BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.88 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 394.41 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.65
Астана:

Қазақстанды қызықтыратын 27 елдің нарығы анықталды

Бүгін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында 2018-2020 жылдарға арналған «Қазақстанның Ұлттық экспорттық стратегиясы» үкіметтік бағдарламасын таныстырды. Аталған бағдарламада тауарларды сату мен қызмет көрсетулердің перспективалық нарығы ретінде 27 ел анықталған, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бағдарлама «Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген. Ол шикізаттық емес экспорт көлемін 2025 жылға қарай 2015 жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайту жөніндегі стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған», - деді ол.

Шетелге тауар экспорттаушыларды қолдаудың институттық негізін жетілдіру аясында аталмыш бағдарлама арқылы «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін «Қазақэкспорт» ұлттық компаниясына экспортты қолдау және ілгерілету мақсатында бірыңғай оператор мәртебесін заңды түрде бекіту ұсынылып отыр.

«Әлемдік тәжірибе сәйкес «бір терезе» қағидасын енгізу мемлекеттік органдар мен даму институттарына қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және мерзімін қысқартуға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге әрі олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Экспорттаушылар үшін «бір терезе» қағидасын енгізу баға және уақыт шығындарын қысқартады, мемлекеттік органдармен және даму институттарымен ақпараттық өзара іс-қимыл технологиясын жеңілдетеді», - деді ұлттық экономика министрі.

Сонымен қатар құжатта перспектикалық сату нарығын бөлу арқылы тауарлар мен қызмет көрсетулер бойынша перспективалық «экспорт себетін» анықтау көзделуде. Аталған себетке экспортталып жатқан немесе экспорттауға ұсылынып отырған 7 саладан 116 тауар енгізілген.

Тимур Сүлейменовтың айтуынша, қолданыстағы тауарлық позициялардың ішінде тамақ өнеркәсібі тауарлары, минералдық және химиялық тыңайтқыштар, медициналық бұйымдар мен шынылар бар. Перспективалық қызмет көрсетулерге экспорттық тұрғыдан алғанда көлік, туризм, қаржы және іскерлік қызмет көрсетулер әрі білім, медицина, ғарыштық қызмет көрсету әрі ғарыштық жабдықтарды сынау жатады.

Сонымен қатар маңызды жиында экономика министрі Қазақстанды қызықтыратын 27 елдің нарығы анықталғанын айтты.

«Тауарларды сату мен қызмет көрсетулердің перспективалық нарығы ретінде 27 ел анықталды. Олар экспорттық мүдде деңгейі бойынша шартты түрдегі, жоғары, қалыпты, экспорттық мүддесі ұзақ мерзімді деп бөлінді», - деді ол.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан үшін экспорттық мүдделілік деңгейі бойынша шартты түрде басымдық Ресей мен Қытайға, жоғары басымдық Беларусь, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Украинаға, қалыпты басымдық Әзірбайжан, Армения, Ауғанстан, Грузия, Латвия, Моңғолия, Нидерланды, Польша, Тәжікстан, Түркменстанға және экспорттық мүддесі ұзақ мерзімді перспективаға сай Ұлыбритания, Германия, Италия, Финляндия, Франция, Швейцария, Оңтүстік Корея, Жапонияға басымдық беріледі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер