BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Үкімет теңге кенет әлсірегенде қолданатын үш сценарий әзірледі — Сүлейменов

Үкімет отырысынан кейінгі кулуарда Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов теңге кенет әлсіреген жағдайда қолданатын үш сценарийдің дайын тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Сенбіде премьер-министр және қаржылық-экономикалық блоктағы министрліктердің қатысуымен экономикалық саясат бойынша кеңес отырысы өтті. Онда макроэкономикалық және салалық әсерді талқыладық. Рубльдің долларға шаққандағы бағамының 70-80-90-ға өсуі мен тиісінше теңге бағамының өсуін қарастыратын үш сценарий әзірленді. Макроэкономикалық талдау жүргіздік, яғни доллардың өсуі біздің ЖӨІ-ге, инфляция, жұмыссыздық деңгейі мен бюджет көрсеткіштеріне қалай әсер ететінін талқыладық», - деді Сүлейменов үкімет отырысынан кейін.

Министр валюта нарығындағы тұрақсыздықтың әртүрлі салаға қалай әсер ететіні туралы да талдау жүргізілгенін айта кетті.

«Міне осындай жұмыстар атқарылды. Егер осы сценарийлердің бірі орындалған жағдайда іске қосатын үкімет пен ұлттық банктің бірлескен іс-қимыл жоспарының жобасын әзірледік. Онда реттеушілік, қазыналық, қаржылық секілді бірқатар шара қамтылған», - деді министр.

Сонымен бірге ведомство басшысы валюта нарығындағы қазіргі жағдайдың тұрақты екенін айтты.

«Біз ұлттық экономика министрлігі ретінде түрлі нұсқаны қарастыруға міндеттіміз. Бірақ бұл біздің оларға сенетінімізді немесе көп нәрсе күтетінімізді білдірмейді. Долларға шаққандағы рубль бағамының 61-62 шамасында тұрғанын байқап отырсыздар. Бұған бір баррелі 70-72 долларды құрап отырған мұнайдың жоғары бағасы септігін тигізіп отыр. Сондықтан біз валюталық канал бойынша да, макроэкономикалық канал бойынша да күрт өзгерісті күтіп отырған жоқпыз», - деді Сүлейменов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер