USD 334.48 EUR 355.62 RUB 5.25
Астана:

Ауылдар жерасты су қорымен қалай қамтамасыз етiлiп жатыр?

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Биыл 480 ауылды ауыз сумен жабдықтау үшiн жерасты су қорын iздеу-барлау жұмыстары аяқталады. Бұл туралы бүгiн Үкiмет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Іздеу-барлау жұмыстары елді мекендерді жерасты су қорларымен қамтамасыз ету үшін жүргізіледі. Бекітілген жерасты су қорлары елді мекендердің сумен жабдықтау жүйесін салуға негіз болады», - дедi Ж.Қасымбек.

Оның айтуынша, 2012-2015 жылдары іздеу-барлау жұмыстары 1301 ауылға жүргізілген. Сондай-ақ, 105 кен орнының пайдалану мерзімі өтіп кетуіне байланысты тәулігіне 2,7 млн текше метр болатын қор қайта бекітілген. Бұл жұмыстарға 25,1 млрд теңге бөлiндi.

«Іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу функциясы 2015 жылдан бастап облыс әкімдіктеріне берілді, ал министрлiк осы жұмыстарды облыстарға ағымдық трансферттер бөлу арқылы қаржыландырады», - дедi министр.

2016 жылы 480 ауылда iздеу-барлау жұмыстары аяқталады және 35 кен орны бойынша су қоры қайта бекiтiледi. Сондай-ақ биыл 330 ауыл мен 12 кен орнында барлау жұмыстары басталған. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге бөлiнiп отыр.

«Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін жергiлiктi атқарушы органдар министрлiкке жерасты суларының қорларын бекіту үшін есептер береді. 2017 жылдан бастап iздеу-барлау жұмыстарын жүргізуге арналған қаражат жалпы трансферт ретiнде тікелей жергiлiктi атқарушы органдарға бағытталатын болады. 2017 жылға 5,4 млрд теңге қарастырылған», - дедi Ж.Қасымбек.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады