BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Кәсіпкерлер Ертіс жағажайын ұзартуға қомақты қаржы жұмсайды

Фото: автор

Павлодардағы Ертіс өзенінің жағажайы көркейіп, тағы бір шақырымға ұзартылады. Нәтижесінде тұрғындардың сүйікті демалыс орны 5 шақырымға созылады, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі.

Ертіс жағажайы құрылыс алаңына айналып, 60-тан астам маман іске кіріскен. Жобаның ерекшелігі сол, өзен жағасының шайылып кетпеуі үшін бекітуді көздейді. Құрылыс барысында 10 бұлақ табылып, жұмысқа кедергі келтірген. Нәтижесінде жобалаушылар жоспарларына кішігірім өзгерістер енгізген.

Жоба авторы Ғабит Темірбаевтың айтуынша, жерасты сулары кедергі болмас үшін бір шақырымдық кәріз жүйесі тартылады.

«Нәтижесінде су арнайы құбырлар арқылы қозғалып, өзеннің бұзылып кетпеуіне сеп болады. Дренажды жүйе қолданылып, шайып кетуге қауіп келтіретін сулар ығыстырылып отырады», - дейді ол.

Жоба аясында жағажай бекітіліп қана қоймай, 1 шақырым 200 метрлік жер толық абаттандырылады. Яғни, орталық жағажай теміржолға дейін созылып, саябақ пайда болмақ.

«Ертіс өзені мемлекет қорғауындағы аумақ екені белгілі. Сондықтан, жұмыс барысында экологиялық таза құрылыс материалдары қолданамыз. Мәселен, біз габионды технология арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Ірі қиыршықтастың 25 мың тоннасы мен банкетті тастың 30 мың тоннасы берік торларға салынады. Кейін өзен бойына орнатылады. Бұл габионды технология деп аталады. Вольфраммен жалатылған металл сымдардың беріктілігі жоғары», - дейді құрылысшы Мұрат Есжанов.

Айта кетейік, 300 метрге созылған «Қазқонақ» палеонтологиялық ескерткішіне кедергі келтірілмейді.

Жағажайды ұзарту жобасына демеушілер қауымы 1 млрд. 300 млн. теңге бөлген. Биылғы жылы 500 мың теңгесі игерілмек. Құрылыс материалдарының барлығы – отандық өнім. Мәселен, ірі қиыршықтастардың екі түрі Баянауыл ауданында өндіріледі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер