BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 365.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.6
Астана:

Елдегі бірқатар өңір жаңа оқу жылында оқулықсыз қалуы мүмкін 

Жаңа оқу жылына санаулы күн қалғанда елдегі бірқатар өңірлер мектептерге оқулық жеткізу бойынша жұмыстарды әлі де бастамай отыр. Бұл жөнінде бүгінгі Үкімет отырысында білім беру мен ғылымды дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаның 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында іске асыру мәселесі жөнінде баяндаған ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«2018 жылға 8 индикатор, 52 көрсеткіш, 150-ге жуық іс-шара орындау көзделген. Барлық индикаторлар мен көрсеткіштер орындалуда. Бірінші, мектепке дейінгі білім және тәрбие бойынша қазіргі кезде 3-6 жастағы балаларды қамту 93 проценті құрайды. Бұған «Балапан» бағдарламасының, жан басына қаржыландыру және өткен жылы қабылданған жаңа санитарлық нормалар мен өзгерістер жақсы әсер етті», - деген министр бизнес өкілдері елдегі мектепке дейінгі ұйымдарды көбейтуге белсенді қатысып жатқанын атап өтті.

Ол электронды үкімет пен е-әкімдіктің интеграциясының арқасында елдегі 25 қала мен 6 ауданда балабақшаларға электронды түрде жолдама беру іске асырылғанын, сондай-ақ, жыл соңына дейін барлық өңір аталған жүйеге қосылатынын айтты.

«Орта білім беруде жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда. Өткен жылдан бастап 1, 2, 5 және 7 сыныптар жаңа оқу бағдарламасының оқулықтары бойынша білім алуда. Осы 2018-2019 оқу жылынан бастап қосымша 3, 6, 8 сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша оқуға көшеді. Оларға арналған оқулықтар дайын, сараптамадан өтті және басылды. Сондай-ақ, бұл оқулықтарды облыстарға жеткізу жұмыстары басталып кетті. Бірақ, бұл әкімдіктердің жауапкершілігінде. Жалпы облыстар көлік компанияларымен кітаптарды жеткізу бойынша келісімшартқа отырған. Бірнеше өңір, соның ішінде, Астана қаласы, Батыс Қазақстан облысындағы Зерен ауданы, Түркістан облысындағы 4 аудан осы күнге дейін бұл жұмыстарды бастаған жоқ. Сол себепті, оқу басталуына 20 күн қалғанда оқулықтарды уақтылы жеткізбеу қаупі аталған өңірлерде орын алып отыр», - деген министр жергілікті атқарушы органдарды бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Министрдің айтуынша, осы жылдың аяғына дейін балалардың 75 проценті жаңартылған мазмұн бойынша оқиды. Осы орайда, шамамен 150 мың мұғалім арнайы оқудан өткен.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер