USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Жаңа бағдарлама бойынша мамандықты тегін оқуға болады – Тамара Дүйсенова

Фото: Шыңғыс ҚАППАРОВ

Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова «Өнімді еңбекпен қамту және бұқаралық кәсіпкерлік» бағдарламасын таныстырды. Жаңа бағдарлама бойынша азаматтар 1-ші және 2-ші мамандықты тегін оқиды. Сондай-ақ, ҰБТ тапсыра алмаған, оқу орындарына түсе алмаған азаматтар аталмыш бағдарламаға қатыса алады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бағдарламаның негізгі мақсаты – азаматтарды жаппай оқыту. Оның аясында азаматтар 1-ші және 2-ші мамандықты тегін алып шығады. Ал 15-24 жас аралығындағы жастар бірінші жұмысшы мамандығы бойынша білім ала алады. Бағдарлама бойынша ҰБТ тапсыра алмаған 21 мың мектеп түлегі, оқу орнына түсе алмаған азаматтар, тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларды оқыту көзделген. Оқу мерзімі – 2,5 жыл. Оқу ақысына, стипендия, бір рет тамақтануға қаржы бөлінеді», - деді министр.

Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова 25-40 жас аралығындағы азаматтардың да бағдарламаға қатыса алатындығын айтты.

«25-40 жас аралығындағы азаматтарға екінші мамандығын алуға мүмкіндік берілген. Олар қысқа мерзімді дуальды оқу жүйесі негізінде колледждерде, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтарында білім алады. Шәкірттерді нақты кәсіппен айналысып жүрген жеке кәсіпкерлер де оқытады. Білім алушылар оқуды аяқтаған соң сол жерде жұмысқа қала алады. Немесе өзі үйренген кәсібі бойынша жеке ісін ашуға жағдай жасалады», - деді ол.

Сөз соңында министр жаңа бағдарламаға шалғай елді мекендердің тұрғындары тартылатынын мәлімдеді.

«Сондай-ақ, шалғай ауылдарда тұрып жатқан тұрғындар үшін мобильді кәсіби училищелер ашылады. Жыл сайын қысқа мерзімді курстарда 26-56 мың азаматты оқытуды жоспарлап отырмыз», - деп түйіндеді министр.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады