USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

Түркиядағы қазақ диаспорасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтті

Түркияда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен білім ұйымының қолдауымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті.

Салтанатты шара аясында Жеңіс Ысқақова, Рамазан Стамғазиев және «Қоңыр тобы» өнер көрсетіп, атажұрттан жырақта жүрген қалың қандастарға керемет кеш сыйлады. Концертте ине шаншар жер қалған жоқ. Өйткені елімізді осы мерейлі мерекемен тек қазақ диаспорасы ғана емес, түркиялық саясаткерлер, зиялы қауым өкілдерімен қатар жергілікті тұрғындар да құттықтай келді. Олар ширек ғасыр ішінде Қазақстан дүниежүзіне кеңінен танылып, әлемдік қауымдастықта абыройы зор мәртебелі мемлекетке айналғанын ерекше атап өтті.

«Бүгін мен мынандай жиналыс көрмедім. Не деген көп кісі. Іште де, сыртта да толып отыр. Өйткені олар Қазақстанның 25 жылдығын құттықтауға арнайы келіп отыр. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тек Түркияда, Ыстамбұлда емес, бүкіл дүниежүзінде, қазақ бар жердің барлығында тойлануда. Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын. Қазақстанымыз бар болсын, Назарбаевымыз аман болсын!», - дейді Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілі Осман Құмандан.

«Ыстамбұл қаласында тұратын қандастарымыз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап, салтанатты жиын өткізуге ұсыныс беріп бізді шақырғаннан кейін Қазақстаннан бір топ өнер адамдарын бастап осында келіп отырмыз. Бүгін Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтеді. Бұл жиналыста Қазақстан халқына, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа құттықтау хат қабылданбақшы. Сондай-ақ бұл шара тек Түркияда ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да көршілес елдерде жақын арада өтеді деп жоспарланған»- дейді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев.

Хабар24

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады