BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Лоббистік әрекетке қатысты заң қажет – сенатор

Фото: Juldizdar.kz

Бүгін Парламент Сенатында өткен заң шығару процесін жетілдіру мәселелеріне байланысты үкімет сағатында депутат Мұхтар Құл-Мұхаммед лоббистік әрекетке қатысты заң жобасы қажет екені туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Әр министрлік нақты заң жобасын ұсынғанда бірінші кезекте сол министрліктің мүддесін лоббилендіретіні түсінікті. Әкімдік бюджетін талқыға салған кезде сол аймақтың депутаттары арқылы мүдделерін лоббилендіреді. Мұны да біліп отырмыз. Ұлттық экономиканы дамытуға байланысты заң жобаларының ауқымды пакеттерін талқылағанда үлкен ұлттық компаниялар, қаржы-өнеркәсіп тобы да өз мүдделерін лоббилендіреді. Бұл да түсінікті. Парламент қабырғасында мұнымен кім айналыспай жатыр. Өз кезегінде бізде лоббилендіру туралы заң жоқ. Ал мұндай заңнама барлық дамыған батыс елдерінде бар. Осындай заң болса лоббилендіру әрекеті қайда басталып, қайда аяқталатынын анық білер едік. Осы мәселегі байланысты лоббилендіру туралы заң қабылдаудың уақыты келген жоқ па?», - деп сұрады сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед Сенатта өткен үкімет сағатында.

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов бұл мәселені бұрыннан көтерелгенін, алайда әлі күнге дейін шешім таппай келе жатқанын айтты.

«Лоббистік әрекет туралы заң жобасы тіпті Парламентке енгізілді. Оның тарихы ұзақ. Агенттік өз тарапынан бұл мәселені қайта ұсынғанына көп болмады. Өкінішке қарай, әзір шешімін табар емес. Дегенмен біз бұл мәселені белгілі дәрежеде реттеу керек деген позицияны ұстанамыз. Заң қабылданса лоббилендіру қайда басталып, қайда аяқталады, басқа да жағдайлар туралы білетін боламыз. Сол себепті нақты шегін белгілесек, тарапымыздан тек қолдау білдіреміз», - деді Бектенов.

Ал Әділет министрі Марат Бекетаев та лоббизмді реттеу қажет екенін атап өтті.

«Олжас Бектеновтың позициясын қолдаймын. Бұл қызметті реттеу қажет. Біз Әділет министрлігі арбитаждық қарауда мемлекеттің мүддесін ұсына отырып осы қызметті реттеуге қатысты басқа елдердегі мәселелерге тап болдық. Мысалы, кейбір шетелдік консультанттар бізден көптеген анкеталарды толтыруды талап етті. Оларға бұл әртүрлі ұйымдарға тіркеу үшін қажет. Себебі олардың қызметі лоббилендірумен байланысты болуы мүмкін. Әсіресе бұл АҚШ-та дамыған. Мұны практикаға нақты енгізу мерзімі туралы айтар болсақ, лоббилендіруді реттеу аясында көптеген басқа да мәселелерді шешу қажет. Әсіресе бұл қаржыландырудың ашықтығына қатысты болып отыр», - деді ол.

Ол Қазақстанда лоббилендіру көп жағдайда жағымсыз түсінікте қолданылатынын айтты.

«Балалар құқығын қорғау ассоциациясы бар. Бізде бірнешеу ғана. Егер балалар құқығын қорғайтын белсенділер баспасөз мәслихатында Сенат, Мәжіліс депутаттарымен кездессе, бұл да лоббилендіру. Бұл дұрыс лоббилендіру. Ал бізде, өкінішке қарай, лоббилендірудің кей жағымсыз пішіндері бар. Көптеген елде бұған қалыпты жағдай деп қарайды. Әрине, жаман лоббилендіру де бар. Әрбір нақты жағдайда кім және нені қамтамасыз еткісі, өткізгісі келеді, соны қарау керек. Әлемдік тәжірибеде ашықтық қандай мүддесі барын түсінуге көмектеседі», - деді министр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер