BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.53
Астана:

Жаңа жылыту маусымы: халықты көмірмен уақытылы қамтуға дайындық барысы

Өткен жылдың күзінде елімізде тұрмыстық қажеттіліктер үшін тұрғындарды көмірмен қамтамасыз етуде бірқатар мәселелер туындады. Отын тапшылығының әсерінен көмір бағасы аспандап кетті. Жағдайды қалыпқа келтіру үшін біршама тырысу керек болды, бұл мәселе Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырыстарының біріндегі күн тәртібінде талқыланды, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Қазіргі таңда бұл жағдай қалай? Өткен жылғы сабақтан қорытынды шығарылды ма, жағдай қайталанбас үшін не істелді? Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу үшін PrimeMinister.kz тілшілері инвестициялар және даму, энергетика, ұлттық экономика министрліктеріне, сонымен қатар қалалық әкімдікке жүгінді.

Қабылданған шаралар қорытындылары

Елорда мен өңірлерде туындаған, көмір бағасының күрт өсуіне әкелген жағдай монополияға қарсы күрес комитетінің баса назарына ілінді.

ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінен хабарлағандай, 2017/2018 жылу маусымында көмір тапшылығы мен оның бағасының өсуі фактілері бойынша үш көмір өндіретін компания мен 96 бөлшек-көтерме жеткізушілерге қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғандары үшін 21 тергеу басталған.

Қазіргі таңда, 20 тергеу аяқталды, оның ішінде 12 жағдайда 50 субъектінің бұзушылыққа орын бергені расталды:

  • ШҚО-да көмір нарығында көтерме жеткізушілердің экономикалық іс-әрекетін үйлестірумен айналысқан «Қаражыра» АҚ көмір өндірушіге қатысты тергеу.

  • Он өңірде (Астанада, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, СҚО, Түркістан облыстарында) бағаны өсіруге байланысты келісілген іс-әрекеттерді жасауына немесе картельдер жасасуға күдікті ретінде 49 көтерме-бөлшек көмір жеткізушілерге қатысты 11 тергеу.

Монополиялық кірісті ескерумен әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 299 млн теңгені құрады, қазіргі кезде оның 47,4 млн теңгесі төленді. Қалған айыппұл сомасына қатысты әкімшілік істер соттарда қаралып жатыр.

Комитетте ақпараттандырғандай, сауда-саттықтарда картель жасасу бойынша Қостанай облысында төрт көтерме жеткізушіге қатысты бір тергеу ісі аяқталып қалды.

Өндіру өткен жылғыдан көп

Энергетика министрлігінің мәліметінше, жедел деректер бойынша көмір өндіретін кәсіпорындар а.ж. жеті айының ішінде 60 млн т көмір өндірген, бұл өткен жылғы осындай кезеңге шаққанда 103,9% (59,7 млн т).

Электр станцияларына 32,4 млн т көмір тиелді, бұл өткен жылдың осы кезеңіне шаққанда 102,5% (31,6 млн т). Тұрғындардың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін 5,44 млн т көмір тиелді – 2017 ж. осы кезеңге шаққанда 100% (5,3 млн т). Ведомстводан атап өткендей, бұл кезеңде 15,5 млн т көмір экспортталды.

Энергетика министрлігінде өткен жылу маусымында тұрғындар үшін көмір жеткізуде іркілістер болғанын мойындайды.

«Бұл негізгі екі факторға байланысты: жергілікті атқарушы органдар тарапынан дайындықтың болмауы және адал емес көмір жеткізушілердің үйлестірілмеген іс-әрекеті», — деп нақтылады ЭМ.

ҚР ИДМ: 643,3 мың тоннаға артық көмір тасымалданған

Көмірді уақытылы жеткізу мәселесінде көлікке қатысты мәселе үлкен рөл атқарады. Жеткілікті көмір мөлшерін өндіруге болады, бірақ оны тұтынушыға уақытылы жеткізу маңызды. ҚР ИДМ 1 тамыздағы жағдай бойынша қазақстандық операторлардың балансында 54 мыңға жуық ашық вагон бар екенін атады. Жылу маусымының басынан бері үш ай және тамыз айының сегіз күні ішінде 16 953,6 мың тонна көмір тасымалданды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 643,3 мың тоннаға артық.

Разрезден көмір босату бағасы төмен. Соңғы тұтынушыға дейін оның өсуіне темір жол тарифтері мен делдал ұйымдардың қосатын бағасы біршама ықпалын тигізеді. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар үшін көмірдің негізгі көлемі тауарлық биржа арқылы өткізіледі. Ведомстводан атап өткендей, көмір бағасын қалыптастыру, сауда-саттығын реттеу және делдалдық құрылымдарды болдырмау Инвестициялар және даму министрлігінің құзыретіне жатпайды. Сауда қызметін реттеу, тауарлық биржалардың қызметін мемлекеттік реттеу, өңірлік дамыту және нарық субъектілерін монополияға қарсы реттеу ҚР ҰЭМ құзыретінде.

Алайда, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске сәйкес көмір саласындағы мемлекеттік саясат Инвестициялар және даму министрлігіне өтеді. Осыған байланысты не өзгерді?

ҚР ИДМ мамандарының пікірінше, «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі әлемдік үрдістер көмірді тұтыну көлеміне әсер етеді. Қазақстандық көмір экспортының ұлғаюы салыстырмалы түрде төмен сапа мен көлік шығындарының жоғары болуына байланысты бәсекеге қабілетсіз болады. Күлдің көп болуы және салыстырмалы түрде төмен жылу шығару мүмкіндігіне байланысты қазақстандық көмір экспорттық нарықтарда айтарлықтай жеңілдікпен (30–50%) ғана сатылуы мүмкін. Ірі кен орындарынан Шұбаркөлді ерекше атап өтуге болады, мұнда көмір жалпы экспорт стандарттарына сай келеді.

Осыған орай, әлемдік үрдістерді ескере отырып, көмір химиясын және көмірді кешенді терең өңдеуді дамыту қажет. Бұл бағыт өнімнің тұтынушылық қасиеттерін сапалы өзгертуге және, тиісінше, оның нарықтық бағасын ұлғайтуға жол ашады, ең бастысы — энергетикалық көмір нарығынан тыс шығуға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ИДМ Қазақстанда көмір өнеркәсібін одан әрі дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жалғастыруға мүдделі.

Келешекте, әрине, көмірді алмастырудың түрлі нұсқалары бар. Мәселен, табиғи немесе сұйылтылған газ. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясында оңтүстік өңірлерден орталыққа және Астанаға дейінгі магистральді газ құбырының құрылыс жұмыстары басталды. Бірақ бұл басқа әңгімеге қатысты. Астана әкімдігінде халықты көмірмен қамтамасыз ету тұрғысынан жылыту маусымына дайындық қалай жүргізіліп жатыр?

Әкімдіктен кеңес: көмірмен қазірден бастап қамданған жөн

Елорда әкімдігінде де алдағы жаңа жылыту маусымына жақсы дайындық жасалып жатыр. Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, 2017/2018 күзгі–қысқы кезеңде көмірді тұтыну 2945,3 мың тоннаны құрады (оның ішінде энергия көздері — 2545,3 мың тонна, халықтың қажеттіліктері үшін — 400 мың тонна). 2017 жылғы мамырдан бастап 6 тамыз аралығында Астанада халық қажеттіліктері үшін 28,8 мың тонна жеткізілді, 2018 жылдың осындай кезеңінде 35,3 мың тонна жеткізілді, бұл 22,6%-ға артық көрсеткіш.

27 шілдеден бастап 3 тамызға дейін елордаға 42 вагон немесе 2932 тонна көмір жеткізілді:

  • Шұбаркөлден 23 вагон немесе 1610 тонна;
  • Майкөбеден 10 вагон немесе 694 тонна;
  • Қаражырадан 9 вагон немесе 628 тонна;

Көмір бағасы:

Шұбаркөл — 14 500 тг/т

Майкөбе — 10 000 тг/т

Қаражыра — 14 000 тг/т.

Бүгінгі таңда Астанада көмір өнімдерінің жеті негізгі өткізушісі бар. 7 тамыздағы жағдай бойынша жалпы көмір қоры 9590 тоннаны құрайды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы орган барлық әлеуметтік нысандардың дизельдік отынмен жылытылатынын мәлімдеді.

Былтырғы жағдайға келер болсақ, әзірге ешқандай дүрлікпе байқалмады. Көмір өнімдерін сатып алу мәселесі жөнінде жол картасы бекітілді. Картаға сәйкес, әкімдік Астана әкімдігінің сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшалары, i-Kөмек, чат-боттар, БАҚ арқылы осы жылдың тамыз айынан бастап көмір сатып алудың қажеттігі туралы халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді бастады.

Күн сайын жеткізіліп жатқан көмір көлеміне, сондай-ақ, оның бағаларына мониторинг жүргізіледі. Бағалардың көтерілуіне қатысты жағдайлар анықталған жағдайда, деректер тиісті шараларды қабылдау үшін Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен Астана бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне жіберіледі.

Астана әкімдігі қала тұрғындарына көмір өнімдерін қазірден бастап сатып алуға кеңес береді.



Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер