BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Алмас Бердібеков: Сау жүрек — басты байлық Эксклюзив

Фото: Автор

29 қыркүйек — Халықаралық жүрек күні. Адамның ең нәзік, ең берік, ең басты мүшесі - жүрек. Жанымыз жүдесе де жүктің бәрі ең әуелі кеудеміздегі осы бір кесек етке түсетіні рас. Ал, бауыр етің балаңыздың жүрегі ауырса, ата-ана үшін одан асқан ауыр дүние бар ма? Адам баласының ең аяулы жері жүректі емдейтін, жүрек ауруымен сырқаттанған балаларға ем жасайтын дәрігер, Педиатрия жəне балалар хирургиясы ғылыми орталығының кардиохирургы, Кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Алмас Бердібековпен сұхбаттасып, балалар арасында кездесетін жүрек ауруларының себептері мен емдеу тәсілдері жайында білген едік.

- Сұхбатымыздың әлқисасын балалар арасында кездесетін жүрек ауруларының себептерінен бастасақ?

- Туа пайда болған жүрек ақауы жүктіліктің 4-9 апта аралықтарында құрсақ ішілік даму барысында пайда болады. Яғни жүктіліктің алғашқы триместрінде. Аталған уақыт аралығында қарқынды жүрек-қантамыр жүйесінің дамуы жүреді, сол аралықта әсер етуші факторлар жүрек ақауының қалыптасыуына әкеліп соқтырады. Айта кететін болсақ генетикалық, яғни тұқымқуалаушылық, егер анасы немесе әкесінде, және туыстары жағынан жүрек ақаулары болған болса, онда балада ақаудың қалыптасу ықтималдығы жоғары болады. Сондай-ақ ұрық ішілік инфекциялар, жыныс жолымен берілетін инфекцилар, физикалық факторлар, негізінен иондаушы сәулелер, химиялық факторлар, нитраттар, алкоголь, никотин, тератогенды дәрі-дәремектер – антибиотиктер, анасының және әкесінің созылмалы сырқаттары әсер етеді.

- Осы жүрек ауруларының қай түрі қазір жиі кездесуде? Әсіресе, туа бітті жүрек ақауы жөнінде айтсаңыз?

- Статистика бойынша Қазақстанда жыл сайын туған 1000 баланың 7-8-і жүрек ақауымен дүниеге келеді. Орта есеппен 3 мыңға жуық бала жүрек ақауымен туады. Қазақстанда әлемдік статистикаға сай жүрек аурулары ішінде жиі кездесетіні септальды (перденің ақауы) ақау, оған жататындары: қарынша аралық перденің ақауы, жүрекшеаралық перденінң ақауы, атривентрикулярды коммуникация. Сонымен қатар жиі кездесетін ақау ол ашық артериальдық өзек, Фалло тетрадасы сияқты сырқаттар болып отыр.

Фото: Дәрігердің жеке мұрағатынан алынды

-Осындай ауру түрін емдеуде қандай тәсілдер қолданылады?

- Жүрек ақауының емдеу тәсілі әрине хирургиялық операция. Жүрекке жасалатын операциялардың дені жүрек тоқтатылуымен және жасанды қан айналым аппаратын қосуымен жүреді. Яғни жүректі жөндеу үшін оны тоқтатамыз, әрі ағзадағы қан айналым үрдісін тоқтатпай оны аппаратқа қосады. Дегенмен кейбір жағдайда жүректі тоқтатпай, күретамыр арқылы операция жасау әдісін қолдануға болады. Ол әдіс интервенциялық хирургия деп аталады. Рентгенсаулелердің көмегімен интервенциялық хирург сан күре тамыры арқылы түрлі жүрек ақауларын қалпына келтіре алады. Біздің орталықтың кардиохирургия бөлімінде операция жасаудың осы екі әдісі де қолданылады.

-Құрсақтағы балада жүрек ақауы барын алдын-ала болжауға бола ма?

- Әрине, әр жүкті әйел аяғы ауыр кезінде ультрадыбыстық зерттеуден өтеді, ол жүктіліктің 12, 20-22 және 30-32 апталарында болады. Жүктіліктің 12 аптасынан бастап тек жүрек емес, сонымен қоса құрсақтағы баланың барлық мүшесіндегі ақауларды көруге болады. Егер жүрек ақауы анықталған болса, ол әйел кардиохирургтың кеңесінен өтуі керек. Болжамды жүрек ақауының ауырлығына орай тактикасы тағайындалады. Ондай жүкті әйелдерді мүмкіндігінше балалалар кардиохирургиясы бар немесе жақын орналасқан перзентханада босандыруына кеңес беріледі. Өте ауыр жүрек ақауы болса және де ол басқа мүшелердің ақауымен қосарланған жағдайда медициналық көрсеткіштер бойынша 20-21 аптаға дейін жүктілікті үзу сияқты мәселені шешу жағдайлары болып жатады.

- Жылына орталыққа жүрек ауруына шалдыққан қанша бала келіп түседі? Қанша ота жасалынады? Көрсеткіш қандай, азайып жатыр ма әлде...?

- Жылына біздің бөлімшеде жүрек ақауымен 200 ден -250 дейін жүрек ақауы бар балалар ем алады. Ол балалардың 150-180-не операция жасалады. Оған қоса біздің бөлімше Кардиохирургия және интервениялы кардиология болып аталған соң жылына 300-350 бала аретривеноздық мальформациясы бар балалар ем алады. Өткен жылы орташа алғанда жүрекке 200-ден астам ашық операциялар және 100-ден астам эндоваскулярлық операциялар, қан тамырлары ісік ауруларына 300-ден астам ота жасалынды (қарынша аралық қалқа ақауларын, жүрекше аралық қалқа ақауларын жабу, үлкен аортоөкпелік коллатеральдық артерия және ашық артериялық түтік кезінде эмболизация, ашық артериялық түтікті стенттеу, баллондық вальвулопластика). Біздің балалар кардиохирургиясы және интервенциялық кардиология бөлімі 2011 жылы желтоқсан айында ашылған. Бөлімшеде нәрестелік кезеңнен бастап жасанды қан айналдыру аппаратын қолдану және сондай-ақ шағын инвазивтік эндоскопиялық араласу арқылы балалардың жүрек-қан тамырлары жүйесінің күрделі туа біткен даму ақауларына түзетулер жүргізіледі. Бөлімде жалпы 20 дәрігер жұмыс жасайды, оның 3-кардиохирург, 2-интервенциялық кардиолог.

Әрине жыл сайын көрсеткіштер жақсаруда. Жас бөлім болса да мұнда білікті дәрігерлер қызмет жасайды. Біздің бөлімшенің мамандары біліктілігін жетілдіру мақсатында Польша, Ресей, Израиль сияқты елдерде тәжірибе алған өз ісінің білікті мамандары десем болады. Сонымен қатар бізге Италия, Польша, Украина сияқты елдерден шетелдік мамандар да келіп шеберлік-сағаттарын өткізіп тұрады. Осы шаралар біздің дәрігерлердің біліктілігін шыңдап, операция нәтижелерінің жақсаруына септігін тигізуде. Қазір шетелдік дәрігерлерден еш кем емес мамандарымыз бар. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын туа бітті жүрек ақауына ота тек шетелде ғана жасалынатын. Және ол 20-30 мың доллардан астам қаражатты талап ететін. Елімізде бұл ота қазір тегін жасалынады. Осы жылдар ішінде біздің кардиохирургия бөлімі қаншама мың баланың өмірін арашалап, аман алып қалып, ата-аналарына қуаныш сыйлауда. Басқа көрсеткіштеріміз де мақтаулы шетелдік емханалардан қалыспайды.

Фото: Дәрігердің жеке мұрағатынан алынды

- Елімізде балалардың жүрек операциясы қанша емдеу мекемеде жасалынады және ол тегін бе?

- Қазіргі таңда Қазақстанда балаларға кардиохирургиялық көмек көрсететін 12 клиника бар. Бұл 12 клиниканың төртеуі республикалық, Алматыда мен Астанада 2 клиникадан бар, одан кейін 5 аймақтық және 3 облыстық денгейдегі бөлімшелер бар. Әрине, елімізде жүрек ақауларының емі тегін жасалынады.

- Мемлекет тарапынан «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Осының аясында қандай іс-шаралар жүргізілуде?

- Біздің бөлімшеге қатысты айтатын болсам, мамандарымыз жылына бірнеше рет өңірлердегі дәрігерлер үшін шеберлік-сағаттар өткізеді, лекциялық курстар оқылады. Жылына бірнеше рет өңірлерге іс-сапармен шығып, сол өңірлердегі балаларға консультация жасалынады.

-Кәсіби дәрігер ретінде басты жүректі аман сақтау үшін не істеу керек? Көпшілікке, ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

- Әрине әр адам өзінің денсаулығын нығайту бағытында жұмыс жасау керек. Журек ақауын алдын алу үшін баланы өмірге әкелмес бұрын болашақ ана мен әке өз денсаулықтарын дұрыстау керек. Бала көтермес бұрын жоспарлаған жөн. Керекті зерттеулерден өтіп, бойыңда бар сырқаттарды емдеу қажет, яғни бала сүюге бар жауапкершілікпен дайындалу керек.

-Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер