BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 343.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 402.38 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.49
Астана:

Астанаға келген еуропалық велосаяхатшылар қазақтың кең даласына таңқалғандарын айтты

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Бүгін Астанаға Швейцария, Германия және Австриядан "Санкт-Петербург - Владивосток" халықаралық велосаяхатына қатысатын 22 саяхатшы келіп жетті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Веломарафон бағытының бір бөлігі Қазақстан аумағынан өтіп, еліміздің үш өңірін қамтитын болады. Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстары бойынша өтетін велосаяхаттың жалпы ұзындығы 1500 шақырымға жетеді.

Велосаяхатшылар 2018 жылдың 2 шілдесінде Қостанай облысында Қазақстан шекарасынан өтіп, 7 күн ішінде велосипедпен Қазақстанның елордасына дейін жетті.

"Біз 3300 шақырымды басып өттік. Алған әсерімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ресейді, Қазақстанды жүріп өтіп дәл қазір сәулетті Астанаға келіп отырмыз. Велоэкспедистер үшін Қазақстанның жолы өте сапалы, барлық жерде бізді тілекші адамдар күтіп алды. Тегіс емес жолдар бар болса да, жол өте жақсы. Әсіресе жүк көлігін жүргізушілер велосипедистерге жақсы қарап, әрдайым жол берді. Алда Новосибриск, Иркутск, Владивостокқа барамыз. Келесі жылы осында тағы келеміз", - деді велотурды ұйымдастыратын компания директоры Марсель Изели.

Изели бұрын велоспортпен айналысып, одан кейін велотур ұйымдастыра бастаған. Осы халықаралық велоэкспедиция сапында велоспортқа қызығатын және ұзақ қашықтықты көтере алатын әртүрлі жастағы Германия, Швейцария, Австрия елінің қатысушылары бар. Ал велосаяхаттың ең үлкен қатысушысы 75 жаста.

"Қатысушылардың көп бөлігі Швейцариядан келіп отыр. Ең алдымен бізді Қазақстанның кең жазық даласы таң қалдырды. Астанаға келгенде биік ғимараттарды көрдік. 25 жылдан бері велопортпен шұғылданамын, сол себепті мұндай экспедицияға қатысу қиындық тудырмайды. Ешқашан шығыс Еуропаға бармадым, сол үшін бұл экспедиция мені қатты қызықтырды",- деді саяхаттың ең егде қатысушысы Вальтер Глансмен.

Айта кетсек, саяхатшыларды "Астана-Бәйтерек" монументі жанында Kazakh Tourism ҰК АҚ, ҚР сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері мен бір топ журналсит күтіп алды.

Астанада саяхатшылар бір күн демалып, елордамен жақынырақ танысады. Оныншы шілдеден бастап олар өз саяхаттарын қайта жалғастырып, Қазақстан мен Ресей аумағы бойынша 10 мың шақырымнан астам жол жүріп, 8-9 қыркүйекте Владивостокта мәреге жетеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер