USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Алматыда 35 жастағы әйел 10 баланың анасы атанды

Алматыда 35 жастағы әйел 10 баланың анасы атанды. Алтын құрсақты келіншек осыдан 2 апта бұрын үшемді туды. Балалар қазір Қарасай аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімшесінде жатыр. Дәрігерлер ай-күні жетпей туған нәрестелердің жағдайы оңалғасын, ауруханадан шығармақшы. Алайда, қыстың көзі қырауда көп балалы отбасы құрқылтайдың ұясындай жалдамалы тамды паналауға мәжбүр.

35 жасында он баланы өмірге әкелген батыр ана Айгүл Ысқақованың қуанышында шек жоқ. Көп балалы ана болуды әу бастан армандаған келіншек Ысқақовтар әулетіне бірден үшем сыйлады. Бұған дейін 7 құрсақ көтеріп, күміс алқа тағып үлгерген ананың сәбилерінің арасы 2 жылдан. Үлкені 13-ке толыпты. 7 баладан кейін өмірге келген үшемге ата-анасы Аян, Аяна және Раяна деген есім беріпті.

«Жолдасым үйінде жалғыз ұл, үш қыз болды. Бірақ, көбірек болса екен деп айтты, көп болған жақсы ғой деп. Сол үшін көпбалалы болғанды қаладық.Үш бала болғанын білгенде біз жолдасымыз екеуміз қорықтық кішкене. Оларды қалай бағамыз, оларды қалай жеткіземіз деген ой келді. Бірақ, Құдайдың бергені. Өзіміз енді дүниеге алып келгеннен кейін ары қаратай бағу міндетіміз», - деді көп балалы анна Айгүл ЫСҚАҚОВА.

Осыдан екі апта бұрын дүние есігін ашқан үшемнің екеуінің жағдайы қазір қалыпты. Яғни, Аян мен Аяна анасының жанында палатада. Ал, кішкентай Раяна жан сақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер ол тиісті салмағын жинап біткесін, үшемді үйлеріне жіберуге дайын отыр.

Үшемдер ай-күні жетпей туған. Раяна қазір жан сақтау бөлімінде жатыр. Оның салмағы туылғанда 1 келіден сәл асқан. Қос перзентінінің жағдайы жақсы болса да, кенжесіне алаңдаған анасы Раянасының жағдайына қаймығып бір сәтте алыстамайды.

«Бұл биылғы жылы біздің перзентханамыздағы алғашқы үшем. Сәбилердің денсаулығына қауіп тудырмау үшін, кесір тілігі арқылы босандырдық. Өмірге бірінші 2 келі 300 граммен ұл бала келді. Ал, екінші туған қыздың салмағы 1 келі 950 грамм болса, кенжесінің салмағы небәрі 1 келі 550 грамм. Әзірге үшемді перзентханадан қашан шығаратынымызды айта алмаймыз, барлығы уақыттың еншісінде», - деді «Қарасай аудандық ауруханасы» перзентхана бөлімшесінің меңгерушісі Эльмира ҚАЛИБЕКОВА.

Үшемдердің перзентханадан шығуын үйде әкесі мен 5 бауыры асыға күтуде. Ал, тұңғыштарын әке-шешесі мектепке орналастыра алмағандықтан, шалғайдағы ағайынына уақытша оқуға жіберіпті. Қалған 5 бала мен үшем енді мына аядай бөлмеде өмір сүруге мәжбүр. Өйткені, отбасының жағдайы мәз емес. Айына 20 мың теңге төлеп, тозығы жеткен құрқылтайдың ұясындай тамды жалға алып, әрең күн кешуде. Отағасының сөзінше, бұрыннан бері пәтер кезегінде тұрған Ысқақовтар әулетіне Алатау ауданының әкімдігі 7 баладан соң-ақ үй беруге уәде етіпті. Алайда, бұл тек сөз жүзінде қалған көрінеді.

«2009 жылы Шаңырақтағы әкімдікке кіргенбіз. Қалалық әкімдіктен де қағаз алып, кезекте тұрғанбыз. Ол кезде тұрып жатқанда үш баламыз болатын. Содан міне жетеу болды, әлі міне-міне деп. Әкімдіктегілер сөз берді, былтыр жетіншісін босанғанда, қағаз алып кел, жетеу деген анықтама алып кел деді. Содан кейін былтырдан қалдырмаймыз деген», - деді Қайрат ЫСҚАҚОВ.

Автобус жүргізіп, күнделікті тапқан-таянғанымен бала-шағасын асырап жүрген отағасы қазір тіпті жұмыссыз. Перзентханадан күні ертең шығатын үшемді жылы үйде қарсы алуға әке қауқарсыз. Отбасының тіпті көмір түсіруге табысы жоқ. Десе де, жас бола тұра 10 баланы өмірге әкелген Ысқақовтар әулеті қиындықтан қаймықпай, бала-шағаны қатардан қалдырмауға барын салмақ.

Алматы арнасы

Ұқсас сілтемелер:
27 Қараша 2016, 08:31
Шетел асқан бала хаты
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады