BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.98 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 428.7 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.64
Астана:

Астанада сәбилі болған үш әйелдің неден қайтыс болғаны алдағы уақытта белгілі болады – министр

Перинаталдық орталықта болған ана өліміне қатысты сараптама жүргізілуде. Оның қорытындысы алдағы уақытта шығарылады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Перинаталдық орталықта болған жағдайға тоқталайын. Өкінішке қарай, үш әйел көз жұмды. Жалпы елімізде ана өлімі көрсеткешінің артқаны байқалады. Ана өліміне қатысты оқиғалар толық тергеуді талап етеді. Сондықтан бұл жағдайлар толығымен тексерістен өтеді. Қазіргі таңда тиісті зерттеулер жүргізілуде», - деді министр.

Сонымен қатар, Елжан Біртанов елордада сәбилі болған үш әйелдің неден қайтыс болғаны алдағы уақытта белгілі болатынын айта келе, сараптаманың қорытындысын ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин мәлімдейтінін атап өтті.

«Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Мұхтарұлы осында отыр. Тексерістің қорытындысы шыққан кезде алдағы брифингтің бірінде ол үш ананың неден қайтыс болғаны туралы ақпарат сіздерге береді. Бұл ақпарат құпия емес», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрі ана мен бала өліміне қатысты деректер оның жеке бақылауында екенін айтты.

«Болған оқиғалардан қорытынды шығару маңызды. Біз осы бағытта тұрақты жұмыс жүргізудеміз. Яғни бізде республикалық деңгейде ана өлімі туралы мәлімет жинайтын арнайы штаб бар. Сондай-ақ, ай сайын ана өлімі бойынша деректерді министр мен вице-министр бақылап отырады», - деп түйіндеді сөзін Елжан Біртанов.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Астанадағы № 1 перинаталдық орталықта босанған үш әйел қайтыс болған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер