BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Астанадағы 44 емхана азаматтарды тіркеуді бастады

Елімізде емханаға тіркелу науқаны басталады. Жыл сайынғы дәстүрлі кампания екі айға созылады. Тіркелу науқаны шеңберінде қазақстандықтар, ҚР аумағында тұрғылықты тұратын шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар емхананы еркін таңдау құқығын пайдалана алады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласы бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 44 денсаулық сақтау субъектісі тұрғындарды тіркеуге дайын. Оның ішінде 31 медициналық қызметті жеткізуші тіркелген халықпен жұмыс жасап келсе, 13 мекеме қалалық Қордың жеткізушілер тізіміне жаңадан енгендер. Тіркеу науқанына қатысуға алғаш ниет білдірген жеткізушілер жеке меншік емханалар екенін айта кеткен жөн.

«Астанада алдыңғы жылғы тіркеу науқанының қорытындысы бойынша 1 034 млн адам емханаларға тіркелді. Қала тұрғындары санының динамикалық өсуіне байланысты биыл бұл көрсеткіш өзгереді деп күтудеміз.», - дейді «ӘМСҚ» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Н.Қабдықапаров.

Астана қаласы тұрғындарға медициналық қызмет көрсету бойынша 556 учаскелерге бөлінген. Яғни, қазіргі таңда бір дәрігерге жүктелген жүктеме 1859 адамды құрайды. Келесі жылдан бастап дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханалардағы кезекті азайту мақсатында тіркеу шегі белгіленеді. Ол бойынша бір жалпы практика дәрігеріне тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс.

Емханаларға тіркелу үшін азаматтар таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып, электронды үкімет порталы арқылы онлайн режімде және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеле алады. Емхана арқылы тіркелу үшін жеке куәлігіңізді алып, бас дәрігердің атына өтініш жазасыз. Онлайн режімде тіркелу үшін жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтырасыз. Ал ХҚКО арқылы тіркелу үшін Connection Points бөлімінің қызметін қолдана аласыз.

Н.Қабдықапаровтың айтуынша, емханаға тіркелер алдында отбасылық қызмет көрсету және медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі принциптерін ескере отырып, үйіңізге жақын емхананы таңдаған жөн. Бұл принцип науқасқа дәрігердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Азаматтарды емханаларға тіркейтін мекемелердің тізімі «ӘМСҚ» КЕАҚ-ның https://fms.kz/kk/select-medical-inst интернет-ресурсында берілген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер