BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 342.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 400.85 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.51
Астана:

Бақдаулет Нұрдәулетұлы: Қазақстанда туризмді дамыту үшін халықты осы салаға үйрету керек Эксклюзив

«Кочевник» Ұлттық туристік компаниясы» ЖШС-нің Бас директоры Бақдаулет Нұрдәулетұлы Қазақстанның қазіргі ішкі туристік ахуалы, шет елден келетін туристердің талабы, олар қандай жерлерді, нені көргісі келеді, туризм саласы мамандарын дайындаудағы отандық ЖОО-лардың атқарып жатқан істері және ондағы кемшіліктер туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

- Әңгімені университетте оқытылатын туризм саласынан бастасақ. Осы салаға университеттеріміз қаншалықты дайын маман бере алады?

- Университет пен кәсіпкерлік екі бөлек сала. Университетте теориялық түрде оқытады. Практика аз. Мысалы, әрқайсымызда жоғары білім бар және сол жоғары білімді алу барысында 18-20-ға жуық пәнді оқып шықттық. Соның барлығы ешқайсымыздың миымызда жүз пайыз қалған жоқ. Сондықтан да біздегі білім саласында да сұрақтар көп. Мысалы, студент тәжірибеден өту үшін білімді адамдарды іздейді, ал туризм саласында мұндай мамандар саусақпен санарлық.

Негізі, менің ойымша, университетті бітіріп, қолына дипломын алып келген жас маман, жоғары оқу орнындағы алған білімін сапалы түрде жетілдіруді көздейді. Ол үшін университетте бірінші бастама, бірінші саты болуы керек. Университетте өзім де жұмыс істегенмін, әлі де істеймін. Біздің университеттер қалай жұмыс істейді? Мұғалім әдебиеттер тізімін береді, сабақ өтеді, студент жауап береді. Бар болғаны осы. Ал шын мәнісінде кафедраның жауапкершілігі практикадан өту кезінде байқалады. Осы кезде бір жағдайды айта кеткен дұрыс. Тәжірибеге жіберілген студенттің артынан бірде бір жетекші іздеп келгенін көрген емеспін. Ол студент не өтіп жатыр, бұған дейін өзі оқытқан теория тәжірибе жүзінде қолданылды ма, жоқ па, оны саралап, сараптап жатқан оқытушы жоқ. Бір сөзбен айтқанда университет пен тәжірибе алаңының арасында байланыс жоқ.

- Студенттерге тәжірибеге келмес бұрын қандай талаптар қоясыз?

- Студент бірінші курсқа келді ме, теориялық база қалыптастырсын. Екінші курстың бірінші семестрінде де теорияны меңгерсін. Екінші курстың екінші семестрінен бастап, оларды практикаға жіберу керек. Мен инкубатор ашқан бірде-бір университет көрген жоқпын, неге? Мысалы, Университетте магистратура оқитын кафедра бар, шетелге шығады, бірақ ешқайсысын өздері қамтымайды. Евразиялық Университетті алайық, филология бар, туризм факультеті бар, одан басқа мамандықтар бар. Сол жерден өздері неге инкубатор ашпайды. Мысалы, маған да айтсын, басқа фирмаға айтсын, келсін бірігіп жұмыс істейік. Осы университетке мен қанша рет бардым және осы жерден бір кабинет ашайық, отырайық деп ұсыныс тастадым. Студенттер бос уақыттарында келсін, әрқайсысы жұмыс жасасын. Бонустарын алып, бір шетінен тәжірибе үйренеді. Содан кейін тәжірибеге келген магистранттарды Түркияға, Еуропаға жібереді.

- Туристік сала маманынан нені талап етесіз?

- Маған дайын туризм саласының маманы келеді. Мен оған «Не білесің?»,- деп сұрақ қоямын. Ол: «Мен брондауды, системаны қарауды, елдерді білем, мен фирмамен гид болып жүрдім» деп жауап қайтарады. Тәжірибең бар болса мен сені жұмысқа аламын. Тәжірибең жоқ па, ұсынған ақша мөлшері аз болса, онда сау бол. Ол нақты зат, бизнесте мен оған қарай алмаймын. Кісінің көңілі мен қабағына қарай берсем, мені артқа тартып кетеді. Жұмыстың барысында ең бастысы - сапалы жүйе.

- Еліміздің туристік саласын дамыту үшін не істеу керек?

- Біріншіден, туризм бағыты барлық саланы қамтиды.

Екіншіден, әр адам өзі туризм саласын ұнатуы керек. Испанияны мысалға алайықшы, үйлері қандай? Жай тұрғын өзінің үйін қызыл-жасыл түске бояп әдемілеп қояды. Ал туристер болса соны қызық көріп, естелікке суретке түсіп мәз болады. Бұның туризмге қатысы жоқ, бірақ ол өз елін сүйеді және туристер үйімнің қасына келіп суретке түссін дейді. Туризмді дамыту үшін әр адам өзінен бастауы керек.

Үшіншіден, барлығы бір-бірімен қамтыла жұмыс атқаруы керек. Мысалы, мейрамханалар, логистика, әлеумет, қоғамдық орындар, транзиттік ұйымдар. Яғни әр сала бізбен бірге жұмыс жасап қызығушылық танытса, онда әрине дамиды. Қазақстанда ішкі туризммен жұмыс істейтін 5-6 ірі компания бар. Біз Қазақстанға көптеген блогерлерді шақырамыз. Қазақ туризмді шет елге көптеген стендтарды мемлекет сатып алады, бізді де шақырады. Біз жаңа жылдың алдында Қытайға, Пекинге, Гуанджоуға, Шанхайға барып, туризм саласында істейтін компанияларды шақырып кездесу ұйымдастырдық. Мемлекет стенд, конференц залын алады, ал біз компания ретінде өзіміздің ақшамызды шығарамыз. Көбісі жеке фирманы ашу өте оңай деп ойлайды. Шын мәнінде оңай ештеңе жоқ.

Төртіншіден, жеке тұлғаларды, әлемге әйгілі азаматтарымызды туристік жобаға тартуымыз керек. Мысалы, Қазақтуризм басқармасымен бірлесіп Димаштур жасалды. Көмек ретінде жартылай күтіп алу, тамақтандыру, қаланы көрсету ретінде бірге жұмыс жасадық. Әр елден жиырмаға жуық турист келді. Америкадан, Жаңа Зеландиядан, Жапониядан, Франция айта берсең өте көп. Олар Димаш Құдайбергеновтің жанкүйері ретінде келіп, қазақ тілін үйреніп жүр. Бұлар бірден-бір Димаштың жанкүйерлері. Олар Димаш жүрген жермен жүргілері келеді.

Турист тартудың тағы бір бағыты – гастрономиялық тур.

- Бұл салада нақты айта кетер қандай мәселелер бар?

- Бірінші мәселеге тоқталсам, шет елден келетін туристердің өздері ертіп келетін гидтерге тосқауыл бола алмай отырмыз. Рас, бізде туроператорлар арасында үлкен топ бар, бір-бірімізбен араласып, ақылдасып отыратын. Соңғы кездесуімізде әңгімеміз осы Қырғызстаннан, Қытайдан келген шетелдік гидтерді қалай тоқтатамыз деген мәселе талқыладық. Өкінішке қарай, бізде мұндай мәселемен айналысатын ешқандай орган жоқ.

Екінші мәселе, ақшаның елеусіз кетіп жатқандығында. Шет елден туристерді немесе туристік компанияларды шақыруға шығын өте көп кетеді. Жеке кәсіпкерлікті дамытпайды. Тәжірибе ретінде айтатын болсам, Италиядағы блогерлерді шақырдық. Мен туроператор ретінде, көп ойланып қандай эксклюзивті тур жасаудың амалдарын қарастырдым. Содан, жаңа жылдан кейін гастрономиялық турпакет жасадым. Мақсатым – көпұлтты ел екенімізді көрсеткім келді. Жыл басынан бері тайвандықтарды шақырдық. Олар шақыруымызды қабыл алып, бір емес он компания келді. Оларды Алматыдан Abditravel компаниясы қарсы алды. Оларға он үш күн көлемінде Қазақстанды көрсеттік. Ол компаниялар, өз елдеріне барғаннан кейін Travelmarket деген журналда Қазақстан жайлы мақала шығарды.

Шетелден турпакеттер тартуға құмармыз, бірақ, басқа елдерге қарай берсек, әрине дамымаймыз. Ал отандық ұйым-мекемелер, шағын кәсіп иелері өз шаруашылығын, өз өндірісін шетелде жарнамалатуға құлықсыз. Мысалы, мен шетелден туристік топ шақырып, «осылай да, осылай жатар орнын бір күн төлеп, өз қонақ үйіңді жарнамалатып ал» немесе «бір күнгі тамағын көтеріп, өз мейрамханаңды жарнамалатып ал» т.б. деген секілді ұсыныстар жасаймын, бірақ соған көңіл аударатын кәсіпкерлер жоқтың қасы.

- Келген туристер неге қызығушылық танытады?

- Олар сокралды жерлерге, көбісі табиғатқа қызығады. Мен өз қызметкерлеріме келген туристерге бір әсер беруіміз керек деп айтамын. Менің мақсатым - әсер беру. Мысалы Астанаға келетін туристердің ішінде музейге баратындары сирек. «Өлі музейлер» дейді. Ондай экспонаттардың неше түрі өзге жерлерде де тұр. Сондықтан олар көшпенділер ұрпағы ретінде бізден сол тірліктің, көшпенді өмірдің қайнаған қазанын көргісі келеді. Түйеге жүк артып, іркіт пісіп, құрт қайнатқан қазақтарды тамашалауға құштар.

- Рахмет!

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер