BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 344.58 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 400.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.47
Астана:

Көкшетаулықтар қайда демалады?

Фото: Интернеттен алынды

Көгінен бұлт арылмайтын көкшетаулықтар қалай, қайда дем алады? «Көкшетаулықтар қысы-жазы курортта ғой» деген өзгелердің пікіріне мұндағы жұрттың өздері не дейді? Baq.kz аймақтағы тілшісі әлеуметтік өзекті осы мәселенің себеп-салдарына үңіліп көрді.

Ел Үкіметі Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытудың үшінші кезеңін бекітті. Оның аясында аймақтың көлік-логистикалық, инженерлік және инфрақұрылымдық мәселелерін, экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Бұған 61,4 млрд теңге жұмсау көзделген.

«Былтыр Бурабай-Щучинск курортты аймағы 850 мың демалушыны, ал жыл басынан бері 400 мың саяхатшыны қабылдаған. Биылғы меже – 1,2 млн адам. Саф ауаны жұтып, көрікті жерлерді тамашалауға келетіндердің дені – Астанаға жолы түскен шетелдіктер мен ел тұрғындары» , – дейді Ақмола облысы әкімінің туризм жөніндегі кеңесшісі Марат Иғалиев.

Жалпы, аймақта туризмді дамытуға арналған кешенді бағдарламаға зор міндеттер жүктелген. Күні кеше ғана Бурабайға жасаған сапарында Елбасы Н.Ә.Назарбаев ең бірінші кезекте инфрақұрылымға көбірек көңіл бөлуді тапсырды.

Қазіргі уақытта «Бурабай даму» жыл-он екі ай жұмыс істеуі үшін жобаны жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. 2018 жыл соңына дейін Щучье және Бурабай көлдері жағалауларында 27 шақырым жолаушылар жолы, 28 шақырым веложолдар төселеді, велосипедті жалға беретін 7 бекет іске қосылады.

«Аймақта 233 га аумаққа қанат жаятын «Ақ бура» жаңа курорттық аймағы, «Бурабай» тау-шаңғы кешені, 1500 орындық Конгресс орталық пайда болады. Курортты аймақты дамытуға 177,8 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Соның арқасында 5 мың жаңа жұмыс орны ашылады», - дейді Ақмола облыстық туризм басқармасының жетекшісі Данияр Идиятов.

Аймақты жыл он екі ай қызмет көрсетуді орын ретінде қалыптастыру қолға алынды. Ірі іс-шараларды осында өткізу басталып кетті. Мәселен, балалардың халықаралық шығармашылық фестивалі ұйымдастырылды. Ал осы сенбіде «Біржан-Сара» операсы ашық аспан астында қойылмақ.

«Алтынның қолда барда қадірі жоқ» демекші, ашылмаған аспан, толас таппаған жауын, түнде тон кидірмесе де тоңазытарлық салқыны бар Көкшетаудың осынау «мінезінен» мезі болатындар да бар. Жұрт Көкшетауға, оның Бурабайына жете алмай жүргенде көкшетаулықтар Шымкенттің Сарағашын саялайды, Тәшкенге тартады. Тағы басқа, кекілін күн сүйіп, ыстық сүйегін жылытар жаққа жөнеледі.

Алайда, көкшеліктерді іргедегі «Қазақстанның Швейцариясына» ат шалдыртпай қиырға сапар шектіретін себеп бір ғана ауа райы емес. Қымбатшылық. Арзандау санаторийлер, қонақ үйлер мен курорттық шағын үйлер де бар. Бірақ ондағы сервистік қызмет деңгейі иелері сұрап отырған бағаға сай емес. Бурабайдың сайран саларлық демалыс орындарының бағасы алыстағы Анталиядан әлдеқайда қымбат. Қызмет көрсету жағы да әлі жете дамымаған. Тәжірибесі жетіспейді. Бәлкім, ыңғайымыз, ебіміз келісіңкіремейді. Бурабайдың курорттары әрі қымбат, әрі қызмет көрсетуі ойдағыдай болмаса, мұндағылар алысқа көз тікпей қайтсін? «Сананы тұрмыс» билеп, қалтаға қарай көсіледі де.

Тәулігіне 60 мың теңге талап ететін элиталы демалыс орындарына екінің бірі бара алмайды. Сондықтан болса керек, орман арасына барып палатка тiгiп, табиғат аясында демалғанды дұрыс көретiндер көп. Өкiнiшке қарай, осылай жабайы демалушылардан кейiн қалатын қоқыстар курортты аймақтың көркiне көлеңке түсiруде.

«Бурабайдың табиғаты керемет қой, шіркін! Бірақ, мұнда адамның көңілін сергітіп, таңғалдыра өзіне тартып алып кететін ештеңе жоқ. Көл жағалауларында қоқыс жәшіктері, дәретханалар жетіспейді. Лас үйінділер шашылып жатады. Басты кемшілік ретінде жаяу жүргіншілер және асфальт төселген жолдардың аздығын айтар едім. Бұл Бурабайдың орталығы ғана емес, шеткі аймақтарына да қатысты. Жалдап тұру құны мен азық-түлік бағасы да тым қымбат», – дейді Самат Есболов есімді демалушы.

Өзен-көлді, бұйра-бұйра орманды, көк шілтер жамылған бұйығы таулы Бурабайдан кәсіп ашқандар қымбатшылықты алты ай қыс онда адам аяқ баспайтынымен, бизнестерінің «бұғып» жататындығымен, жадыраған жаздың тым шолақтығымен түсіндіреді. Салған қаражаттары қайтарым бермей, сауда-саттық жүрмей, суға түсерлік бірер ай мерзімін күтіп, жер шұқып, күмілжіп отыратын көрінеді. Ендігі мақсаттары – қыста да демалушылар келетін ету. Қысқы демалысқа қызықтыру. Атпен, шанамен қыдыртып, сырғанақ тепкізу, құс салғызу, тағысын тағылар.

Дегенмен, «Атының сыры иесіне мәлім» дегендей, Бурабайдың басында орнына келтіру қолдан келер кемшіліктер де толып жатыр-ау. Сол баяғы бойымызға сіңген жалқаулық, еріншектік, немқұрайлылық. Іргеде – Астана. Шетелдіктер құдайдың құтты күні келіп жатыр. Бір көріп кетуге келген шет елдік туристер ағыл-тегіл. Солар келмесе тұра алмайтын, тағы айналып келуге құмар болатын етіп қызмет жасап, небір қызықтарды ұсынуымыз керек қой.

«Біз сексен шақырым жердегі Бурабайға бір баруға қолымызды тигізе алмай жүргенімізде, ресейліктер сол жерде өріп жүреді. Оны барсаңыз көресіз. Әйтпесе, қаламыздың көшелерін кезген көліктерінен білесіз. Аз емес. Әр автотұрақ, әр көше, әр базардың маңайынан кезіктіресіз. Осының өзі-ақ көп нәрседен хабар беретіндей. Неге? Сұлулыққа, әдемілікке, көркемдікке бізден гөрі құмар ма? Табиғатқа бізден де құштар ма? Оның мән-жайын жете зерттеу керек шығар... Сырт көзге белгілісі олар жолға тез жиналады, жүруге ерінбейді, барған жерінде бап талғамайды. Дұрыс-ақ. Ал, біз ше?! Біз табиғаттан қашан алшақ болып едік? Арқадан Алтайға, Жетісудан Атырауға дейін мал айдап, көшіп-қонып, киіз үйде өсіп, жайлауда қымыз ішіп, тай жырыстырып өскен қазақ емес пе едік? Қашан осыншама «үйкүшік» болып қалдық? Неге балаларымыз компьютерге байланып, көзден айырылып, омыртқалары майысып, әскерге барарда қалыпты дәрежеге салмақтары жетпейтін, әлжуаз болып қалды? Жалаңаяқ жар жағалап, суға секіріп, тауға өрмелеп жүрсе сонадай болар ма еді? Солар күнде болмаса да көл мен тауға баруға ынтазар болып тұрса ғой. Ол әдетті бала бойына сіңірер, әрине, өзіміз – үлкендер», - дейді Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов.

Басқа емес, әлемнің әр түпірінде өсетін қарағайлар емес, осы Бурабайдың қарағайының иісі ғана шипа, ем көрінеді. Адамның тыныс жолдарын ашып, көкірек сарайын сайратып жібереді, дейді. Өзіміз де, балаларымыз да сол жерге жиі барып, тыныстап тұрсақ болмас па? Мүмкін, бізде демалу мәдениеті дұрыс дамымай отырған шығар. «Әрі-бері тасымалдап, тұрақты, үзіліссіз жүріп жатқан көлік жоқ» деп, сылтауратуға да болмайтындай. Жеке көлігі барлардың да жиі барып жатқаны шамалы. Демек, арнайы, әдейі қоғамдық көліктер тұрақты қатынап, Бурабайдың басында жеңіл-желпі тамақтанып, су-суан ішу, спортпен шұғылданып, ойын ойнау, тағы басқа белсенді демалыс түрлері көбейіп, ол қолжетімді бола түсуі керек-ау.

Фото: Интернеттен алынды

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер