BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 328.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 386.38 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.27
Астана:

Сағынтаев Тамара Дүйсенованың орнына келген министрді таныстырды

Фото: knews.kg

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жаңа министр — Мәдина Әбілқасымованы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұжымына таныстырды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Т. Дүйсенова ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Тамара Дүйсеноваға атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіріп, оның ведомство құрылымында қатардағы маманнан министр лауазымына дейін жеткенін және мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидатының айқын үлгісі екенін атап өтті. Т. Дүйсенова халықты әлеуметтік қорғау саласында реформаларды әзірлеуге және жүзеге асыруға тікелей атсалысқан. Бақытжан Сағынтаев Тамара Дүйсеноваға қызметте сәттілік тіледі.

Бақытжан Сағынтаев жаңа министрге және министрлік ұжымына Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауында, сондай-ақ Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойған міндеттерін орындау бойынша тапсырмалар берді.

Анықтама: Мәдина Әбілқасымова 1978 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. 2002 жылы Колумбия университетін халықаралық қатынастар магистрі дәрежесімен «экономикалық саясатты басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2011 жылы Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін «мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы бойынша аяқтаған.

Түрлі жылдары Стратегиялық жоспарлау агенттігінің бас маманы, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің стратегиялық жоспарлау басқармасының басшысы, «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ мемлекеттік саясатты талдау департаментінің директоры болып еңбек еткен.

2006 – 2008 жылдары М. Әбілқасымова ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-экономикалық бөлім меңгерушісінің орынбасары болған, одан кейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалған.

2011 жылғы қыркүйектен 2013 жылғы ақпанға дейін ҚР экономикалық даму және сауда вице-министрі лауазымын атқарған.

2012 жылдан бастап — Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы басқарушысының орынбасары.

2013 – 2014 жж. — ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі.

2014 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі таңға дейін ҚР ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер