BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 325.75 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 382.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Биыл Қызылорда облысында күн электр станциясы салынады

Қызылорда облысында қуаты 55 МВт болатын, Baikonyr solar күн электр станциясы салынады. Жобаға қаржыны Еуропа қайта құру және даму банкі мен Азия даму банкі бөледі. Күн электр станциясы ендігі жылы жұмысын бастайды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

XI Астана экономикалық форумы аясында «Жасыл экономика: тұрақты дамудың жаңа моделі» панельдік отырысы өтті. Оған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Жасыл өнім жаһандық институтының төрағасы Пан Ги Мун, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы президумының төрайымы Әлия Назарбаев қатысты.

Кейін ҚР Энергетика министрлігі мен шетелдік қаржы институттары арасында «Қызылорда облысында қуаты 55 МВт болатын, Baikonyr solar күн электр станциясын салу» жобасын қолдау және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

«Меморандумға сәйкес Энергетика министрлігі Қызылорда облысында салынатын күн электр станциясына қолдау көрсетеді. Электр станциясы – Baikonyr solar деп аталады. Оның қуаттылығы – 55 МВт. Жобаны жүзеге асыруға 30 млн долларды Еуропа қайта құру және даму банкі, ал 11 млн долларды Азия даму банкі бөледі. Алдағы жылдан бастап, жоба іске қосылуы қажет», - деді Қанат Бозымбаев брифингте.

Энергетика министрінің айтуынша, Еуропа қайта құру және даму банкі, еліміздегі 4-жобаны қаржыландырып отыр екен. Ал Азия банкі Қазақстандағы ең алғашқы жобасына ақша бөлген.

Брифинг барысында ведомство басшысы Жамбыл облысындағы күн электр станциясы алдағы уақытта Орталық Азиядағы электр энергиясын өндіретін қуатты кәсіпорынға айналатынын жеткізді.

«Самрұқ-Қазына» әл-ауқаты қоры ұлыбританиялық жеке инвесторлармен бірігіп, Baikonyr solar-ға ұқсас жобаны Жамбыл облысында жүзеге асырған. Ондағы күн электр станциясы жұмыс істеп тұр. Оның қуаты – 50мега/ватт. Бірақ осы жылдың маусымында оның қуаты 100 мега/ваттқа артып, ол Орталық Азиядағы қуатты күн электр станциясы болады», - деп түйіндеді сөзін Қанат Бозымбаев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер