BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 339.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.64 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.3
Астана:

Қазақстан туризмі «ITB» көрмесінде өз әлеуетін танытты

Қазақстан ITB Berlin-2018 ең ірі халықаралық туристік көрмесіне қатысып жатыр. Биыл туристік ұсыныстардың жаһандық бизнес алаңында 160 мың тамашалаушы мен 180 мемлекеттен келген 10 мыңнан астам қатысушы болды. Бұл – осы іс-шараның бастау алған сәтінен бері (51 жыл) алғаш рет жаңарған рекорд, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

6 наурыз күні Германия Канцлері Ангела Меркель мен Дүниежүзілік туристік ұйымның (ЮНВТО) Бас хатшысы Зураб Пололикашвилидің қатысуымен көрменің ашылу салтанаты өтті.

Қазақстан стендінің негізгі концепциясы ретінде еліміздің этникасы және мәдениеті таныстырылды. Ал стендтің орталық элементі – толық жабдықталған нағыз киіз үйде жент дайындаудан, қазақ ұлттық музыкалық аспабы - сазсырнай жасаудан, киіз үй тұрғызудан мастер-класстар өткізіліп, ұлттық музыка мен билер көрерменге жол тартты.

Бұл алаң 5 күн бойы қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін паш ететін сахна ретінде өз көрермендеріне қалтқысыз қызмет етті. Стендке келушілер жауынгер киіміндегі «Арлан» театры батырларымен суретке түсіп, олармен қол күрестірді.

Сондай-ақ, павильонда үстелде ойналатын асық ойыны түрлері үшін кіші алаң бөлінген, бұл жерде қонақтарға асық ойнау үйретілсе, ең белсенді ойыншыларға асық жиынтықтары сыйға берілді.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Қ. Сәдуақасов бастаған Қазақстан делегациясының құрамында туристік компаниялардың, қонақ үйлердің және өңірлік туризм басқармаларының 40-тан астам өкілі бар, қатысушылардың мұндай рекордты саны бұрын-соңды ешбір көрмеде болмаған еді.

Қазақстан ITB көрмесіне жыл сайын қатысады. Биыл ITB-дегі Қазақстанның ұлттық стендінің ұйымдастырушысы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ туристік көрмелерге қатысудың жаңа форматын ұсынды.

Берлиндегі көрмеден басқа, бұл жылы Қытай, Гонконг, Оңтүстік Корея, Польша және басқа мемлекеттердегі көрмелерге қатысу жоспарланып отыр.

«ITB» (Германия, Берлин) халықаралық туристік көрмесі 1966 жылдан бастап өткізіліп келеді, және жаһандық туристік ұсыныстарға арналған негізгі бизнес алаң. Бұл – ең ірі, әрі келушілер саны ең көп болатын туристік көрме. Көрменің 26 павильонында тарихи-мәдени туризм мен белсенді туризмнен бастап круиздер мен СПА-демалысқа дейінгі барлық бағыттары ұсынылады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
17 Маусым 2018, 10:35
ҚАҒАЗБАСТЫ ҚАЗАҚСТАН!
Пікірлер