BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 327.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 386.74 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.34
Астана:

Жетісудағы жағажай туризмі: жетістіктер мен мүмкіндіктер

Биыл Алматы облысында туризм индустриясын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, саланың жұмысын жандандыруға қатысатын шағын және орта бизнестің үлесі артады. Қазірдің өзінде сервистік қызмет көрсету бойынша 100 нысан ашылып жатыр. Нәтижесінде өңірде 25 мың жаңа жұмыс орыны құрылып, 12 мың жеке құрылым тұрақты қызмет көрсететін болады, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Аймақтың туристік әлеуеті отандық индустрияның көшбасшысы болуға жол ашып, әлемдегі демалыс орындарымен иық тірестіруге мүмкіндік береді. Яғни, өзендер өрнектеген өлкедегі табиғат ғажайыптары қазынаға мол қаржы әкелетін табыс көзі ретінде ғана емес, ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеуге, сол арқылы мемлекет имиджін қалыптастыруға да қызмет етуі тиіс. Қазір облыста бұған толық жағдай бар. Жақында Алматы облысы әкімдігі, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ және «Алматы Тау» туристік кластерінің қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Нәтижесінде аймақтағы «Алтын Емел» мен «Таңбалы» мемлекеттік мұражай-қорықтары, Шарын шатқалы, Көлсай көлі сияқты туристік маңызы зор орындарға демалушыларды тарту мен келушілерге қызмет көрсету жаңа сапаға көтерілмек. Бұл Жетісу өңірі үшін туризмді дамытудың бір бағыты болса, екінші жағынан жағалаудағы демалыс орындарының жұмысын дүниежүзіндегі танымал курорттардың деңгейіне жеткізу міндеті тұр.

Қазіргі күні аймақта жағажай туризмі жақсы дамып отыр. Жаз маусымында Алакөл, Қапшағай және Балқаш көлінің жағалауына келетін демалушылар легі толас таппайды. Бүгінгі күннің талабы осы бағытты одан әрі дамытып, демалыс орындарына дейінгі жол мен инфрақұрылымға қатысты мәселелерді шешу болып отыр. Бұл жерде Алматы қаласынан небәрі 70 шақырым қашықтықта орналасқан Қапшағай демалыс аймағы үшін инфрақұрлым мен сервистік қызмет көрсету жайы біршама шешілген деуге болады. Алматы – Талдықорған тасжолының Қапшағай демалыс аймағына дейінгі бөлігі бетондалып, әлемдік стандартқа сай жөнделген. Дәл осы автожол жақын күндері ақылы қызмет көрсетуге көшіп, бюджетке кіріс әкелетін болады. Ал Қапшағай қаласында қонақүй мен басқа да мәдени-демалыс орындары жеткілікті.

Жағажай туризмі туралы айтқанда Алакөлдің алатын орны салмақты. Көлдің шипалы суының адам денсаулығына пайдасы зор. Сол себептен ауданға келетін демалушылар үлесі жыл сайын артып отырады. Есеп бойынша, туризмнен түсетін табыстың қомақты бөлігі де осы Алакөлге келушілерден түседі. Мысалға, былтыр қазынаға түскен 8,3 миллиард теңгенің 3,5 миллиард теңгесі бір Алакөлге тиесілі. Биыл көлге келушілер саны 1 млн адамға дейін жетеді деп болжанған, тиісінше табыс та ұлғаймақ. Өкінішке қарай, Алакөл жағалауындағы инфрақұрылым әлемдік стандарттарға әлі де сай болмай отыр. Бұған дейін көл маңында 5 жұлдызды қонақ үй болмаған еді. Жақында Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы облысына жасаған жұмыс сапарында бұл мәселенің түйіні шешілгені айтылды. Енді Алакөл жағалауында құрметті қонақтарды ұялмай күтетін жайлы қоныс есігін ашты.

– Жұмыс сапарым барысында Алакөлге барып, оның туристік кластерімен таныстым. Барша қазақстандықтарға бізде тамаша демалыс орны бар екенін айтқым келеді. Бұл жер осыған дейін игерілмеген болатын. Оның инфрақұрылымы да, қонақүйлері де болмаған еді. Бүгінде бұл өңірде бизнес өкілдері белсенді түрде жұмыс істеуде. Көлдің жағасында әлемдік стандарттарға сай келетін бес жұлдызды қонақүй салынды, – деген болатын Елбасы сол кезде.

Әрине, жатын орын мәселесі шешілгенімен, жол қатынасы әлі де күрделі. Рас, Алакөлге баратын жолдар жөнделіп жатыр. Алматыдан Талдықорғанға дейін салынып біткен автобан таяу жылдары Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласына дейін жасалып, одан әрі Шығыс Қазақстан облысының аумағына өтеді. Теміржол мен әуе жолы да қызмет көрсетуде. Қазір Алакөлге дейін пойызбен де, ұшақпен де қатынау оңай. Демалушылар аптасына 4 рет Астана-Үшарал-Астана бағытында, аптасына 5 рет Алматы-Үшарал-Алматы бағытында және аптасына 3 рет Талдықорған-Үшарал-Талдықорған бағытында әуе көлігінің қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ, Алматы-Жетіген-Достық теміржол желісі бойынша аптасына 3 рет пойыз жүріп тұр. Мемлекет бұл жерде билет бағасын арзандатуға кеткен шығынды субсидиялау арқылы қолдау жасап отыр.

Осы жол мен жатын орын мәселесі Балқаш көліне де қатысты. Қазір қолға алынған шаралар толығымен жүзеге асса, Балқаш жағалауында да туристердің қатары үстемеленетіні анық. Мәлімет бойынша Балқаш көліне баратын жолдарға күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары басталады. Яғни, Сарқан ауданындағы «Лепсі - Балқаш көлі» автомобиль жолы мен «Алматы-Өскемен - Қызыл қайың –Лепсі» бағытындағы тас жол толықтай жөнделуі тиіс.

Су жағасына құмар жанның көңілі ауып тұратын мекеннің бірі – Көлсай көлі. Жетісудың жауһарына айналған Көлсай маңындағы флора мен фаунаға қызығушылар қатары көп. Бірнеше көлден тұратын Көлсай аймағы теңіз деңгейінен 2700 метр биіктікте орналасқан, ұзындығы 450 метр, ені 330 метрге жетеді. Қызығы, Көлсай көлдерінің тереңдігі әлі күнге дейін анықталмаған. Ал су ошақтары өте ерте заманда табиғи жағдайдың әсер етуінен пайда болған деседі. Яғни айналасын тау қоршаған қазаншұңқырлар қазір табиғи сұлулыққа тұнған көркем мекенге айналған. Биылғы көктемде Кеген ауданы аумағындағы осы Көлсай көліне апаратын жол бойында тау қозғалуы тіркелген болатын. Лықси жылжыған тау жыныстары Саты ауылы мен Көлсай өзені жолының 400 метрге жуық аралығын жауып және бірнеше электр бағанын басып қалған. Нәтижесінде демалыс аймағы жарықсыз қалған еді. Қазір Көлсай көліне апаратын айналма жол салу қарқынды жүріп жатыр. Аумақтағы тау жыныстарының көшуі туристер тасқынын арттырмаса, кемітпейтіні анық. Туристік агенттіктердің мәліметінше, қазірдің өзінде Көлсайды көруге құштарлар қатары еселеп артқан.

– Көлсайдағы жағдай Ұлттық табиғи парктің құрылуымен аумақтағы жағдай жақсара түсті. Мұндағы өсімдік әлемі, жан-жануарлар дүниесі толықтай назарымызда. Ғылыми-зерттеулер мен бақылаулар жүргізіледі. Табиғат құбылыстары мен табиғат кешендерінің жағдайына мониторинг жүргізіліп тұрады. Экологиялық ағарту жұмыстары қолға алынады. Ең бастысы, мұнда келіп демалушыларға бар мүмкіндік жасалған, – дейді «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі мемлекеттік мекемесінің басшысы Әміржан Малыбеков.

Жетісудағы жағажай туризмінің дамуына қатысты атқарылған жұмыстар жеткілікті. Біз соның бір парасына тоқталдық. Мұның барлығы отандық туризм индустриясының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ел қазынасын толтыруға бағытталған шаралар.

Суреттерді түсірген Жұмабай Мұсабек

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер