BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Астанада жыл сайын 3650 жалған медициналық анықтама сатылады

Бүгiн «Астана - адалдық алаңы» жобасы шеңберiнде жалған медициналық анықтамаларды жою мәселесіне арналған баспасөз мәжiлiсi өттi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Өкiнiшке орай, бүгiнгi күнi медициналық анықтаманы, денсаулық кiтапшасын немесе науқастық демалыс парағын «сатып алу» мүмкiндiгi бар. Тiптi аталған құжаттардың сатылатындығы жөнiнде интернет желiсiнде ашық түрде жарияланған. Бұл жағдай әлеуметтiк маңызды салалардағы бiлiм беру, денсаулық сақтау, қоғамдық тамақтандыру ұйымдарында азаматтар үшiн қалыпты және қауiпсiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге керi әсерiн тигiзедi. Нақты медициналық сараптамасыз олардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төнедi», - дедi ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi департаментiнiң орынбасары Жазира Жылқышиева.

Маманның айтуынша, Астана қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметiнiң департаментi 12 мамырда заманауи компьютерлiк технологияларды пайдалана отырып жалған медициналық құжаттарды жасайтын адамдардың қылмыстық тобын әшкереледi. Тiнту жұмыстарын жүргiзу барысында департамент қызметкерлерi 200 бланк 086/е формасындағы медициналық анықтамасы, 190 санитарлық кiтапша, медициналық мекемелердiң 80-нен астам мөрi, дәрiгерлердiң жеке мөрлерi, медициналық талдау нәтижелерi, флюрографиялық суреттер, медициналық диагнозы бар ескерту күнделiктерi және тағы басқа анықталды. Қазiр тергеп-тексеру жұмыстары жүргiзiлiп жатыр.
Баспасөз мәжiлiсiнде материалдық сыйақы үшiн жалған медициналық анықтамалар берген тұлғаларды ұстау сәтiнде түсiрiлген бейнежазба да ұсынылды.

«Өздерiңiз көргендей, алаяқтар медициналық анықтамалар және санитарлық кiтапшаларды арнайы дағдылар мен техниканың көмегiнсiз үй жағдайында дайындайды. Ендi қанша азаматтың, сондай-ақ, мигранттардың осындай куәлiктердi күнiне, аптасына немесе жылына қанша дана қолданғанын елестетуге болады. Статистикалық мәлiметтерге сәйкес, 2017 жылы Астана қаласының 11 емханасы 086 формасындағы анықтамасының 29 099 данасын заңды түрде бердi. Бұл күнiне шамамен 79 анықтаманың берiлгенiн көрсетедi. Аталған қызмет ақылы түрде көрсетiледi және оның орташа бағасы 7 мың теңгенi құрайды. Ал, ашылған бiр факттен ғана бiз орта есеппен күнiне 10-ға жуық, яғни жылына 3650 жалған анықтама берiлетiнiн анықтадық. Осы есептеулер арқылы бiз Астана қаласының емханалары жылына 25 млн 550 мың теңгеден астам соманы жоғалтқанын көре аламыз. Ал, бұл 086 формасындағы анықтама ғана. Осы қаражат емханаларда науқастар үшiн қолайлы жағдай жасауға немесе дәрiгердердiң жалақыларын жақсартуға мүмкiндiк берер едi», - дедi Жазира Жылқышиева.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша департамент басшысы Шыңғыс Қабдолла осындай заң бұзушылықтарды жою мақсатында жедел және алдын алу шаралары жүргiзiлiп жатқанын айтты. Оның мәлiметiнше, «бiр терезе» қағидаты бойынша ХҚКО арқылы медициналық анықтамалар, уақытша еңбекке жарамсыздық және санитарлық кiтапшаларды беру бойынша мемлекеттiк қызметтердi толық автоматтандыру үшiн Денсаулық сақтау министрлiгiне ұсыныс әзiрлендi.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер