BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Павлодар облысында өнеркәсіптік туризм дамиды

Фото: автор

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің индустриялық аймағы – Ертіс өңірінде өнеркәсіптік туризм дамымақ. Бұл туралы жергілікті кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының өкілдері хабарлады.

Салалық ведомство өкілдерінің мәліметінше, жыл сайын Павлодар облысына 10 мың шетелдік турист келеді. Нақтырақ айтқанда, көршілес Ресейден келетін тынығушылар өте көп. Бұл аймаққа бет бұратын туристердің - 7%-ы. Алдағы уақытта көрсеткішті арттыру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынбақ. Туристік инфрақұрылымды арттыру жұмыстары атқарылғаннан кейін екі жылдың ішінде шетелдік меймандардың қатарын 20 мың адамға дейін жеткізу көзделген.

Фото: автор

«Ресейлік азаматтарды жер жәннаты атанған Баянауыл өлкесі, тұзды көлдеріміз бен қарағайлы ормандарымыз қызықтырады. Биылғы жылы Баянауыл ауданында Мырзашоқы тау-шаңғы базасы ашылды. Қысқы туризмді дамытудағы алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Ендігі мақсат – өнеркәсіптік туризмді дамыту. Бүгінде өзге ел азаматтары индустриалды өңіріміздің өндіріс ошақтарын көргісі келеді. Екібастұз қаласында жылдық қуаттылығы 50 млн тоннаны құрайтын «Богатырь» кеніші бар. Көмір қазушы кәсіпорында 1985 жылы 56,8 млн тонна қатты отын алынды. Дәл осы көрсеткіш бойынша кен орны Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Әлемдегі ең үлкен кеніш. Бүгінде кеніштің тіршілігімен танысуға бар мүмкіндіктер бар. Бұл істі дамыту – келешектің еншісінде», - дейді облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының бөлім басшысы Салтанат Нұрмағамбетова.

Фото: автор

Шарбақты ауданындағы қарағайлы ормандарда демалғандардың саны да артқан. Биылғы жазда Шалдай орманшылығының кереметтерін көруге 4 мыңға жуық турист келген.

Айта кетейік, биылғы туристік маусымда Баянауыл аймағына 200 мыңнан астам тынығушы келген. Былтырдың соңында Баянауыл өңіріне алғашқы ұшақ қонды. Ал осы жазда шағын аэродромның құрылысы аяқталды. Өлкенің туристік әлеуетін арттыру мақсатында «Павлодар-Баянауыл» әуе қатынасы араға 25 жыл салып жанданды. Енді жолаушылар 16 орындық ұшақпен Баян өңіріне 40 минуттың ішінде жете алады. Алғашқы рейсті әзірге тәжірибесі мол «Жезқазған Эйр» компаниясы жүзеге асырды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер