BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.86 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.6
Астана:

Министрдің арифметикасы. «Бір сиыры, төрт тауығы барлардың» әлеуметтік мәртебесі қандай?

Фото: Шыңғыс Қаппаров

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында талқыланған мәселелерге тоқталып, елімізде әлеуметтік мәртебесі жоқ 5,7 млн адамды түгендеп шықты, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Статистиканың әдістемесіне сәйкес, егер де азаматтардың өздерінің тауарын сатып алатын табысы күнкөріс деңгейінен жоғары болса, онда олар нәтижелі жұмыспен қамтылған азаматтар деп айтылады. Олардың көпшілігі кәсіпкер ретінде тіркеліп отыр. «Бір сиыры, төрт тауығы бар азаматтар» өздерін ғана қамтамасыз етіп отырған болса, бүгінгі таңдағы статистика әдістемесіне сәйкес, олар нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтар болып саналады. Бес жылда жұмыспен қамту бағдарламасына осы азаматтарды тарту мәселесін қарастырып келеміз», - деді Тамара Дүйсенова.

Бүгінгі Үкімет отырысында нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтарды жұмысқа тарту мәселесі көтерілді. Министрлік бұл жұмысты 2016 жылдың желтоқсанынан бастаған.

«Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге байланысты барлық қазақстандықтың статусын қарап шықтық. Бұл заңды енгізетін кезде сақтандыру жарнасы 10 миллион азаматқа мемлекет есебінен төленеді деген болатынбыз. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың мәртебесін қарағанда базадағы 5,7 млн азаматтың мәртебесі жоқ. Олар Қазақстанда тұрса да, 10%-дық жарна төлейтін жұмыскерлердің, студенттердің, әлеуметтік төлем алатындардың қатарында жоқ болып шықты», - деп түсіндірді министр.

Оның айтуынша, азаматтардың мәртебесін анықтау үшін министрлік облыс пен аудан әкімдерімен бірге былтыр сәуір-тамыз аралығында барлық елдімекенді аралап, түсініктеме, сауалнама алған. Соның нәтижесінде 5,7 миллион азаматтың студент екені, біраз азамат біздің елден шығып кеткен және қайта келгендер екені анықталды.

«Соның ішінде 1,2 млн азамат жұмыспен қамтылғандар. Олар өздерін жанармай құю бекеттерінде немесе мейрамxана, қызмет көрсету орындарында жұмыс істейміз деп жариялады. Бірақ зейнетақы жарнасы жоқ. Облыс, аудан әкімдері салық қызметкерлерімен, жұмыс берушілермен бірге үлкен жұмыс атқарды. Нәтижесінде жұмыс істеп жүрген 560 мың азаматқа зейнетақылық жарна төлене бастады. 54 мың кәсіпкер қайта тіркелді», - деді Тамара Дүйсенова.

Сурет: Шыңғыс Қаппаров

Ол қалған 2,7 млн азаматтың не істеп жүргені туралы баяндады.

«Олардың 1,2 миллионы - жұмыс істеп жүрген азаматтар. Біз ол азаматтарды өзектендіруіміз үшін заңға жаңа өзгерістер енгізуіміз қажет. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер жөніндегі салық кодексіне сәйкес егер де азаматтардың кәсіпкер ретінде алып жүрген табысы 12 немесе 24 айлық ең төменгі жалақыдан аз болса, ешқайда тіркелмесе, салық төлемесе болады. Біз осындай өзгерістерді жасайық деп отырмыз. Тым болмаса салық төлемейтін дәрежеде болса да. Ал қалған 1,5 млн азамат қалып отыр. Олар - өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар немесе жұмыссыздар. Биыл осындай 571 мың азаматты жұмыспен қамту бағдарламасына тартамыз деп отырмыз», - деді министр.

Брифингте министрдің арифметикасына басы қатып отырған журналистерге Тамара Дүйсенова тағы бір есепті айтты.

«Экономикада барлық уақытта жұмысшылар күші қозғалыста болады. Бүгін жұмыс істеп жүрген адам ертең жұмыссыз. Бүгін кәсіпкер болса, ертең банкрот. Сондықтан да сан өзгеріп тұрады. Әзірге 1,1 млн не 1,2 млн қазақстандық өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар болып қала берді», - деді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер