BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 342.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 400.85 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.51
Астана:

Алакөл отандық туризмнің бірегей нысанына айналады

Фото: Тілеубек Шаяхмет

Таяуда Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов Үржар ауданына іссапармен барып, Алакөл жағалауындағы құрылыс жұмыстарымен танысып, демалушылармен тілдесіп, бірнеше жылдан кейін Алакөл Түркиялық жағалаулармен бәсекеге түсетінін, сөйтіп туристік жаңа деңгейге көтерілетініміз туралы айтты. Baq.kz тілшісі «Олай болуы қаншалықты мүмкін?», «Бұрынғы Алакөл мен қазіргі Алакөлдің айырмашылығы қандай?», «Алакөлдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?» және «Демалу үшін не себепті басқа емес, дәл Алакөлге бару керек?» деген сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

Алакөл – дара көл

Алдымен бұл көлдің атауы қайдан шыққанына, несімен ерекше екеніне тоқтала кетелік. Алакөл – Қазақстандағы Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан емдік қасиеті мол, жартылай тұзды, тұйық көл. «Алакөл» атауы ежелгі түрік және моңғол сөздерінен аударғанда «ұлы көл» немесе «таулы көл» деген мағынаға ие. Көл суының түсін алғаш рет қарағанда анықтау қиын. Ұсақ көлдердің түсі алуан түрлі болады. Мысалы, Сасықкөл – көгілдір, Қоржынкөл – сұрғылт, Қылытұз – сары түсті. Жергілікті тұрғындар көлді пішінінің, түсінің, көлемінің әртүрлі болғаны себепті «Алакөл» деп атап кеткен.

Алакөлдегі игерілмеген жерлер мемлекеттің меншігіне қайтарылсын»

2017 жылдың сәуір айында аймақ басшысы Даниал Ахметов Алакөлге іссапармен барып, жағалауды көріктендіру үшін 550 миллион теңге бөлінгенін, мамыр айында қосымша 232 миллион теңге бөлінетінін айтқан еді. Сөйтіп, Алакөл жағалауына тамақтану орындары, балалар ойнайтын, спортпен айналысатын алаңдар салына бастады.

2017 жылдың мамыр айында Даниал Ахметов Алакөлге тағы бір мәрте барып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды қадағалап қайтты.

«Алакөл жағалауындағы абаттандырылмаған, іске жаратылмаған жерлер мемлекеттің меншігіне қайтарылсын. Сондай-ақ, кәсіпкерлер конституциялық міндеттерін орындап, салық төлесін. Әдемі әрі сапалы жоба ұсынбайынша, құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат жоқ! Бұдан былай бір метр жердің өзі жайдан-жай беріле салмайды. Әр жобаны жеке өзім қадағалайтын болам. Алакөл маңына сапасыз, арзан материалдардан үй салуды тоқтату керек. Бәрін ретке келтіріңдер. Құрылыс нысандары халықаралық стандарттарға сай болсын», - деді ол іссапар барысында.

Алакөлге қалай жетуге болады?

2018 жылы 21 маусымнан бастап туристерді Алакөл демалыс базаларына жеткізу үшін Өскемен-1 вокзалынан Достық бекетіне дейін жолаушылар пойызы жүре бастады. Бірінші күннен-ақ бес плацкарт вагон жолаушыларға лық толы болды.

«Маусым-қыркүйек айлары аралығында Алакөлге автобуспен ғана емес, пойызбен қатынауға да мүмкіндік жасалды. Бұдан былай Өскемен, Семей қалаларынан Жалаңашкөл станциясына дейін пойызбен жетуге болады. Билет бағасы да қолжетімді: плацкарт вагон – 2800 теңге болса, купе – 4000 теңге. Сонымен қатар, Өскемен – Семей – Үржар, Алматы – Үржар, Астана – Үржар бағытына дейін ұшақ рейсі ашылды. Жалпы, Облыстық бюджеттен Өскемен – Семей – Үржар бағытындағы рейсті ашуға 2018 жылы 162,1 миллион теңге қаражат бөлінді», - дейді ШҚО Туристік ақпараттық орталығының директоры Сымбат Рамазанов.

Алакөлге дейін Өскемен – Барлық-Арасан, Семей – Барлық-Арасан, Өскемен – Алакөл, Семей – Алакөл бағытында тікелей баратын 44 орындық 4 автобус бар. Билет бағасы – 2600-300 теңге аралығында.

«Тағы бір жаңалық – Tourist info» туристік-ақпараттық орталығы ашылды. Жаңадан құрылған орталық қызметкерлері демалушыларға бір терезе қағидаты бойынша анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсетіп, мамандар тегін кеңес береді. Бұған қоса «Tourist info» орталығынан сол демалыс базалары мен турфирмалардың брошюралары мен арнайы кәдесыйларын алуға болады. Аталған орталық демалушыларға жаз бойы, аяғни үш ай бойы қызмет етеді», - дейді ол.

Алакөл түбегейлі өзгерді, өзгергенін көз көрді

Алакөл жағалауы түбегейлі өзгеретіні туралы былтырдан бастап айтыла бастады және қандай өзгеріс болып жатқаны сол жаққа жыл сайын барушылардың көзіне көрініп тұр.

«Неге басқа емес, дәл осы Алакөлге келіп демалуды жөн санайсыз? Басты үш себебін айтып бере аласыз ба?» - деген сұраққа Талғатжан Мұхамадиев есімді демалушы жауап берді.

«Алакөлге екінші мәрте келуіміз. 3 жыл бұрын бұл жерге келгенде мүлде басқаша еді. Біріншіден, Алакөлдің суы шипалы. Осында дертіне дауа іздеп келушілер көп. Екіншіден, бұл жердің демалушыларға қызмет көрсету сапасы жақсарған. Биыл мұнда демалуға келушілердің саны әлдеқайда көп екенін байқадым. Адам көп болғаны сондай, келмес бұрын алдын ала хабарласып, тұрақтайтын орнымызды анықтап алдық. Үш жыл бұрын олай емес еді. Бұл – демалыс орындарының қызмет көрсету сапасы жақсарғанын айқындай түсетін көрсеткіш. Үшіншіден, көл жағалауы керемет абаттандырылған. Көрікті әрі сапалы үйлер, демалыс орындары салынып, жақсылап тынығуға жағдай жасалған. Үшіншіден, аты аңызға айналған жерге келіп, оның ғанибетін сезініп көру – міндетіміз деп те айтуға болады. Жоңғарлармен шайқас кезінде қазақтың батырлары Алакөлдің суын емделу үшін қолданған деген аңыз бар. Тіпті, Шыңғыс хан осы жерге түмендерімен келіп, жарақаттанған жауынгерлер емделген деген де ақпарат бар. Осындай демалыс орны ғана емес, тарихи жерді неге келіп, көзбен көріп қайтпасқа?!», - дейді ол.

«Ал қандай кешіліктерін байқадыңыз?», - деген сұраққа демалушы ойланбастан жол жағдайы туралы айтты.

«Алакөлге жету де, кету де – әуре. Автобуспен, де пойызбен де, ұшақпен де тікелей Алакөлге жете алмайсыз. Алдымен Үржарға немесе басқа станцияда түсіп қалып, ары қарай такси жалдап барасыз. Жолдың сапасы нашар болғандықтан, шаршап қалатының рас», - дейді ол.


Осы орайда бұл сөздің жаны бар екенін айта кету керек. Алакөл – Алматы бағытындағы, Алакөл – Өскемен бағытындағы автожолдар, жалпы Алакөлге алып баратын барлық жолдың жағдайы сын көтермейді. Жақында дәл сол жолда көлік апаты болып, 4 адам өмірмен қош айтысқан болатын, оның біреуі – сәби. Қырық шұңқыр жолмен жүргенде жолаушылар да, көлік жүргізушісі де тәуекелге бел буады.

Алакөл – ғарышкерлер үйі

Кеңес Одағы кезінде Алакөлдегі жабық аймақта ғарышкерлерді емдеу шаралары жүргізілген екен. «Космонавтар үйі» аталған аймақта айлап демалған ғарышкерлердің ағзасы радиациядан тазаланып шығатын көрінеді.

Биыл осы үрдіс жалғасын тауып, биыл 22-24 маусым аралығында қазақстандық және ресейлік ғарышкерлер Алматы облысы аумағындағы Алакөл жағасына демалуға келді. Олардың ішінде, әрине, Халық қаһарманы, Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы Талғат Мұсабаев та бар.

«Алакөл Түркия жағалауларымен бәсекеге түседі»

Қалай айтсақ та, бәрі уақыт өте келе шешімі табылатын мәселелер. Сол себептен болар, аймақ басшысы Алакөлдің болашағына зор сенім артады.

«Бұл жерге келетін демалушылардың саны жылдан жылға артып келе жатқаны қуантады. Шетелдіктер де демалуда. Биыл да, келесі жылы да жағалаудағы құрылыс жұмыстарын жалғастыра береміз. Құрылыс аяқталғаннан кейін осында келетін туристер Алакөл суының емдік қасиеті мен қызмет көрсету сапасына ғана емес, табиғатына тамсанып, жалпы Қазақстан мен сол өңірдің тарихына тереңдейтін болады. Осында қарағай мен шырша егеміз. Айтқандарымның бәрі орындалған жағдайда Алакөл Түркиялық жағалаулармен бәсекелесе алатын болады», - дейді Даниал Ахметов.

«Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық». Ендеше, аты аңызға айналған Алакөлге барып, ғажайыбын өз көзіңізбен көріп қайтыңыз, оқырман!..

Біздің анықтама

Аралдармен бірге есептегенде көлдің ауданы – 2696 шаршы шақырым, су көлемі – 58,56 куб шақырым, ені – 52 шақырым, ұзындығы – 104 шақырым, жағалау сызығының ұзындығы – 348 шақырым. Көлдің орташа тереңдігі – 22 метр, ең терең жері – 54 шақырым.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер