BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Вице-министр шығармашылық емтихан арқылы ҰБТ-дан «құтылуға» қатысты пікір білдірді 

Фото: интернеттен

Үкімет отырысынан кейінгі брифинг барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов оқуға түсу кезінде шығармашылық емтихан тапсыру арқылы Ұлттық бірыңғай тестілеуден құтылғандардың «қулығы» қылмыс болып саналмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, бізде кредиттік білім беру жүйесі жұмыс жасайды және алдыңғы оқу жылында жинаған білім үлгерімі бойынша есеп жүргізу бұл жүйенің басты өлшемдерінің бірі болып табылады. Яғни, студент шығармашылық мамандықтан басқа мамандыққа ауысқан кезде, ең алдымен оның алдыңғы реквизиттерін алу қажет болады. Осыған байланысты кей мамандықтар бойынша ол ауыса алмайтын жағдайлар да болады. Мысалы, екі мамандық арасындағы айырмашылық 5 пәннен асып кетсе, онда ол ауыса алмайды. Ауысу үшін қосымша курстарда оқып, пәндерді игеру қажет болады. Ал, егер, мемлекеттік білім беру стандарты бойынша айырмашылық аз болса, әрине, ауыса алады. Сондықтан, Еуропадан да, Америкадан да ауыса аласыз. Мәселе, сіздің пәндер бойынша қанша айырмашылықты тапсыруыңызда болып отыр. Сондықтан, мұны қандай да бір қылмыстық іс-әрекет деп қарастырмаған дұрыс», - деді вице-министр.

Аймағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеуді біріктіру жөніндегі шешімді толықтай қолдайтынын айтты.

«Мен мұны өте дұрыс ұсыныс деп санаймын. Себебі, 2017 жылға дейін ҰБТ біруақытта екі қызметті атқарып келді. Яғни, орта білім туралы аттестатта алу үшін де, жоғары оқу орнына түсу үшін де ҰБТ тапсыру қажет болды. Ал, қазір мектепте аттестат алу үшін емтихан тапсырса, ҰБТ тек жоғары оқу орнына түсу үшін тапсырылатын сынақ ретінде қалды. Кешенді тестілеу де дәл осы қызметті атқарады. Ол тек екі аптадан соң өтеді. Бұл өз кезегінде комиссияларды тарту, белгілі бір күштерді жұмылдыру секілді мемлекет үшін қосымша шығынды талап етеді. Сондықтан, ҰБТ мен кешенді тестілеуді біріктіру негізді шешім деп ойлаймын», - деді вице-министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Білім және ғылым министрі елдегі кей өңірлер жаңа оқу жылында оқулықсыз қалуы мүмкін екенін және Қазақстандағы үш ауысымды мектептер проблемасы әлі де шелімей отырғанын айтқан болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер