Зейнетақы. Жұмыс. Шипажай. Қазақстандықтар министрге қандай мәселемен шағымданды? - Үкімет|10 Тамыз 2018, 17:15
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 414.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.44
Астана:

Зейнетақы. Жұмыс. Шипажай. Қазақстандықтар министрге қандай мәселемен шағымданды? Эксклюзив

Фото: интернеттен

Бүгін елордадағы «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Осыдан 25 жыл бұрын Алматыда Мемлекет басшысы Қазақстандағы атомдық сарбаздарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсету қажеттілігі туралы айтқан болатын. Ал осы уақыт ішінде әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде жалпы саны неше атомдық сарбаз тірі қалғанын білуге де тырысқан жоқ. Неге сіздің министрліктің қызметкерлері дәл осы министрліктің қарамағындағы төлемдер орталығында тұрған құжаттардың жоқтығын алға тартады? Сіздер ядролық сынақтарға қатысушылар қайда және қандай жағдайда қызмет еткенін де білмейсіздер? Неге министрлік 31-600 әскери бөлімінен берілген құжатты ғана ядролық сынақ аумақтарында міндетін өткергенін растайтын құжат ретінде қабылдайды?» - деді Алматы қаласынан министрмен тікелей байланысқа шыққан «Невада-Семей» ХЯҚ жанындағы ерекше қатердегі бөлімше ардагерлері комитетінің төрағасы Мелгиз Метов.

Министр Әбілқасымова өз кезегінде заң талаптарына сәйкес, ядролық сынаққа қатысушы мәртебесі осындай ядролық сынақ пен оқу-жаттығуларға қатысқаны туралы әскери билетпен расталатынын айтты.

«Дәл осы құжатттың негізінде Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар үшін олардың арнайы мемлекеттік төлемақы алу үшін олардың зейнетақы құжаттарында арнайы белгі қойылады. Яғни, бұл төлем мәртебені құжат түрінде растаған жағдайда ғана тағайындалады», - деді министр.

Сонымен қатар, министр қабылдауында болған астаналық азамат Жұмабай Шүйтенов мүгедектерге санитарлық-курорттық емдеу орындарына берілетін жолдамаға көңілі толмайтынын айтты.

«Бізге жыл сайын Қотыркөл деген жерге жолдама береді. Барамыз. Онда тіпті суы да жоқ, көлге түсуге болмайды, асханалары алыс, төсек жабдықтары соғыстан қалған дүниелер. Бұл кісілерге талай рет бардым. Басқа жерге жібере алмаймыз, келісімшарт жоқ дейді. Оларды тіпті тендерге қатыстырмайды да», - деді ақсқал.

Қарияның бұл жан айқайына жауап берген сәйкес мемлекеттік органның өкілі дәл осы санитарлық-оңалту орталығымен келесімшарт жасалғанын алға тартқан еді, министр мәселені шешу қажеттілігін айтып, арнайы тапсырма берді.

«Егер, қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдар мен көңіл толмаушылық болса, неге сіздер санитарлық-курортық орындармен келісімшартта қызмет сапасын қатысты нақты көрсетпейсіздер? Тіпті су жоқ дейді. Неге жыл сайын дәл осы санитарлық-оңалту орталығымен келісімшарт жасауды жалғастырып келесіздер? Бағасы бойынша ең арзаны ма әлде басқа ма? Басқа облыстарда тендерге бірнеше санаторий қатысады. Бұл азаматтар жеке оңалту бағдарламасы бойынша арнайы оңалту қызметтерін алуы керек. Ауру түрлері бойынша басқа да санаторийлермен қосымша келісімшарт жасау керек және басқа облыстарға да жолдама беру керек. Ал сіздердің әркез «мүмкіндік жоқ», «келісімшарт осы мекемемен жасалған» деген сияқты сылтауларыңыз жарамайды. Біз енді осы мәселені қарап, әкімдікпен бірлесіп жұмыс жасаймыз және жазбаша хабарлама жолдаймыз», - деді министр Әбілқасымова.

Сондай-ақ, қоғамдық қабылдау бөлімінде болған астаналық азамат Нұрғызова мүгедектерге дәрі-дәрмек алу, пойыздарда жүру мәселесінде жеңілдіктер мен қолайлы жағдай жасау мәселесін көтерді. Қазіргі уақытта ІІ топ мүгедегі болып табылатын ол І топтағы мүгедек мәртебесін алуда туындайтын қиындықтар туралы баяндап, елдегі медицина қызметкерлерінің науқастарға көрсететін дөрекі қылықтарына шағымданды.

Сонымен қатар, министр қабылдауында болған азаматтардың қатарында «Қазкоммерцбанк», «Қазмұнайгаз» секілді компаниялардан заңсыз жұмыстан босатылған, негізгі зейнетақы алудағы келеңсіздіктерге тап болған, әлеуметтік төлемдерді ала алмай жүргендер де болды. Министр олардың барлығын тыңдап, мәселенің шешімін табуға уәде етті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер