USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Үкімет отырысына шолу: 53 млрд теңге суға, 754 теңге қиға

Ауыл халқын таза ауыз сумен және жұмыспен қамту мәселесі бүгін Үкіметте өткен отырысқа арқау болды. «Ақ бұлақ» бағдарламасына бұрынғыдай енді қыруар қаржы бөлінбейді. Қолдағы қаражатты тиімді пайдаланған жөн. Сондықтан үкімет бағдарламаны қайта сүзгіден өткізіп, оның олқы тұстарын жетілдіруді көздеп отыр. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесін де жүйелі шешу тетіктері жүзеге асырылмақшы. Baq.kz тілшісі бүгінгі отырысқа шолу ұсынады.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша біраз жұмыс атқарылған. Мәселен, 2011-2015 жылдары орталықтандырылған су жүйесімен қамту қалаларда 87 пайызға, ауылдарда 51 пайызға жетті. Биылғы жылы 75 жобаны жүзеге асыруға 62,1 млрд теңге, ал келесі жылға 157 жобаға 53 млрд теңге қарастырылып отыр. Осыған қоса халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат тарту тәжірибесі сәтті жүзеге асырылуда. Бұл ұйымдар бізге 17,9 млрд теңге бөліпті. Су құбырларының тозуы да төмендеген. Десек те, әлі де халық, әсіресе ауыл тұрғындары толықтай таза суға қол жеткізген жоқ. Осы ретте Ұлттық экономика министрлігі мәселені шешудің басқа жолын ұсынып отыр. Яғни, мемлекеттік бюджеттен қаражат тек ауылдық елді мекендерге бөлінуі тиіс. Ал қалалық сумен жабдықтау жүйесін бюджеттен тыс қаражат көздері есебінен дамытуға әбден болады.

«Еуропа қайта құру және даму банкінен тартылған қарыз және Ұлттық қормен бірлесіп қаржыландыру есебінен коммуналдық және жекеменшік су арналары жүзеге асырып жатқан жобалар қалалық елді мекендердің мемлекеттің тікелей қаржыландыруынсыз-ақ дами алатынын көрсетіп отыр. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасады. Бүгінгі таңда Еуропа қайта құру және даму банкімен келісімдерге қол қойылды және 4 су арнасын қаржыландыру бойынша жоба дайындап жатырмыз. Олар: Қостанай, Көкшетау, Семей және Өскемен су арналары», - деп баяндады үкімет отырысында ҚР Ұлттық эконоимика министрі Қуандық Бишімбаев.

Бұдан бөлек, қаладағы су арналарын бюджеттен тыс қаржыландыру көздерін қалыптастыру үшін Қазақстанның даму институттарының, яғни «Бәйтерек» ұлттық басқарушы xолдингінің мүмкіндіктері пайдаланылмақ.

Ал ауылдағы сумен жабдықтау секторының жеке капитал үшін инвестициялық тартымдылығы жоқ. Бұған ауылдардың алшақтығы, халық саны және қызметтің жоғары өзіндік құны секілді факторлар ықпал етеді. Бірінші қазандағы жағдай бойынша республикадағы 6670 елді мекеннің тек 3616-сы, яғни 53,8 пайызы ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Қалған ауылдардың 2294-інде тұратын адамдардың саны 500-ден аспайды. Халықтың аздығынан бұл ауылдарға орталықтандырылған су жүйесін тарту өзін экономикалық және қаржылық тұрғыда ақтамайды. Бұған қоса судың құны тұрғындардың қалтасынан қағары сөзсіз.

Сонымен, ауылдарды таза ауыз сумен қамту мәселесін шешу үшін, біріншіден, су арналарын «Қазводхоз» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бірыңғай басқаруына беру жағы қарастырылмақшы. Министр Қуандық Бишімбаев Қызылорда облысындағы «Арал» жұмысының тиімділігін мысалға келтірді. Ол ауылдық елді мекендерді сумен қамтудың барлық сатысын басқаруға мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек, бытыраңқы орналасқан су арналарына жұмсалатын шығындарды қысқарту мақсатында су жеткізуші операторларды ірілендірген жөн. Оның ішінде ауылдық су арналарын облыс орталықтары мен басқа да ірі елді мекендерді тіршілік көзімен қамтып отырған арналарға қосу мәселесі қаралады. Сондай-ақ, «Ақ бұлақта» әу баста болған, бірақ іске аспаған кейбір қағидаларды қайта жаңғыртқан дұрыс. Бұл талаптар ауылдағы адам санына байланысты жобаларды іріктеуге қатысты.

«Осы жұмыс аясында әкімдіктер халық саны 500-ден аспайтын ауылдардың болашағы мен оларды орталықтандырылған сумен жабдықтаудың тиімділігін қайта мұқият зерделегені дұрыс», - деді министр.

Өз кезегінде Үкімет басшысы «Ақ бұлақ» бағдарламасын қайта сүзгіден өткізу қажеттігін алға тартты.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, ауылдарды созбалаңға салмай, сумен қамтамасыз етуге мүмкiндiк бар. Сондықтан бағдарламасының олқы тұстарын түзеп, қаражатты тиiмдi пайдалану қажет.

«Әлемдегi экономикалық жағдайға байланысты кезiнде «Ақ бұлақ» бағдарламасына бөлiнген қаржының көлемi қысқартылғаны белгілі. Мәселе қосымша қаржы iздеуде ғана емес, бағдарламаны қайта қарап, тиiмсiз пайдаланып отырған қаражатты дұрыс бағытқа салуда болып отыр. Жобаны жасаған кезде бiраз олқылыққа жол берiлдi, соның бәрiн түзеген кезде қомақты қаржы бөлiнедi», - деді Премьер-министр.

Бұдан бөлек, оның сөзiнше, ауылдарды ауыз сумен қамтамсыз етуге жергiлiктi бюджеттен де қаражат бөлiнсе, жұмыс тезiрек жүредi.

Су мәселесіне қатысты талқылаулар барысында Бақытжан Сағынтаев Тараздағы су бұруға белгiленген елдегi ең төмен тарифке таңғалды.

Бұл қалада су бұру құны 8 теңге ғана. Ал Қарағандыда тариф 96 теңге екен.

«Бұл бағаға қандай жөндеу жүргiзуге болады? Жалақы төлеуге әзер жететiн шығар. Соңғы рет тарифтi қашан көтерген? Өзге өңірлермен айырмашылық үлкен. Бiрақ, бұл ретте су жүйелерінің жағдайын қарау керек. Мүмкiн 8 теңге жеткiлiктi шығар. Әрі шығындарды да қараған жөн», - дедi Үкімет басшысы.

Отырыста қаралған екінші мәселе – ауыл халқын жұмыспен қамту және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану, ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту.

Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов баяндағандай, министрлік, облыс әкімдіктері мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі арасында жылдың соңына дейін іс-шараларды жүзеге асырудың нақты міндеттері мен индикаторларын анықтайтын үшжақты жоспарға қол қойылған. Сөйтіп, әкімдіктердің жоспарына сәйкес, биылғы жылдың соңына дейін 150 ауыл шаруашылығы кооперативі ұйымдастырылады. Олар 100 сүт қабылдау пункті мен 2 мыңнан астам отбасылық бордақылау алаңын біріктірмек.

«28 сүт қабылдау пункті және 3,2 мың отбасылық бордақылау алаңы құрылды. Нәтижесінде 15 мың жеке қосалқы шаруашылық қамтылатын болады. Бекітілген жоспарда айтылғандай, 20 тамызға дейін әлеуетті өтінім берушілердің тізімі және қаржыландыруға өтінімдер қалыптастырылу керек. Алайда кейбір облыстарда әлеуетті қатысушылар анықталмаған және жоспарды орындау басталмаған», - деді вице-министр.

Бұл жұмыстар Қостанай, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында нашар жүріп жатыр. Отбасылық бордақылау алаңдарын құру мәселесі Шығыс Қазақстан облысында небары 15%-ға орындалған. Ал жоспарға сәйкес кооперативтерді құру мерзімі осы жылдың 10 қыркүйегіне белгіленген. Бірақ облыс әкімдіктері ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға немқұрайды қарап отыр.

«Орташа кооперативтерге 3-4 қатысушы қамтылған. Салдарынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтар толық қамтылмай отыр. Сондықтан, құрылатын кооперативтерді қаржыландыру кезінде шаруашылықты барынша қамту үшін 20-дан кем емес қатысушы болу талабы қойылған», - дейді вице-министр.

Тағы бір мәселе - жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперативтерге бірігуіне мал қалдығына салынатын экологиялық эмиссия тежегiш фактор болып отыр. Өйткенi мұндай норма жеке қосалқы шаруашылықтар үшiн қарастырылмаған.

«Яғни жеке қосалқы шаруашылықтағы сиыр үшiн салық төленбейдi, ал егер кооперативке өтсең, сиыр үшiн экологиялық эмиссия төлеу қажет болады», - дейді Қ.Айтуғанов.

Бұл мәселенi шешу үшiн министрлiк Салық кодексiне тиiстi өзгертулер енгiзудi ұсынып отыр. Осылайша кооперативке біріккен шаруашылықтар салық төлемейтін болады. Қазіргі уақытта мал басына салынатын жыл сайынғы экологиялық салық 754 теңгені құрайды.

Үкімет басшысы да салық саясаты кедергі келтіретін болса, ауыл шаруашылығы өркендемейтінін айтып отыр.

«Ауыл xалқы еңбекқор. Сол еңбегінің жемісін көру үшін оларға қаржылай қолдау керек. Шағын несие беріп, жұмыс орындарын ашу маңызды. Инфрақұрылым жағынан да көмек көрсетілуі тиіс. Әлеуметтік және әкімшілік жағынан да көптеген көмек қажет. Сол себептен де осы кедергілерді болдырмаудың жолдары айтылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы өте дұрыс. Салық саласы кедергі келтірсе, әрине, қойылған жоспар іске аспайды. Берілген тапсырма аяқсыз қалады. Сондықтан Ауыл шаруашылғы министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, осы мәселелерді шешу керек», -деп бүгінгі отырысты қорытындылады Бақытжан Сағынтаев.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады