BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.65 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 393.33 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.67
Астана:

Әлемде әр 6 секунд сайын 1 адам қант диабетiнен көз жұмады – депутат

Бүгiн Мәжiлiстiң жалпы отырысында депутаттар бiрқатар маңызды заң жобасын қарап, сауалдар жолдады. Жиында көтерiлген мәселелердiң бiрi – қант диабетi проблемасы, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Мәжiлiс депутаттары Зәуреш Аманжолова мен Гүлнәр Иксанова отырыста қант диабетi проблемасын көтерiп, ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары Ерболат Досаевқа сауал жолдады.

«Қант диабетi ауруы мен оның салдарынан болатын өлiм-жiтiм көрсеткiшi жыл санап өсiп барады. Осылайша, бұл әлемдiк денсаулық сақтау саласының ғаламдық проблемасына айналды. Дүниежүзiлiк диабет федерациясының мәлiметiнше, жыл сайын бұл аурудан 5 миллионнан астам адам қайтыс болады. 2016 жылға дейiн әлемде әр 7 секунд сайын 1 адам көз жұмса, қазiр 6 секунд сайын қайтыс болады. Әлемде қант диабетiмен 422 млн, яғни әр 11-шi адам ауырады», - дедi Зәуреш Аманжолова.

Депутат елiмiздегi жағдайға да тоқталды. Оның мәлiметiнше, Қазақстанда 300 мыңнан астам адам қант диабетiмен ауырады және олардың саны артып барады. Науқастар қатарында балалар да бар.

«Салыстыратын болсақ, 2012 жылы диабетпен ауыратындар саны 100 мыңға аз болған. Бұл ауру, әсiресе, Оңтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласында кең тараған. Аталған iндетпен күреске елiмiзде бюджеттен аз ақша бөлiнiп отырған жоқ. 22 млрд теңгеге жуық қаржы бөлiнiп отыр. Дегенмен, қант диабетi жүйелi шараларды қабылдауды талап етедi», - дейдi Аманжолова.

Сондай-ақ, депутат эндокринолог мамандардың жетiспейтiнiн, елiмiзде 40 мың науқасқа бiр эндокринолог келетiнiн айтты. Және дүкен сөрелерiнде диабетпен ауыратындарға арналған тағамның құрамында оларға пайдалануға тыйым салынған заттардың бар екенiн жеткiздi. Осылайша, Аманжолова қант диабетiмен ауыратындарға арналған тағамды лицензиялау мәселесi мен басқа да проблемаларды шешу жолдарын қарауды сұрады.

Сондай-ақ, бүгiнгi отырыста «ҚР Үкiметi мен Грузия Үкiметi арасындағы ҚР Үкiметi Грузия Үкiметiне берген мемлекеттiк кредиттерi бойынша Грузия Үкiметiнiң берешегiн қайтадан қайта құрылымдау туралы келiсiмдi ратификациялау туралы», «ҚР Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмдi ратификациялау туралы», «Қару саудасы туралы шартты ратификациялау туралы» мен басқа да заң жобалары қаралды.

Еске сала кетсек, бұған дейiн бiз елiмiзде қант диабетiмен ауыратын балалар саны артып бара жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер