BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Қазақстанда ғарыштық туризм дамиды

Фото: akorda.kz

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда ғарыштық туризм саласын дамыту қолға алынбақ. Бұл жөнінде Петропавлда Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен өтіп жатқан өңіраралық ынтымақтастық форумында айтылды.

Әлемде экономика саласына құйылатын қаржының 10 пайызы туризмге тиесілі, сондақтан аталған бағытты дамыту маңызды. Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының көздегені де осы мақсат. Жиында туризм саласын дамытудың түрлі жолдары ұсынылды. Солардың бірі және бірегейі – ғарыштық туризм.

«Біріккен ұлттар ұйымының болжамы бойынша, 2030 жылға қарай әлемнің 1,8 миллиардқа жуық тұрғыны тарихи ескерткіштерге және курорттық аймақтарға саяхат жасайды. Қазақстан мен Ресей де бұл саланы дамытуды бір жолға қою керек. Туризмді ілгерілету үшін қос елдің туристері шекара бекетінен кедергісіз өтуі тиіс. Сондай-ақ, Каспий теңізі мен ғарыштық туризмнің әлеуетін пайдалану керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ресей тарапы да бұл салада қоян-қолтық жұмыс істеуге ниетті. Бүгінде қос елдің арасында «Үлкен Алтай» сынды тағы басқа ортақ жобаларды жүзеге асыру қолға алынбақ. Владимир Путин ортақ тарихы тереңге тамыр тартқан көрші мемлекеттер мұнымен шектелмей, қолда бар мүмкіндікті пайдалану керектігін атап өтті.

«Петропавл қаласын Қазақстан мен Ресейдің арасында бірнеше ғасырға ұласқан достықтың нәтижесі деуге болады. Қос елдің халқы ортақ тарихқа бай. Сондықтан тұрғындар қос мемлекеттің тарихын терең зерттеу үшін, әдет-ғұрпымен танысу үшін туристік бағыттарды құруға болады. Екі елдің арасында жыл сайын 6 миллионнан астам адам қатынайды. Бұл көрсеткішті ұлғайту керек», - деді ол.

Жиында айтылғандай, АҚШ-та ғарыштық туризмді дамыту мықтап қолға алынған. Былтыр ондағы ғарыш айлақтарын көруге бір миллион астам адам ниет білдірген. Қазақстанда бұл тәжірибені Байқоңырда енгізуге болатады. Отандық ғарыш айлағынан жыл сайын орта есеппен 24 зымыран ұшырылады. Байқоңыр зымыранның ұшырылғанын көргісі келген 2 мың адамды сыйдыра алады.

Форумда екі тарап «Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алу туралы» келісімшартқа өзгеріс енгізу жөніндегі хаттамаға қол қойды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер