Бозымбаев: Мен әр айтқан сөзім үшін жауап беремін - Үкімет|13 Ақпан 2018, 14:56
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.12 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.67 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

Бозымбаев: Мен әр айтқан сөзім үшін жауап беремін

Фото: primeminister.kz

Энергетика министрлігі құрған жұмыс тобы Қазақстандағы төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы бойынша Жол картасын дайындайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Министр айтып өткендей, жұмыс тобы отандық мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудан кейін жанар-жағармай материалдары өндірісінің өсуі ішкі нарықты тек орташа мерзімді кезеңде ғана жабатындығы туралы қорытынды жасаған.

«Тұтынудың болжанған өсуін ескерсек, 2021-2023 жылдар аралығында бензин, 2018-2023 жылдар аралығында дизель отыны, ал 2016 жылдан кейін әуе керосинінің тапшылығы пайда болады. Енді жаңа мұнай өңдеу зауыты құрылысының нұсқаларын пысықтау және әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізу шарттары бойынша келесі кезең үшін жаңа жұмыс тобы құрылды. Ол үшін Жол картасы әзірленіп, бейсенбі күні ведомствоаралық комиссияның бекітуіне ұсынуды жоспарлап отырмыз», - дейді Қанат Бозымбаев.

Еске салсақ, Нұрсұлтан Назарбаев төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы шешім қабылдауды жеделдету керек деп санайтынын айтқан еді.

«Бензинді қайтадан импорттайсыз ба? Мен тез арада төртінші мұнай өңдеу зауытын салу керектігі туралы айтқанда, сендер оның керегі жоқ екендігін дәлелдемек болдыңдар. Біз жағдай ушыққанда ғана жұмыс істей бастаймыз... Мұнай өңдеу зауыты туралы шешім қабылдауды тездету керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Сондай-ақ, Қанат Бозымбаев Астананы газбен қамту туралы да айтты. «КазТрансГаз» компаниясы «Сарыарқа» магистральді газ құбыры құрылысы жобасының техника-экономикалық негіздемесін дайындады.

«Сараптаманың оң қорытындысы бар. Қазіргі уақыта жобаны еуропалық қайта құру және даму банкінен қарыз алу арқылы қаржыландыру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде. Осыған орай ұлттық экономика, қаржы министрліктерінің өкілдері, Астана қаласының әкімдігі, «Самұрық-Қазына» және ҚМГ өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылуда», - деп өз жоспарын бөлісті министр.

Мұнымен қатар, Қанат Бозымбаев әр сөзі үшін жауап беретінін айтып өтті.

«Министрлік ешуақытта 2018 жылы елді толық бензинмен қамтамасыз ете аламыз деп айтқан емес. Мен «2018 жылдың екінші жартысынан бастап Қазақстан өзін негізгі мұнай өнімдерімен қамтамасыз ете алады» деп қана айттым. Мұнай зауыты толық модернизацияланып бітпекендіктен, 2018 жылы тапшылық болмауы мүмкін емес. Павлодардағы мұнай өңдеу зауытын модернизациялау жұмыстары аяқталды, Атырау облысында іске қосылайын деп жатыр, ал Шымкентте жылдың екінші жартысында іске қосылады. Осы зауыттар толық модернизацияланып біткен соң ғана Қазақстан өзін 100 пайыз бензинмен қамтамасыз ете алады. Адамдар «Бозымбаев 2018 жылы былай болады деп айтқан еді» деп жүр... Мен әр сөзім үшін жауап беремін», - деді ол.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер