BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 431.3 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.45
Астана:

Сұлтанов бюджет қаржысын игермей отырған министрліктерді атады

Фото: Kazgazeta.kz

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бүгінгі Үкімет отырысында республикалық бюджет қаржысын игермей отырған әріптестерін атады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Республикалық бюджеттің шығыстары 6 трлн. 277 млрд. теңгені құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда бюджеттік тәртіп жақсарды. Атқарылмағаны – 91 млрд. теңге, оның ішінде бюджет қаражатының үнемделуі – 10,3 млрд. теңге. Игерілмеу сомасы – 80,7 млрд. теңге. Бұл 2017 жылдың 8 айындағы көрсеткішке қарағанда 21 млрд. теңгеге аз», - деді ол.

Сұлтанов ең көп игерілмеу сомаларын көрсетіп отырған ведомстволарды атады: Қорғаныс министрлігі – 15 млрд. теңге; Мәдениет және спорт министрлігі – 11 млрд. теңге; Ауыл шаруашылығы министрлігі – 11 млрд. теңге; Ішкі істер министрлігі – 9,5 млрд. теңге; Ақпарат және коммуникациялар министрлігі – 5,7 млрд. теңге.

«Алдында баяндағанымыздай игерілмеу сомасының бір бөлігі бюджетті нақтылау кезінде қайта бөлінетін болады. Жергілікті бюджеттер шығыстары 3 трлн. 74 млрд. теңгені құрады. Атқарылмағаны – 69,6 млрд. теңге. Бұл көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда біраз жақсарды, былтыр 104 млрд. теңге болған. Есепті кезеңде өңірлерге 448,8 млрд. теңге нысаналы трансферттер бөлінді. Олар жергілікті деңгейде 94,5% немесе 423,9 млрд. теңге игерілді. 24,9 млрд. теңге атқарылмады, оның ішінде 2,4 млрд. теңге – бюджет қаражатын үнемдеу. 22,5 млрд. теңге игерілген жоқ, ол өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі игерілмеу сомасынан 44,6%-ке аз», - деп мәлімдеді Сұлтанов.

Ол бюджет қаржысын толық және сапалы орындау үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

«Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, жақын арада ағымдағы жылдың бюджетін нақтылау туралы ұсыныстар республикалық бюджет есебінен және Үкіметтің қарауына ұсынылатын болады. Парламентте келесі үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы қаралуда және ол туралы барлық объектіге қатысты республикалық комиссияның шешімдері бар. Ағымдағы сатып алу процестерін бастауға барлық жағдай жасалған. Сол үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, тезірек пысықтау қажет», - деп сөзін түйіндеді Қаржы министрі.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев министр айтқан ұсыныстарды қолдайтынын айтты.

«Қазір дайындалып отырған қайта қарау кезінде ешкімге қарамай игерілмеген қаржының бәрін кім сұраныс беріп жатыр, игеру жетпей жатқандарға соларға ауыстырыңыз», - деп тапсырма берді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер