BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Астанада осы уақытқа дейін 42 адам СПИД-тен көз жұмған

Фото: Автор

Жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде бүкіләлемдік ЖИТС (СПИД) құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Айтулы датаға орай бүгін қаламыздағы Менеджмент және бизнес колледжінде ЖИТС орталығы мамандары, қаладағы бірнеше колледждердің студенттері және оқу орнының қызметкерлерінің қатысуымен «Ұмытпаймыз, білеміз, жеңеміз!» тақырыбы аясында акция өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

ЖИТС-тен қаза болғандарды еске алу күнін өткізудің мақсаты – әлемді қоғамның АИТВ/ЖИТС-ң таралу мәселелеріне көңіл бөлуі, АИТВ-жұқтырғандарды әлеуметтік қорғау, ауруды емдеу және алдын алу. ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Мусина адамның иммун тапшылығының вирусы (АИТВ) бүгінгі күні медицина қызметкерлерін ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатып отырған мәселе деп атап өтті.

«Әсіресе өздеріңіз сияқты қыршын жастардың осы аурудың қақпанына ілігуі бізге үрей туғызып отыр. Оның себебі – албырт жастарымыздың аталмыш аурудың жұғу жолдарына мән бермеуінде. Қазіргі таңда ауруды жұқтырғандардың 70 пайызы оны жыныстық жолмен қабылдап алған. Сол себепті де біз сіздермен жиі жүздесіп, аурудың алдын алу мақсатында осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз» – деді Мусина.

Мамандардың мәліметінше қаламызда былтырғы жылдың төрт айында аталмыш індетке 72 адам шалдықса, биыл 64 адам осы дерттің тұзағына түскен. Қаламызда үдемелі өсіммен алғанда бүгінге дейін 1489 адамда АИТВ анықталған. Осының 42-сі СПИД-тің салдарынан көз жұмған. Аталмыш дерт өткен ғасырларда өлімге әкелетін сырқат болып саналатын еді, қазіргі таңда АИТВ жұқпасы созылмалы ауру ретінде қаралады. Осы дертке шалдыққан Андрей қаншама жыл күрескенін атап өтті.

«Ауру айтып келмейді. Дегенмен жастар әсіресе дауасы жоқ СПИД-тен сақ болыңдар. Бастысы жұғу жолдарынан хабардар болып, денсаулықтарыңа сауатты болыңдар. Мен өткен өміріме өкінемін, бірақ бүгініме де тәубе етем. Осы дерттің салдарынан қаншама жан көз жұмды. Ал мен сіздердің алдарыңызда тұрмын. Өткеніңнен сабақ алсаң, болашағыңды жоспарлауға болады екен», - деп ол жастарға өз сырымен бөлісті.

АИТВ жұқпасын жұқтырған адам уақытылы ем-домын қабылдап, салауатты өмір салтын ұстанған жағдайда биологиялық қарттық жасына дейін өмір сүре алады дегенді мамандар жиі айтады.

Акция концерттік бағдарламалармен ұласып викториналық сұрақ-жауаптармен жалғасты. Шара барысында барлық қатысушылар арасында түрлі ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар үйлестірілді.

Сондай-ақ аталмыш мекемелерде жастарға аурудан сақтану жолдары туралы жазылған ақпаратттық парақшалар таратылды. Мамандар кез келген азамат нәтижесі 15 минуттың ішінде белгілі болатын қандағы АИТВ-инфекциясын анықтау бойынша экспресс-тестіден өту мүмкіндігіне ие бола алатынын айтты. Жиналған жастар «СПИД құрбандарын ұмытпаймыз, біз жамандықтан жиренуді білеміз, білгендіктен жеңеміз» деген ниетпен қызыл түсті шарларды аспанға ұшырды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер