BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Қазақстан үкіметі қырғыз премьерінің сөзіне қатысты мәлімдеме жасады

ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі Қырғыз Республикасының Премьер-министрі С.Исаковтың қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының Президентімен келіссөздер жүргізгені жайлы ақпаратына қатысты ресми түрде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. Бұл жайлы қырғыз премьері 2017 жылдың 11 қазанында Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазған болатын.

«Біріншіден, Сочиде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президенті Қырғызстан Премьер-министрімен келіссөз жүргізген жоқ.

Алайда Қырғызстан Премьер-министрі С. Исаков біздің Елбасымызға жақындаған. Қырғызстан Премьер-министрінің Facebook желісіндегі жеке парақшасына осы сәтті бейнелейтін фото жарияланған.

Екіншіден, Қазақстан Президентінің «шекарада туындаған барлық мәселелерді шешу бойынша Қазақстан Үкіметіне тапсырма бергендігі» туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

Ақиқатында, Үкіметке аталған мәселе бойынша үкіметаралық консультация өткізу туралы тапсырма берілді.

Бұдан бұрын қазақстандық БАҚ-та хабарланғандай, қазіргі кезде Қазақстан Республикасының ҰҚК Шекара қызметі қазақстандық ІІМ, мемлекеттік кірістер және көліктік бақылау комитеттерімен бірлесе отырып, еліміздің мемлекеттік шекарасының барлық периметрі бойынша, оның ішінде қазақ-қырғыз аумағында да жоспарлы шекара операциясын жүргізуде.

Шекара арқылы өтіп жатқан адамдар, көліктер, жүк пен тауарларды тексеру жұмыстарының күшейтілуі қолданыстағы заңнама аясында жүргізіліп жатыр. Қазақстан мен шетелдік азаматтардың құқықтары еш бұзылған жоқ.

Шекарадан өтуге ешқандай шектеу немесе тыйым салынып жатқан жоқ.

Жоспарлы шекара операциясының басты мақсаты – шекара кеңістігінде заңға қайшы әрекеттің алдын алу, лаңкестік, контрабандалық және басқа да қылмыстық әрекетке қатысы бар тұлғаларды анықтау, шекара режимі мен көші-қон заңнамасының сақталуын тексеру.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының шекара қызметі де Қырғызстан Президенті сайлауына дайындық және өткізу қарсаңында шекараны бақылаудың күшейтілген режиміне ауысты.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің баспасөз қызметі бұрмаланған ақпараттың таралуына қатысты ресми түрде түсінбестік білдіреді және объективті ақпарат беру мәселесі бойынша кез келген БАҚ-пен ашық жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдейді», - деп жазылған хабарламада.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер