BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Ана мен бала 95% адам өлімімен аяқталатын отадан аман қалды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қыркүйек айында Астана қаласының №2 көпбейінді қалалық ауруханасының акушерлік бөліміне жүкті әйел ауыр жүрек сырқатымен түскен. Дәрігерлер шұғыл түрде ота жасап, ана мен баланың өмірін сақтап қалған. Бұл туралы аурухана мамандары мен Басқарма қызметкерлері толығырақ айтып берді.

Әртүрлі кардиологиялық және өкпе патологиялары анықталған 1987 жылғы әйел жүктіліктің 35-аптасында болған. Мұндай патологиялармен елорда дәрігерлері алғаш рет кездесіп отыр.

«Шұғыл түрде керекті диагностикалық және лабораториялық, саладық мамандардың тексеруінен өткізген соң "қолқаның жоғарылаған бөлігінің өткір қабаттану аневризмасы" диагнозы қойылды», - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Құрамында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшылары, бас дәрігер, бас мамандар мен бөлім меңгерушілерінің қатысуымен консилиум өткізіліп, тез арада ота жасау жөнінде шешім қабылданған.

«Алдымен акушер-гинекологтар нәрестені кесарево әдісімен дүниеге келтіріп алып, одан кейін кардиохирургтер жүрегіне ота жасады», - дейді Әлия Рүстемова.

Ота жасалған науқас арада 13 тәулік өткен соң жансақтау бөлімінен кардиохирургия бөліміне ауыстырылған. Нәрестесінің де, өзінің де жаны аман қалған Сабира Әбенова қуанышында шек жоқ екенін айтып, дәрігерлерге алғыс айтты.

«Бұл - менің екінші ұлым. Есімі - Нұрбақыт. Жүктілік кезінде денсаулығым сыр берген жоқ. Өзімді жақсы сезіндім. Аяқ астынан осындай жағдай болып қалады деп кім ойлаған. Ажалдан арашалап қалған дәрігерлерге айтар алғысым шексіз», - дейді ол.

Әдетте бұл диагноз бойынша ота жасаудың соңы 95% жағдайда өліммен аяқталады. Періштесі қаққан сәбидің әкесі Бағдат Қуанышұлы да дәрігерлерге алғыс айтып, өз ойымен бөлісті.

«Жұбайым 13 күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. Шынымды айтсам, үмітім үзіліп, әйелімнің беті бері қарайтынынан күдер үзе бастадым. Сәбиім екеуінің өмірге қайта оралғаны үшін алдымен Аллаға, одан кейін демалыс күні болғанына қарамастан аяқтарынан тік тұрып қызмет етіп, ота жасаған дәрігерлерге рақмет айтам», - дейді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер