BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Kazakh Tourism қомақты қаржы бөлінген экспедицияның қорытындысын шығарды

Kazakh Tourism компаниясы Алтайдан Жібек жолына дейінгі аралықты қамтыған ауқымды экспедицияның қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Ұлы Дала Еліне саяхат: Алтайдан Жібек жолына дейін» атты 6 бағыттан тұратын экспедицияны ұйымдастыруға 120 млн теңге бөлінген.

«Экспедиция нәтижесінде жаңа туристік бағыттарды ашуды жоспарлап отырмыз. Еліміздің 60-қа тарта әсем жерлерінде болдық. Оның арасында тарихи маңызы бар ескерткіштер де, табиғаты бірегей, көркемдігі көз сүріндіретін жерлер де бар. Енді біз жиналған деректерді паспортизациядан өткізудеміз. Яғни экспедицияға қатысқан 6 топтың мүшесі жаңа туристік бағыттарды ашу бойынша бізге тиісті ұсынысты береді. Ұсыныстарды жылдың аяғына дейін қарап шығамыз. Осы жұмыстар аяқталған соң, туристік маршруттарды ашамыз», - деді Kazakh Tourism ҰҚ АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев.

Сонымен қатар ол алдағы уақытта Kazakhstan Travel порталы іске қосылатынын атап өтті.

«Экспедицияның тағы бір мақсаты Қазақстанның әсем жерлерін көрсететін дерек қорын жасау болатын. Қазіргі таңда бізде видео мен фотолар бар, бірақ олар жеткіліксіз. Осы айдың ортасында біз Kazakhstan Travel атты порталымызды іске қосамыз. Қазіргі таңда порталды реинновациядан өткізіп жатырмыз. Экспедиция барысында түсірілген материалдарды сайт жұмысына пайдаланамыз», - деді төраға.

Сондай-ақ Рашид Күзембаев экспедиция барысында арнайы деректі фильм түсірілгенін, ол алдағы уақытта Kazakh TV телеарнасынан эфирге шығаратынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 18 шілде мен 29 қыркүйек аралығында «Ұлы Дала Еліне саяхат: Алтайдан Жібек жолына дейін» атты 6 бағыттан тұратын экспедиция ұйымдастырылған. Оның құрамындағы 140-қа жуық адам «Тянь-Шань маржаны» (Алматы облысы), «Алтай – өркениет бесігі» (Шығыс Қазақстан облысы), «Жоңғар Алатауы» (Алматы облысы), «Сарыарқа» (Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстары), «Теңізден теңізге дейін» (Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары), «Жаңа Жібек жолы» (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары) атты еліміздің көрікті жерлеріне саяхат жасады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер