған кезде қандай медициналық көмек түрі болсын – тегін көрсетіледі. Науқас дәрі-дәрмекке шығындалмайды. Бірнеше көшеде бір ғана дәріхана орналасқан. Менің жұмыс орным қаланың орталығында. Ол жақта бір ғана дәріхана бар. Тәулік бойы жұмыс істейтін дәріхана көрген жоқпын.

Ал Қазақстан қалаларындағы дәріханалардың орналасу жиілігі қандай? Тығыз екенін оқырман әлден түсініп отыр. Фармация комитетінің мәліметінше, біздің елде дәріханалардың орналасу тығыздығына шектеу жоқ. Бұрын 10 мың адамға 1 дәріхана нормасы болған екен. Биылғы есеп бойынша, елімізде 8 500-ден астам дәріхана бар, оның 96% – жекеменшік. Дәріханалармен ең жоғары қамту Алматы облысы, ОҚО, ШҚО және Астана мен Алматы қалаларында байқалады.

Сол жақта: Люксембургтегі Rue de Bonevoe көшесі

Оң жақта: Астанадағы Бөгенбай көшесі

Алынған аумақ: 500 м : 1 см

Дәріханалар көк түспен белгіленген

BAQ.KZ: - Дәрігер көмегіне қаншалықты жиі жүгінесіз?

Аяулы Мұқажанова: - Бұл жақта біреумен амандаса қалсаңыз да, таныссаңыз да қойылатын алғашқы сұрақтардың бірі – «Қандай спорт түрімен шұғылданасыз?». Спортпен шұғылданып, денсаулығымызға аса мән береміз. Емханаға көбінесе ауырғандықтан емес, тексерілу үшін барамыз. Жексенбі және мейрам күндері дәріханалар жабық тұрады. Ауырып қалған жағдайда дәрі-дәрмектер тек рецепт бойынша беріледі.

Сыйақы мен жалақының ортасында

Ресейлік РБК 2017 жылдың миллионер-дәрігерлерінің тізімін жариялады. Мақалада өткен жылы 41 000 ресейлік дәрігер дәрі-дәрмек жарнамалап, сыйақы алғаны туралы жазылған.

2017 жылы Sanofi фармацевтикалық компаниясынан 1,1 млн рубль сыйақы алған Н.Н.Блохин атындағы онкологиялық орталықтың маманы Илья Покатаев қосымша табыс табуына – жалақы мөлшерінің аздығы себеп емес екенін айтқан.

«Келісімге сәйкес жұмыс істедім және соған сәйкес сыйақы алдым», - дейді ол.

Сұхбаттағы сұрақтарға ресми жауап берген ҚР ДСМ Фармация комитетінің жауабына сүйенсек, осы уақытқа дейін бір де бір қазақстандық дәрігер фармацевтикалық компаниялардың дәрілерін өткізіп, сыйақы алмаған.

- Қазір құқық қорғау органдарынан фармацевтикалық компаниялар немесе олардың дистрибьюторлары тарапынан дәрігерлерге, лауазымды тұлғаларға дәрілік заттарды жарнамалағаны үшін ақша төлеу фактілері бойынша тіркелген жағдайлар туралы ақпарат түскен жоқ, - дейді Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова.

Комитет төрайымы дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды тағайындауға өкілетті медицина қызметкерлерін жарнама үшін пайдалануға тыйым барын айтты. Сондай-ақ, сыйақы алу мақсатында мұндай заң бұзушылық болған жағдайда 80 АЕК (192 000 теңге) - 300 АЕК (721 500 теңгеге) дейін айыппұл салынатынын мәлімдеді.

Медициналық сақтандыру жүйесі де, дәрілердің бағасын реттеу де Қазақстанда енді жолға қойылып келеді.

Астанада дәрі-дәрмек және медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасын реттеу туралы заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесі бойынша өткен дөңгелек үстелде Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой баға реттеу – уақыт талабы екенін айтты.

- Дәрі-дәрмектер бағасын реттеу мүмкіндігі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың спекуляциясына тосқауыл болады. Бізде дәрі-дәрмекті қадағалаудың ұлттық орталығы бар. Оның сайтында барлық дәрі-дәрмектердің бағалары ашық түрде жазылады. Сатып алушы бағада айырмашылық бар екенін байқаса, шағымдануына болады. Ондай жағдайда дәріханаға айыппұл салынады немесе басқа да шаралар қолданылады, - деді ол.

Дәрігерлер фармацевтикалық компаниялардың дәрі-дәрмектерін жарнамалап, сату арқылы сыйақы алуы – халық күнде көріп жүрген ақиқат, ал медициналық билік үшін – аңыз ғана сияқты. Өйткені ресми түрде ондай жағдай тіркелмеген.

Денсаулык сактауды каржыландыру саясаты бойынша сарапшы Марат Мамаевтың айтуынша, елімізде осы уақытқа дейін мемлекет, дәрігер, дәрі-дәрмек өндіруші және науқас арасындағы қарым-қатынасты зерттеу жұмыстары жүргізілмеген.

Марат Мамаев

Марат Мамаев: - Әр мемлекет нарығындағы «ойын» әртүрлі, сәйкесінше оған қатысушыларды ынталандыру жолдары да әртүрлі. Мысалы, фармацевтикалық компанияның басты мақсаты – дәрі сату арқылы табысты барынша арттыру болуы мүмкін. Ол компания қандайда бір елдің нарығына кірген кезде сол мемлекеттің шарттарына бейімделу арқылы мақсатына жетеді. Яғни, сыйақы мәселесін шешуді заңнамалық деңгейден бастау керек.

Анықтама үшін

Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекованың айтуынша, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңына сәйкес, дәрілік заттар және медициналық мақсаттағы бұйымдар туралы анық ақпаратты ғылыми немесе білім беру мақсатында, сондай-ақ пациенттерді хабардар ету мақсатында ұсыну жағдайларын қоспағанда, дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды тағайындауда өкілетті медицина қызметкерлерін жарнамаға пайдалануға тыйым салынады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер