BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 325.79 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 402.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

Аллергияға шағымданушылар саны артып келеді – дәрігер Эксклюзив

Фото: фото автордан

Грек тілінен аударғанда «бөтен заттың әсері» деген мағынаны беретін «аллергия» сөзі бүгінде бүкіл адамға таныс. Егер арнайы талдау жүргізіп, ағзаның аллергияға бейімділігін анықтайтын болса, онда жер шарындағы адамдардың 90 процентінде аллергияға шалдығу ықтималдылығы белгілі болады дейді Дүниежүзілік денсаулық ұйымының мамандары. Яғни, әрбір он адамның біреуі ғана бұл кеселден аман. Сондай-ақ, қоғамда аллергиядан толық айығу мүмкін емес деген түсінік қалыптасқан. Бұл қаншалықты рас? Осы жөнінде Baq.kz тілшісі ҚР Президент ісі басқармасының медицина орталығының дәрігері, жоғары санаттағы аллерголог дәрігер Айгүл Сыздықовамен сұхбат жүргізген болатын.

- Жыл сайын аллергияға шағымданушылар саны артып жатыр ма? Қандай да бір есеп жүргізесіздер ме?

- Біз міндетті түрде есеп жүргіземіз. Байқағанымыз, жыл сайын аллергияға шағымданып, дәрігер көмегіне жүгінушілер саны артып келеді. Әрине, бүрынғы ұрпақ, яғни, әке-шешелеріміз, ата-әжелеріміз аллергия дегеннің не екенін білмей өсті. Ал қазіргі уақытта бізге кішкентай балалардан бастап аллергияға шағымданып келеді. Жалпы, аллергия кеңейіп барады. Мұның барлығына бүгінгі қоғамда экологияның зақымдалуы бірден-бір себеп. Сондай-ақ, қазір тұрмыстық химияның неше түрі бар және біз оны күнделікті қолданамыз. Ыдыс жуамыз, киімдерімізді жуамыз. Сол сияқты, дұрыс тамақтанбаймыз, салауатты өмір салтын ұстанбаймыз. Тамақтарымызда зиянды қоспалар өте көп. Айта кету керек, бұрындары адамдар тек маусымдық аллергияға шағымданса, яғни, тек көктем немесе күз мезгілдерінде бізге келсе, қазір дәрі-дәрмекке, азық-түлік тағамдарына, косметикалық заттарға, жууға арналған құралдарға, жануарларға, үйдегі шаңға да аллергия көп. Тіпті ол бронхиалды-демікпе ауруына дейін өршіп кететін жағдайлар жиі кездеседі. Ал маусымдық аллергияға шағымданатындар саны тіптен ұлғайып кетті.

- Кей адамдар өздерінде аллергия неден пайда болатынын нақты білмейді. Мұндай жағдайда оны дәл анықтап беретін технология бүгінде бар ма?

- Иә, әрине бар. Біздің орталықта да алдымен классикалық аллергиялық тексеру жүргізіледі. Бұл тері арқылы зерттеу. Азық-түлік, шаң, тұрмыстық, эпидермалдық секілді бірнеше панельдер бар. Осы аллергендер арқылы тест жүргіземіз. Сол сияқты, дәрі-дәрмектерге, соның ішінде, ауруды басатын дәрілерге, анестетиктерге тест жүргізіледі. Сондай-ақ, зертханалық диагностика да кеңейіп келеді. Яғни, бұл тері арқылы тестілеу емес, адамнан қан үлгісі алынып, ол зертханада осы қан талдауы арқылы қандай аллергиясы бар екені анықталады.

- Айгүл Амангелдіқызы, алайда, аллергиядан біржола құтылу мүмкін бе?

- Егер, аллергияны тудыру себебін анықтай алсақ, әрине, құтылу мүмкін. Яғни, аллергия туындау себебін анықтау деген бұл емдеуге бет бұру деген сөз. Бұл иллюминациялық терапия деп аталады. Егер, аллергенге әсер етуші себеп болмаса, онда аллергияның өршуі де болмайды. Ал, егер, аллергия тудырушы зат ауада болса, тұрмыста жиі қолданылатын дүниеде болса, онда вакцинация жасалады. Сондықтан, бұл кеселге қарсы тұруға әбден-ақ болады.

- Жылына бір рет жасалатын аллергияға қарсы вакцина адам денсаулығына қауіпті емес пе? Осы жөнінде ел арасында қайшы пікір көп. Маман ретінде сіз қалай ойлайсыз?

- Егер, бұл аллерголог мамандармен жасалатын вакцина болса, онда бұл еш жағдайда да бір ғана укол бола алмайды. Себебі, аллергияға қарсы емдеу шаралары бүтіндей бір курсты қамтиды, яғни, бірнеше жыл бойы қыс мезгілінде сатылы түрде сызбаға сәйкес вакцина жасалады. Әрі десе, бұл тек маусымдық және тұрмыстық аллергияға ғана қатысты. Ал, егер, сіз иммунитетті төмендетіп, керісінше, адам денсаулығына зиян келтіретін қандай да бір дәрілік зат жайында айтып отырсаңыз, онда бұл дәріханаларда рецептісіз берілетін «Дипроспан» болуы керек. Оны адамдар дәрігердің белгілеуінсіз сатып алады да, өздері сала береді. Соның салдарынан иммунитет төмендеп, онкологиялық ауруларға алып келуі және асқынулар тудыруы мүмкін.

- Аллергия тұқым қуалайды ма? Аллергияға бейім ата-анадан туған балаларға қалай көмек көрсетуге болады?

- Өкінішке қарай, аллергия тұқым қуалайды. Сондықтан, зертханалық диагностиканың кеңейтілуінің арқасында қазіргі таңда жаңа туған нәрестенің қан талдауы арқылы оның қандай аллергияға бейімділігі бар екенін де анықтауға болады. Сол арқылы баланың иммунитетін көтеруге, тамақтану қағидалары бойынша нұсқаулар беріліп, алдын алу шаралары тағайындалады.

- Аллергия көңіл-күйдің оқыс өзгеруіне байланысты туындайды ма? Кейде, адам баласы күрт ашуланса немесе мазасызданса, денесінде, қолында түрлі бөртпелер шығып, мазалайтын сәттер болады. Мұны да аллергияға жатқызуға болады ма?

- Бұл жағдайда гормондардың шығуы жасушалар мембранасын тудырады. Соның салдарынан тітіркену мен гестаминдердің шығуы орын алады. Ал, гестаминдер өз кезегінде денеде қышу, тітіркену, бөртпелердің пайда болуына себепші болады. Ал, аллергия кезінде ол белгілі бір айрықша ағуыздардың салдарынан туындайды және ол иммунитеттің төмендеуіне ғана байланысты болады. Сондықтан, мұндай жағдайды аллергияға жатқызу дұрыс емес. Бұл есекжемге көбірек ұқсайтын жағдай.

- Аллергия мазалайтын адамдарға аллерголог ретінде қандай кеңес бересіз?

- Қазір дәріханаларда аллергияға қарсы препарат өте көп. Алайда, өз бетінше емделуге болмайды. Дипроспан, мұрынға арналған тамшылар секілді дәрі-дәрмекті сатып алып, өз бетінше емделу түбінде залалын тигізеді. Егер бұл маусымдық аллергия болса, онда табиғатқа шығу, кешкі серуен дегенді уақытша тоқтату керек. Бұған қарамастан сыртқа шығу қажеттілігі туындаса, онда міндетті түрде бас киім, көзілдірік, ауыз-мұрынға арналған бетперде тағу керек. Осы арқылы тозаңнан сақтанады. Жеке гигиенаны сақтап, ауыз-мұрынды шайып отыру керек. Диета ұстану керек. Гипоаллергендік диета сақтау керек. Бұл медикаментсіз шаралар. Ал, медикамент түрінде емделу үшін міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Маусым кезінде біз тек симптомдарды басып, біраз, жеңілдете аламыз. Ал, негізгі емдеу қыс мезгілінде жүргізіледі. Аллергия себебін анықтап, вакцинация жүргіземіз. Бұл аллергияны емдеудің жалғыз жолы.

- Жоғарыда өзіңіз айтып кеткендей, аллергия тыныс алу жолдарын зақымдайтын сәттер болады. Осындай кезде алғашқы көмек көрсету жолдары қандай?

- Бұл анофилактикалық шок деп аталады. Ол тағамнан да, дәрі-дәрмектен де, шыбын-шіркейдің шағуынан да туындауы мүмкін. Ең алдымен, аллергеннің әсер етуін жою керек, яғни, шаю, жуу арқылы. Содан кейін жедел жәрдем шақыру керек. Жалпы, аллергиктер жедел көмек көрсетуге арналған супрастин, пронезалон секілді препараттарды әркез өзімен бірге алып жүруі керек. Негізі, өзімен бірге дәрі-дәрмек қобдишасын алып жүруі керек. Сонда ғана дер кезінде көмек көрсетуге болады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер