USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Б.Сағынтаев: «Ақ бұлақ» бағдарламасы қайта сүзгіден өткізіледі

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, ауылдарды қысқа уақытта сумен қамтамасыз етуге мүмкiндiк бар. «Ақ бұлақ» бағдарламасының олқы тұстарын түзеп, қаражатты тиiмдi пайдалану қажет. Бұл туралы ол Үкiмет отырысында айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Ауыз су мәселесi Елбасының бақылауында. Ауылдарды сумен қамтамсыз ету күрделi мәселе. Оны шешу жолы бар, қарастырып жатырмыз. Дегенмен, әлемдегi экономикалық жағдайға байланысты кезiнде «Ақ бұлақ» бағдарламасына бөлiнген қаржының көлемi қысқартылған болатын», - дедi Б.Сағынтаев.

Осыған қарамастан, Үкiмет басшысының айтуынша, соңғы 3-4 жылдың өзiнде ауылдық жерлердi сумен қамтамсыз ету 42 пайыздан 51 пайыға дейiн көтерiлдi. Қалада бұл көрсеткiш 87 пайызға жеткен.

«Бұл жақсы көрсеткiш. Дегенмен жағдай осындай екен деп қарап отырмауымыз керек. Мәселе қосымша қаржы iздеуде ғана емес, бағдарламаны қайта қарап, тиiмсiз пайдаланып отырған қаражатты дұрыс бағытқа салуда болып отыр. Жобаны жасаған кезде бiраз олқылыққа жол берiлдi, соның бәрiн түзеген кезде қомақты қаржы бөлiнедi. Бұл ұсынысты дұрыс деп ойлаймын», - дедi Премьер-министр.

Бұдан бөлек, оның сөзiнше, ауылдарды ауыз сумен қамтамсыз етуге жергiлiктi бюджеттен де қаражат бөлiнсе, жұмыс тезiрек жүредi.

«Тұрғындар бiрiншi кезекте әкiмдерге барады. Үкiмет тарапынан бөлiнетiн қаражатқа қоса әкiмдiктiң де суға қаржы бөлгенi дұрыс деп ойлаймын. Жақсы ұсыныс. Екi жақтан қаржы бөлсек, қалған 48 пайыз ауылды қысқа уақытта сумен қамтуға мүмкiндiк бар», - дедi Б.Сағынтаев.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады