BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Министр Әбілқасымова СҚО-ға жұмыс сапарымен барды

Солтүстік Қазақстан облысы Еңбек министрі жұмыс сапарымен барған бірінші өңір болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство басшысы аймақтағы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы мен жаңа сипаттағы Атаулы әлеуметтік көмектің қалай жүзеге асып жатқанымен танысып, Петропавл қаласы мен аудан әкімдерімен жиын өткізді. Оған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшілері қатысып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды рәсімдеу бойынша жол картасын жүзеге асыру жағдайы сөз болды. Министр Мәдина Әбілқасымованың өңірге жасаған жұмыс сапарының маңызы да осында.

Еске сала кетейік, өткен жылы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық шарасы кезінде тұрғындардың мәртебесі деректер базасында тексерілген болатын. Нәтижесінде, 13,2 млн адамның әлеуметтік мәртебесі анықталды. Үй-үйді аралау кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған 3 млн адам рәсімделді, оның 130 мыңдайы Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары.

Министр осы мәселенің өзектілігін айта келе, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды екі санатқа бөлу керектігіне назар аударды.

«Бірінші топ – бейресми жұмыспен қамтылғандар, яғни ешқандай еңбек келісім шартынсыз тіркелмеген жеке кәсіпкерлер және жалдамалы жұмысшылар. Бұл облыста олардың қатары 39 мың адамнан асып жығылады. Егер осы санат бойынша оларды рәсімдеу орталық деңгейде жүргізілсе, жеңілдетілген салық пен тіркеу, шағын несие беру тетіктерін кеңейту қамтамасыз етіледі. Содан кейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған екінші топ үшін жергілікті деңгейде жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге нақты шаралар қабылдау қажет. Бұлардың саны СҚО 36 мың адамнан асады», - деді министр Мәдина Әбілқасымова.

Осы ретте ведомство жетекшісі облыс басшылығына биыл 27,5 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жүргендерді нәтижелі жұмысқа тартуды қадап тапсырды.

Облыс әкімінің орынбасары Асхат Сәкіпкереев алға қойылған міндеттерді орындауда қабылданған шаралар туралы баяндады.

«Бүгінде облыста өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ресімдеу бойынша Жол картасы және оларды жұмысқа орналастырудың жоспары бекітілді. Бұл 13,3 мыңнан астам жұмыссыз және 14 мың нәтижесіз жұмыс істеп жүргендерді өнімді жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Жиын барысында сондай-ақ, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асырудағы алғашқы жылдың қорытындысы жарияланды. Нәтижесінде, республика бойынша жарты миллионнан астам тұрғын жұмыспен қамту шараларына қатысты. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жүрген 300 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Жалпы құны 34 млрд теңгеден асатын 7 300 шағын насие берілді. Соның арқасында 4 200 адам жеке кәсіп ашты. Өңірде жүзеге асырылып жатқан нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына министр оң баға берді. Бұл бағытта жұмыспен қамту (4,3 мың жұмыссыз), оқыту (2,8 мың адам) және микрокредит (432) бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жетті.

Бұдан бөлек Мәдина Әбілқасымова халық тығыз орналасқан, жұмыс күші көп аймақтардан азаматтарды көшіруде жергілікті атқарушы органдар істейтін жұмысын жандандыру қажеттігін айтты.

«Аймақта оңтүстік өңірлерден қоныс аударғандарды жұмысқа орналастыру жеткіліксіз деңгейде. 2017 жылы еңбекке қабілеті бар адамдардың жартысынан азы ғана жұмыспен қамтылды», - деп қорытындылады министр.

Ол аймақтағы демографиялық тепе-теңдіктің жоқтығын да айтты, яғни 1 000 тұрғынға шаққанда бала туу көрсеткіші өңірде 13,6 адам болып отыр. Осыған байланысты облыс пен барлық аудан, ауыл әкімдеріне көшіп келген халықты жұмыспен қамту және еңбек ағындарын реттеуді барынша тиісті деңгейде жүргізу міндеті қойылды.

Сондай-ақ, кездесу барысында халықтың әлеуметтік жағдайы, оның ішінде мүгедектерді әлеуметтік қорғау, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, атап айтқанда еңбекақыны уақтылы төлеу мәселелері кеңінен талқыланды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер